Enbekshi QazaQ

Жаңалықтар

Қазақстан Женевада жасанды интеллект қызметкердің болашағына қауіп емес, оның одақтасы болуы тиіс екенін мәлімдеді 30.06.2026
Женева, 2026 жылғы 8 маусым — Қазақстан Женевада өтіп жатқан Халықаралық еңбек конференциясының 114-сессиясында жасанды интеллект дәуіріндегі еңбек нарығының болашағына қатысты өз ұстанымын ұсынды.Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жаңа технологиялық шындық мемлекеттерден тек салдарға ден қоюды емес, қызметкерлерді проактивті қорғау тәсілдеріне көшуді талап ететінін атап өтті. Министрдің айтуынша, 2035 жылға қарай жасанды интеллектінің ықпалы Қазақстандағы кәсіптердің жартысына жуығын қамтиды. Бұл ретте мәселе жұмыс орындарының жойылуында емес, еңбек функцияларының трансформациясында, қызметкерлердің дағдыларын жаңартуда және жұмыс берушілердің жаңа жағдайларға бейімделуінде болып отыр.Өз сөзінде министр Қазақстан алдын ала әрекет ету қағидаты негізінде жұмыспен қамтуды болжау жүйесін, Кәсіптерді трансформациялау ұлттық орталығын және цифрлық жұмыспен қамту сервистерін дамытып жатқанын мәлімдеді. Бұл жұмыс берушілерге кадрлық қажеттіліктерді неғұрлым тиімді жоспарлауға және адами капиталды басқаруға, ал азаматтарға дербестендірілген қолдау алуға мүмкіндік береді.Конференцияға қатысу аясында министр Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбомен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен Ұйым арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін, оның ішінде Лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасын іске асыруды, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, әлеуметтік диалог, ең төменгі жалақы және әлеуметтік қорғау салаларындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ Лайықты еңбек жөніндегі жаңа елдік бағдарламаны әзірлеу перспективаларын талқылады.Қазақстанның Халықаралық еңбек конференциясының 114-сессиясына қатысуы елдің лайықты еңбек, әлеуметтік әділеттілік және жаңа технологияларды адамға бағдарланған түрде енгізу қағидаттарына бейілдігін тағы да растады.Анықтама: Халықаралық еңбек конференциясы — Халықаралық еңбек ұйымының жоғары органы. Ол жыл сайын Ұйымға мүше мемлекеттердің үкіметтері, жұмыс берушілері мен қызметкерлерінің өкілдерін біріктіреді. Конференция аясында еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау салаларындағы негізгі мәселелер талқыланып, халықаралық еңбек нормалары мен Ұйым қызметінің басымдықтарын айқындайтын шешімдер қабылданады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-geneva/press/news/details/1237366?lang=ru
Президенттің туристік саланы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру: Үкіметте жазғы туристік маусымға дайындық мәселелері қаралды 30.06.2026
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туристік саланы дамыту мәселелері қаралды. Жиында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, сондай-ақ «Kazakh Tourism Development» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев және Қарағанды, Ақмола, Маңғыстау, Жетісу облыстарының әкімдері баяндама жасады.Олжас Бектенов Президент туризм саласын және тиісті инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отырғанын баса айтып, еліміздің инвестициялық тартымдылығы үшін аталған саланың маңызды екеніне тоқталды.«Туристік саланы дамыту мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. Президент Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте туризм инвестициялық тартымдылықтың өте маңызды бөлігі екенін атап өтті. Ол үшін жұрт жаз айларында ғана емес, жыл бойы демалатындай жағдай жасап, тиісті инфрақұрылымды дамыту қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.Туризм және спорт министрлігінің мәліметі бойынша, 2025 жылы орналастыру орындары қызмет көрсеткен ішкі туристер саны 8,7 млн адамды құраған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға артық. Шетелдік келушілер саны 2024 жылмен салыстырғанда 500 мың адамға артып, 15,7 млн адамға жеткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша салаға тартылған инвестиция көлемі 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрады.Елімізде Президенттің саланы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Жедел үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Туристік нысандардағы инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласына тұрақты негізде тексерулер жүргізіліп келеді.Сонымен қатар, Премьер-министр өңірлерде оң серпін бар екенін, бірақ ол қарқынның жеткіліксіз екенін атап өтті. Мемлекет басшысы жуырда Алматы облысына барған жұмыс сапарында туристік саланың дамуын сынға алды. Президент өңірдің туристік әлеуеті мен инфрақұрылымын жедел қарқынмен дамыту қажеттігін атап өтті. Мұндай жағдай басқа облыстарда да байқалады.Сондықтан Премьер-министр барлық әкімдікке туристердің жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз етіп, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған тиісті инфрақұрылымды жедел қарқынмен дамытуды тапсырды. Туристік саланың жай-күйі әкімдердің тұрақты бақылауында болуы тиіс.Үкімет отырысында туристік ірі жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Almaty SuperSki тау шаңғысы кластерін құру жобасын жүзеге асыру барысы қаралды. «Kazakh Tourism Development» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаевтың деректері бойынша жоба аясында күніне 10 мың адамнан асатын 60 шақырым тау-шаңғы трассасы, заманауи 11 аспалы жолын, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған. Экология және табиғи ресурстар министрі Еран Нысанбаев ғалымдар және жетекші эколог мамандармен бірлесіп жан-жақты зерттеу жұмысы жүргізілгенін, оның қорытындысы бойынша жобаны жүзеге асыру қоршаған ортаға кері әсер етпейтіні анықталғанын айтты.Олжас Бектенов жобаны уақтылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Премьер-министр жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде жұртшылық арасында тұрақты негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруды тапсырды. Премьер-министр сонымен қатар әлемдік туристік индустрияның қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі ретінде экотуризмді дамыту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, жаһандық экологиялық туризм нарығы 2034 жылға қарай $660 млрд-тан асуы мүмкін. Былтыр Қазақстандағы экотуристер саны 3,6 млн адамнан асты. Бұл ретте елімізде Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, сондай-ақ Алтын-Емел, Іле-Алатауы, Бурабай, Баянауыл ұлттық табиғи парктері мен басқа да керемет табиғи байлықтарымыз бар.Олжас Бектенов бұл аумақтарды дамыту және инвесторларды тарту жұмыстары қосымша назар аударуды қажет ететінін атап өтті. Туристік әлеуетті одан әрі аша түсу үшін жаңа заманауи жобаларды жүзеге асыру қажет екені атап өтілді. Осыған байланысты Туризм және спорт, Экология және табиғи ресурстар министрліктері мен әкімдіктерге бір ай мерзімде нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.Жазғы туристік маусымға дайындық маңызды бағыт болып қала береді. Олжас Бектенов демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша алдын алу шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі негізде жүргізу және Барлық жедел әрекет ету қызметтері жоғары дайындық және мониторинг режиміне көшірілуі тиіс екенін атап өтілді. Сонымен қатар Премьер-министр туристер үшін бағыт-бағдар көрсеткіштері, демалыс аймақтарында санитариялық талаптардың сақталуы және жауапты қызметтердің жұмысын үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударды. Барлық демалыс орындарында, саябақтарда және жағажай аймақтарында әртүрлі тілдерде арнайы ақпараттық белгілер, схемалар мен бағыт-бағдар көрсеткіштері орнатылуға тиіс. Туристердің қауіпсіз әрі жайлы демалысы осы саланың негізгі стандартына айналуға тиіс.Осыған байланысты Жедел үйлестіру штабына мұны ерекше бақылауға алу тапсырылды.Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдарға бірқатар тапсырма берді.«Бірінші. Халықтың тарапынан танымал әрі шалғайдағы туристік бағыттарға көлікпен қатынаудың қиындығы туралы шағымдар келіп түсуде. Әуе және теміржол билеттерінің тапшылығы мен бағасының қолжетімділігі де алаңдаушылық туғызады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.Көлік министрлігіне әуе компанияларымен және «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, демалушылар үшін қолайлы бағамен танымал курорттық бағыттарға рейстердің және орындар санын арттыру шараларын қабылдау тапсырылды.Екінші. Экология министрлігі 10 облыста инвестициялық әлеуеті жоғары негізгі ұлттық парктерді айқындады. Сондай-ақ парктерді дамытуға мүдделі инвесторлар да бар.Барлық тиісті мемлекеттік органдарға басы артық бюрократиясыз, оларды тез арада жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды.Үшінші. Туристік маусымның нағыз қызған шағында демалушыларды орналастыру үшін орын тапшылығы қатты байқалады.Көптеген адамдар арнайы жабдықталмаған демалыс орындарын пайдалануға мәжбүр.Өңір әкімдіктері шұғыл түрде шатырлар мен автоүйлерде кемпингтік демалысқа арналған тұрақтардың немесе алаңдардың тиісті инфрақұрылымын қамтамасыз етуі қажет.«Қорытындай келе, тағы бір маңызды мәселеге назар аударамын. Туризм саласы қарқынды дамыған елдерде демалыс сапасы көбіне жайлы қонақ үйлермен немесе әралуан туристік бағыттармен, экскурсиялық бағдарламалармен ғана емес, келушілерге күнделікті қызмет көрсететін мамандардың кәсіби деңгейімен де айқындалады. Бұл жергілікті тұрғындардың қонақжайлық қасиетіне де тікелей байланысты», — деп атап өтті Премьер-министр.Осы орайда, Туризм министрлігіне әкімдіктермен және туристік компаниялармен бірге өз жұмыстарында демалушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға баса назар аудару тапсырылды. Дәл осы қызмет көрсету сапасы туристік саланың тартымдылығына және еліміздің беделіне тікелей әсер ететіні атап өтілді.Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.https://primeminister.kz/news/prezidenttin-turistik-salany-damytu-zonindegi-tapsyrmalaryn-zuzege-asyru-ukimette-zazgy-turistik-mausymga-daiyndyk-maseleleri-karaldy-31488 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1237403?lang=ru
Қазақстандағы аяқ киім таңбалауы: сапа кепілі және тұтынушыларды қорғау 30.06.2026
Қазақстанда аяқ киім тауарларын таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда. Таңбалаудың негізгі мақсаты – тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз ету, тұтынушыларды контрафактілік өнімдерден қорғау және адал бизнес үшін тең бәсекелестік жағдай қалыптастыру.Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 30 қыркүйектегі №518 бұйрығымен бекітілген Аяқ киім тауарларын таңбалау және қадағалау қағидаларына сәйкес міндетті таңбалауға жататын аяқ киім өнімдерінің әрбір жұбына бірегей DataMatrix сәйкестендіру коды беріледі. Бұл код тауардың өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап түпкі тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.Таңбалау жүйесі аяқ киім тауарларының айналымының барлық кезеңдерінде бақылауды қамтамасыз етеді. Тауарды өндіру, әкелу, сақтау, өткізу және айналымнан шығару туралы мәліметтер Тауарларды таңбалау және қадағалаудың ақпараттық жүйесінде (ТТҚ АЖ) тіркеледі. Бұл өз кезегінде заңсыз өнімдердің нарыққа түсу тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.Тұтынушылар үшін таңбалау тауардың сапасы мен түпнұсқалығын растаудың қосымша кепілі болып табылады. Арнайы қосымшалар мен тексеру құралдары арқылы азаматтар сатып алатын өнімнің заңдылығын тексеріп, тауар туралы қажетті ақпаратты ала алады.Аяқ киім тауарларының айналымына қатысушылар – өндірушілер, импорттаушылар, көтерме және бөлшек сауда субъектілері таңбалау және қадағалау жөніндегі заңнама талаптарын сақтауға міндетті. Таңбаланбаған аяқ киім өнімдерін өткізуге жол берілмейді.Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерді тауарларды таңбалау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға шақырады. Белгіленген талаптарды адал орындау заңды бизнестің дамуына, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және ел экономикасының ашықтығын арттыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1237407?lang=ru
Қазақстанда инвесторлар құқығын қорғау күшейтіледі 30.06.2026
Қазақстанда 2030 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы шеңберінде инвестициялар тарту жүйесін жетілдіру жалғасуда. Инвестиция тарту бойынша қолданыстағы барлық шара сақталады, сонымен бірге инвесторлармен жұмыс істеу тиімділігін арттыру үшін жаңа тетіктер енгізілуде. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәлімдеді.Спикер атап өткендей, әлемнің негізгі инвестициялық орталықтарында шетелдік өкілдіктер ашу есебінен инвестиция тартудың сыртқы контурын күшейту жоспарда бар. Олар инвесторлар мен әлеуеті бар жобаларды сүйемелдеу бойынша фронт-офистердің функцияларын атқарады. Сондай-ақ даму институттарын трансформациялау жүргізілуде.«Бәйтерек» холдингінің құрылымында төрт салалық инвестициялық дирекцияны қамтитын Инвестициялық қызмет құрылды. Оның міндеті – өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып, инвестициялық жобаларды сапалы дайындау және кейіннен бұл жобаларды Kazakh Invest компаниясына беру», - деп хабарлады Арман Қасенов.Бұдан бөлек, Kazakh Invest базасында «бір терезе» принципі бойынша кешенді қызметтер көрсететін инвесторларды қолдаудың бірыңғай орталығы – «Kazakhstan Investment House» құрылады.«Жаңа инвестициялық жобаларды қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, импортты алмастыру және экспорттық әлеуеті жоғары перспективалы бағыттар айқындалуда. Сондай-ақ инвесторларға нарықтар, инфрақұрылым, ресурстық база және мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат беруді көздейтін «инвестицияларға тапсырыс» тетігі жетілдіріліп жатыр», - деп толықтырды спикер.Басқа шаралардың қатарында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды өңірлік даму институттарына трансформациялау, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды жаңғырту, сондай-ақ инвестициялық қызметті одан әрі цифрландыру бар.Арман Қасенов атап өткендей, жобалардың іске асырылуын нақты уақыт режимінде қадағалауға және туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беретін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның рөлі күшейтіледі.Инвесторлардың құқықтарын қорғауды нығайту үшін Бас прокуратура жанынан дауларды сотқа дейін реттеудің арнайы алаңы құрылады. Сонымен қатар әрбір өңірде инвесторларға құқықтық қолдау көрсетуді және инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз ететін инвестициялық прокурорлар пайда болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1237418?lang=ru
Апостиль қою бойынша Мемлекеттік қызмет көрсету 30.06.2026
"Апостиль қою бойынша Мемлекеттік қызмет көрсету"Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті көрсететін мемлекеттік қызметтердің бірі "мемлекеттік кірістер органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою"болып табылады.Апостиль қою рәсімінің мақсаты Гаага Конвенциясына қатысушы елдердің аумағында әрекет етуге арналған апостиль қойылған құжаттардың түпнұсқалығы мен тиісті ресімделуіне кепілдік беру болып табылады.Мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушылар-жеке және заңды тұлғалар өтініш беруге құқылы:1. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамына қағаз түрінде,2. "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы www.egov.kz (бұдан әрі-портал),3. тікелей көрсетілетін қызметті берушіге, яғни мемлекеттік кірістер департаментіне қағаз түрінде,4. ақпараттық жүйеге "салық төлеушінің кабинеті" веб-қосымшасы (www.knp.kgd.gov.kz.), мұнда бір мезгілде мемлекеттік қызметті алуға арналған ресми құжатты беру туралы өтініште оны апостильдеу қажеттілігі туралы мәліметтер көрсетіледі.Департамент апостиль қою жөніндегі қызметке мемлекеттік баж салынатынына назар аударады: Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға апостиль қою үшін төлем әрбір құжат үшін 0,5 АЕК құрайды.2026 жылға арналған АЕК-4 325 теңге, яғни әрбір апостиль қойылған құжат үшін 2 162,5 теңге төлеу қажет.Төлеуге арналған деректемелер: -Бенефициар (төлем алушы) - Қостанай қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы, БСН 961040000576 (яғни апостиль қою бойынша қызмет көрсететін органның орналасқан жері бойынша МКБ).Бенефициар банкі-Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті.Төлемнің КБК (бюджеттік сыныптама коды) - 108126Төлем тағайындау коды – 911.Апостиль қою үшін салық төлеуші мынадай құжаттарды ұсынады:1) апостиль қоюға өтініш; Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша;2) мемлекеттік қызметті алатын адамның не оның өкілінің жеке куәлігі;3) апостиль қоюға жататын құжат;4) бюджетке мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат;5) көрсетілетін қызметті алушы-жеке тұлғаның өкілі жүгінген жағдайда нотариат куәландырған сенімхат; заңды тұлғаның атынан оның басшысының немесе оған оның құрылтай құжаттарымен уәкілеттік берілген өзге де тұлғаның қолымен берілген және заңды тұлғаның өкілі жүгінген кезде осы ұйымның мөрімен бекітілген сенімхат;Шет мемлекеттің құзыретті мекемесі не оған арнайы уәкілетті тұлға берген немесе куәландырған, оның құзыреті шегінде және белгіленген нысан бойынша шет мемлекеттің елтаңбалық мөрімен бекітілген сенімхаттар арнайы куәландыру (жария ету не апостиль қою) рәсімінен өткеннен кейін ғана (көшірмесімен сәйкестендіру үшін) қабылданады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-kostanay/press/news/details/1237427?lang=ru
Туризмді дамыту мәселелері қаралды 30.06.2026
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризмді дамыту мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейін осы және өзге де мәселелерге орай жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.Аймақ басшысы туристік аймақтарда төтенше жағдайдың алдын алу үшін құтқару топтары мен алғашқы медициналық көмек көрсету пункттерінің жұмысын ұйымдастыруды тапсырды. Демалыс орындарын қауіпсіздік нұсқаулықтарымен қамтамасыз ету, санитарлық талаптардың сақталуын қатаң бақылау, туристік аймақтарды байланыс арналарымен қамту жөнінде ұсыныстар әзірлеу керек.Қауіпсіздік шараларын кеңінен насихаттау үшін телеарналарда, әлеуметтік желілерде және интернет ресурстарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, демалыс орындары мен рұқсат етілмеген су айдындарында рейдтік іс-шараларды тұрақты өткізу маңызды.Жиында су тасқынының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар да сараланды. Өткен қыс-көктем кезеңінде облыстағы ахуал тұрақты болды. 2024 жылы өңірде 27 нысанда қорғаныс бөгеті қалпына келтірілсе, өткен жылы 13 нысан жөнделді. Қазіргі уақытта жөндеу және қалпына келтіруді қажет ететін 12 нысан анықталған.Осыған байланысты «Құмсай», «Көлтоған», «Қыраш», «Манап» су қоймаларын жөндеу, «Жиделі» су қоймасын қайта жаңғырту, Сырдария ауданындағы «Тереңөзек-Шаған» көпірі тұсындағы қорғаныс нысандарын қалпына келтіру қажет.Жауапты мамандарға «Ақшақыз» каналының су тоспасы мен қорғаныс бөгетін, «Қалғандария» учаскесіндегі су тоспасының қақпақтары мен бөгеттерін жөндеу, Сырдария өзенінің «Қорқыт Ата» учаскесіндегі қорғаныс бөгетін қалпына келтіру жүктелді.Бұдан бөлек, «Келінтөбе» магистральді каналына су жеткізетін каналға су тоспасын салу, «Рисмаш» учаскесіндегі, «Болашақ» университеті маңындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.Бүгінде облыста 6 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Өткен жылы Үкімет қаулысымен Қызылорда қаласында «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін қала және аудан әкімдеріне отандық және шетелдік инвесторларды тарту, жаңа өндірістік жобаларды орналастыру тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1237430?lang=ru
Қазақстанда инвесторларды сүйемелдеудің кешенді жүйесі жұмыс істейді 30.06.2026
Қазақстанда инвестициялық белсенділіктің артып жатыр. 2026 жылдың төрт айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,7%-ға ұлғайып, 4,9 трлн теңгеге жетті, ол экономиканың өсу қарқынынан жоғары. Бұл ретте 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны былтырмен салыстырғанда 14,4%-ға өсіп, 20,5 млрд долларды құрады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәлімдеді.Спикер халықаралық Moody’s, Standard & Poor's және Fitch рейтингтік агенттіктері Қазақстанның егеменді рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде жүйелі түрде растап отыратынын атап өтті.«Қазақстанға инвестиция тарту үшін шетелдік мекемелерді, орталық мемлекеттік органдарды және өңірлік деңгейді қамтитын инвесторларды сүйемелдеудің кешенді жүйесі қалыптастырылды. Әрбір өңірде инвестициялар тартуды қажет ететін нақты жобаларды көздейтін инвестициялық бағдарламалар әзірленді. Жобалар іріктеліп алынғаннан кейін, Қазақстанның шетелдегі өкілдіктері арқылы инвесторларды іздеу бойынша атаулы жұмыстар жүргізіледі», – деп атап өтті вице-министр.Қолайлы инвестициялық климат құру мақсатында бизнесті қорғау тетіктері іске асырылуда. Бақылаушы органдардың негізсіз араласуын шектейтін «прокурорлық фильтр» енгізілді. Басымдығы бар жобалар үшін қажетті рұқсаттар мен мемлекеттік қолдау шараларын алуды жеделдетуге мүмкіндік беретін Fast Track тетігі қолданылады.Туындаған мәселелерді жедел шешу үшін әрбір өңірде өңірлік инвестициялық штабтар жұмыс істейді, сондай-ақ Инвесторлардың проблемалық мәселелерінің бірыңғай тізілімі жасақталуда.  Компанияларды тіркеу eGov порталы арқылы онлайн-форматта қолжетімді. Инвестициялық келісімшарт жасасу аясында инвесторларға салықтық және кедендік преференциялар, инвестициялық субсидиялар, заттай гранттар және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары беріледі. Елде 18 арнайы экономикалық аймақ пен 67 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Олар инвесторларды дайын инфрақұрылыммен және бизнес жүргізуге арналған жеңілдікті шарттармен қамтамасыз етеді.«Ірі жобаларды қолдаудың негізгі құралдарының бірі – Инвестициялар туралы келісім. Бұл тетік құны кемінде 7,5 млн АЕК болатын жобаларды жүзеге асыратын инвесторларға мемлекеттік қолдау шараларының кешенін және 25 жылға дейінгі мерзімге заңнама тұрақтылығының кепілдіктерін алуға мүмкіндік береді. 2025 жылы 30 келісім,ағымдағы жылы 12 келісім жасалды. Қосымша тетік ретінде Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім қарастырылған, ол өндірістерді құру және жаңғырту бойынша ауқымды жобаларды іске асыратын ірі отандық өндірушілер үшін 10 жылға дейінгі мерзімге салық заңнамасының тұрақтылығын көздейді», –  деп толықтырды Арман Қасенов. Бөлек тоқтала кететін жайт, мұнай-газ саласы үшін күрделі жобаларға арналған арнайы фискалдық ынталандыру және дауларды халықаралық арбитражда шешу мүмкіндігін көздейтін жақсартылған модельдік келісімшарт қолданылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1237432?lang=ru
Туризм саласын дамыту мәселесі талқыланды 30.06.2026
Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, күн тәртібінде қаралған туризм саласын дамыту, балалардың судағы қауіпсіздігі және жазғы кезеңдегі азық-түлік өнімдерінің санитарлық қауіпсіздігі қаралды.Жиында облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте туризмді дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінде «Байқоңыр» ғарыш айлағы еліміздің ресми туристік картасына енгізілуі ауданның туристік әлеуетін арттыруына жаңа мүмкіндік беріп отыр. Осы бағытта:– Байқоңыр кешеніндегі тарихи әрі бірегей нысандарды тиімді пайдалану арқылы аудан экономикасын дамытуымыз қажет. Туризмді дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандырып, туристер үшін қолайлы жағдай жасау – ортақ міндетіміз, – деді аудан әкімі.Мәжілісте туристік нысандардың тазалығы мен оларға ұсынылатын қызмет сапасының мәселелері бойынша жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берілді.Күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде жазғы маусымда сатылатын жеміс-жидек, көкөніс және бақша өнімдерінің санитарлық қауіпсіздігі қаралды. Жандос Еркінбек: «тұрғындардың денсаулығын қорғау - ең басты міндеттердің бірі»,- деп атап өтіп, санитарлық талаптардың сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.Сондай-ақ балалардың рұқсат етілмеген су айдындарында шомылуының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы бағытта аудандық төтенше жағдайлар мен аудандық полиция бөліміне, білім бөліміне және кент, ауылдық округ әкімдеріне рейдтік жұмыстарды күшейтіп, қауіпсіздік шараларын тұрақты жүргізу қатаң тапсырылды.Аудан басшысы барлық жауапты бөлімдерге берілген тапсырмалардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1237435?lang=ru
«Сыр суы» филиалының директоры тағайындалды 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бұйрығымен «Сыр суы» филиалының директоры лауазымына тағайындалған Әмиша Ержан Шынтемірұлы таныстырылды.Облыс әкімі жаңа басшының қызметіне сәттілік тілеп, халықты сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етудің қажетті шараларын қабылдауды жүктеді. Өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту, ауызсу жүйелерінің жұмысын қамтамасыз етіп, су жеткізу қызметінің сапасын арттыруды тапсырды.Ержан Шынтемірұлы 1980 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Құрылыс», «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған.Еңбек жолын «СМП-Қызылорда» серіктестігінде инженер ретінде бастаған.Әр жылдары жеке секторда, мемлекеттік мекемелерде жауапты қызмет істеген.Кейінгі жылдары «Қазсушар» мекемесінің «Сыр суы» филиалы директорының орынбасары қызметін атқарып келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1237442?lang=ru
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы тағайындалды 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті. Онда Денсаулық сақтау министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Жақсылық Жанерке Алмасқызы таныстырылды.Облыс әкімі жаңа басшыға өңірде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын қатаң бақылауда ұстап, медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыруда нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды.Жанерке Жақсылық 1992 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Медицина»,«Жалпы медицина» мамандықтары бойынша білім алған.Еңбек жолын 2017 жылы Қызылорда қалалық № 3 емханасында дәрігер ретінде бастаған. Әр жылдары осы емханада бөлім меңгерушісі, аймақтық дәрігер, бас дәрігердің орынбасары болған. 2023 жылдан осы күнге дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1237447?lang=ru
🚛⚠️ «Жайсан» өткізу пунктін пайдаланушыларға маңызды ақпарат! 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша МКД «Жайсан» автомобиль өткізу пунктінде (Ресей Федерациясының Орынбор облысындағы шектес «Илецк-1» өткізу пункті) Қазақстан-Ресей шекарасы учаскесінде көлік құралдарының көптеп шоғырлануы байқалып отырғанын хабарлайды.📢 Осыған байланысты тасымалдау процесіне қатысушылармен, кеден өкілдерімен, тасымалдаушылармен және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен жоғарыда аталған өткізу пунктінде ұзақ уақыт кідірістер мен тоқтап қалуларды болдырмау мақсатында Ресей Федерациясы бағытына және/немесе оның аумағы арқылы өтетін баламалы маршруттарды таңдау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.✅ Қалыптасқан жағдай толық реттелгенге дейін Комитет балама ретінде көлік құралдарының қозғалысын «Әлімбет» өткізу пункті арқылы жүзеге асыруды ұсынады.📍 Маршруттарды жоспарлау кезінде аталған ақпаратты ескерулеріңізді сұраймыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-karaganda/press/news/details/1237454?lang=ru
Контрафактілік темекі өнімдерін өткізу фактілері анықталды 30.06.2026
Алакөл ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында кәсіпкерлік субъектілерінің бірі контрафактілік темекі өнімдерін өткізгені анықталды.Тексеру барысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сәйкестендіру құралдарымен (таңбалау кодтарымен) таңбаланбаған 1 135 қорап темекі өнімі анықталып, тәркіленді.Осы факті бойынша материалдар сот органдарына қарау және тиісті процестік шешімді қабылдау үшін жіберілді.Темекі өнімдеріне (сәйкестендіру құралдарына) салынған кодтардың түпнұсқалығын «NAQTY ONIM» мобильді қосымшасының көмегімен тексеруге болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1237487?lang=ru
ДЛЯ ЧЕГО НУЖНА МАРКИРОВКА ТОВАРОВ? 30.06.2026
ТАУАРЛАРДЫ ТАҢБАЛАУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?Өнімнің түпнұсқалығын растауТауардың қозғалысын толық қадағалауТұтынушылардың құқықтарын қорғауКөлеңкелі нарықпен күресуТаңбалау — тауарлардың қауіпсіздігі, сапасы және оларға деген сенімнің кепілі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-kostanay/press/news/details/1237498?lang=ru
Бөрлі аудандық мәслихатының тұрақты комиссия отырысы өтті 30.06.2026
2026 жылдың 8 маусым күні аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясын ашып жүргізген мәслихат депутаты Е.Мергалиев. Отырысқа аудан әкімінің орынбасары Д.Имашев, бөлім басшылары қатысты.Күн тәртібінің «Бөрлі ауданы әкімдігінің және Бөрлі аудандық мәслихатының  «Бөрлі ауданы жолаушыларының жекелеген санаттарының қала ішіндегі қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүруі туралы» бірлескен қаулы мен шешіміне өзгеріс енгізу туралы» және «Бөрлі аудандық мәслихатының «Бөрлі ауданы бойынша халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселелер бойынша тұрғын үй коммуналдық  шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Карагойшин баяндады. Депутаттар жолауышыларды тасымалдайтын тарифтер, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға жеңілдіктер бойынша сұрақтар қойып, жауаптар алды.Бөрлі аудандық округтік және учаскелік сайлау комиссиялар бойынша мәслихат аппаратының басшысы Б.Мукашева баяндады.Күн тәртібіндегі барлық мәселелер кезекті сессия отырысына енгізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/burlin-maslihat/press/news/details/1237499?lang=ru
Аудандық мәслихаттың кезекті ХХХV сессиясы 30.06.2026
2026 жылдың 8 маусым күні аудандық мәслихаттың кезекті ХХХV сессиясын мәслихат төрағасы К.Ермекбаев ашып, жүргізді. Сессияға аудан әкімі Е.Ихсанов, облыстық мәслихатының депутаты Ж.Курманкулов, аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппаратының басшысы, бөлім басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.Сессияда «2025 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы туралы» экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Шамгонова баяндады. Депутаттар аудандық, Ақсай қаласы және ауылдық округтердің 2025 жылға арналған  бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті.Сонымен қатар, Бөрлі ауданы әкімдігінің және мәслихатының «Бөрлі ауданы жолаушыларының жекелеген санаттарының қала ішіндегі қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүруі туралы» бірлескен қаулы мен шешіміне,   «Бөрлі ауданы бойынша халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізіліп, бекітілді.Бұдан бөлек, сессияда округтік және учаскелік сайлау комиссиялар бойынша мәслихат аппаратының басшысы Б.Мукашева баянады.ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 11- бабына сәйкес, мәслихаттың сессия жұмысына үзіліс жарияланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/burlin-maslihat/press/news/details/1237507?lang=ru
Бекболат Молдабеков ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Бекболат Серікұлы Молдабеков ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды. Ол бұрын атқарған қызметінен босатылды.  Бұл туралы ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі хабарлайды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1237541?lang=ru
ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗГІ САЛАЛАРЫНДА ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАНДАРДЫҢ САНЫ АРТУДА 30.06.2026
2026 жылғы I тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда экономиканың бірқатар негізгі салаларында жұмыспен қамтылғандар саны артты.Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіпте, құрылыста, білім беру саласында, сондай-ақ денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында өсім байқалды.Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі бұрынғысынша көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу саласына тиесілі. Бұл салада 1 571,4 мың адам жұмыс істейді, бұл жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 16,7% құрайды.Білім беру саласында 1 251,0 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,5% артық.Өнеркәсіп саласында жұмыскерлер саны 1 185,7 мың адамға жетіп, 2,0% артты. Оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында 298,3 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл 2025 жылғы I тоқсанмен салыстырғанда 3,4% көп.Жұмыспен қамтылғандар саны құрылыс саласында да өсіп, 643,8 мың адамды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 624,8 мың адам, ал денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында 616,7 мың адам жұмыс істейді. Көлік және қоймалау саласында 663,2 мың адам жұмыспен қамтылған.Жалпы, 2026 жылғы I тоқсанның қорытындысы бойынша халықты жұмыспен қамту құрылымы тұрақты сақталып, экономиканың негізгі салаларының басым бөлігінде жұмыспен қамтылғандар санының оң динамикасы жалғасуда.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: «ҚҰРЫЛТАЙ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПРОГРЕСТІҢ ЖЕТЕКШІ ФАКТОРЫ БОЛАДЫ ДЕП ҮМІТТЕНЕМІН 30.06.2026
Былтыр қазан айында өткен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында мен толыққанды e-Parliament жүйесін енгізу мәселесін көтерген едім.Қазақстан e-Government, яғни Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша жаһандық рейтингте әлемдегі үздік 25 елдің қатарына кірді. Енді Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет.Жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешімнің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін модельдеуге баса мән беруі керек.Маңызды заң жобаларын сарапшылармен және жауапты қоғам белсенділерімен бірге талқылаған жөн. Цифрлық құралдарды пайдалану қажет. Бұл пікірталасқа қатысушылар санын көбейтіп, мәселені нағыз қоғамдық талқыға салуға мүмкіндік береді.Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет.Бұл – азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз».Мемлекет басшысы:«Шын мәнінде, тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттары болса ғана, Озық және Әділетті мемлекет қалыптасады.Сол себепті, мен жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесін құруды ұсындым. Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді.Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады.Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың символы.Бұрын шашыраңқы болған құрылымдар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді. Демек, халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады.Елімізде жүргізілген реформалардың ең басты нәтижесі – азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы.Халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі отыз жылға жуық уақыт бойы қолданылмай келді. Тек соңғы жылдары ғана саяси тәжірибемізге енді. 2022 жылдан бері ел тағдырына әсер ететін маңызды мәселелер бойынша үш рет жалпыұлттық референдум өтті.Бұл орайда менің ұстанымым бұрынғыдай: елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс. Алайда билік нақты бастамалар көтере алады әрі солай болуы керек.Қазірдің өзінде елімізде жүзеге асырылған реформалар билік институттарының орнықты тежемелік және теңгерім жүйесін қалыптастарды, мемлекеттік басқару сапасын арттырды деп сеніммен айта аламыз.Алайда реформалардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл үшін Үкімет, заң шығарушы орган, тұтас қоғам жұмыла еңбек етуі қажет».
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІН ЖАҢҒЫРТУ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ДАМУ КЕЗЕҢІНІҢ НЕГІЗІ 30.06.2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, елдің қазіргі халықаралық жағдайдағы міндеттері, экономикалық тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және Қазақстанның жаңа даму кезеңіне өту бағыттары туралы айтты.Президент әлемдегі ахуалдың күрделеніп, тұрақсыздық деңгейінің артып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл үрдістер жаһандық экономикаға айтарлықтай әсер етіп, көптеген мемлекеттердің даму жоспарларын жүзеге асыруына қосымша қиындықтар туғызуда.Соған қарамастан, Мемлекет басшысы қиындықтарға қарамастан алға қойған мақсаттардан бас тартуға болмайтынын жеткізді. Үкіметке экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инфляцияны төмендету және экономикалық өсім қарқынын сақтау міндеті қойылды.Президент мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жұмыстары еліміз үшін жаңа тарихи кезеңнің басталуын білдіретінін атап өтті. Бұл өзгерістерді кезекті әкімшілік реформа ретінде емес, мемлекетті басқару моделін сапалы түрде жетілдіруге бағытталған ауқымды қадам ретінде бағалау қажет екенін айтты.Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін сақтай отырып, мемлекеттік институттарды одан әрі дамыту маңызды екенін атап өтті. Бұл үдеріс мемлекеттік қызметшілерді, ғалымдарды, сарапшыларды, қоғамдық ұйымдар мен халықаралық институттар өкілдерін қоса алғанда, қоғамның барлық саласының бірлескен еңбегін талап етеді.Мемлекет басшысы Қазақстанды үш жылдың ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті қойылғанын еске салды. Елдің болашағы цифрландыру үдерістерін қаншалықты тиімді жүзеге асыра алатынына байланысты екенін атап өтті.Президент басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту екенін айтты. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру үшін ел алдында тұрған ауқымды міндеттерді бірлесіп жүзеге асыру қажет екенін жеткізді.Сөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру мәселесіне ерекше тоқталды. Ол қазіргі Парламент құрамының заң шығару саласында маңызды нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтіп, депутаттардың Әділетті Қазақстан құру үдерісіне және жаңа Конституцияны әзірлеуге қосқан үлесін жоғары бағалады.Мемлекет басшысы депутаттардың конституциялық реформаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып, жаңа құқықтық жүйені қалыптастыруға үлес қосқанын айтты. Қысқа мерзім ішінде Парламент жаңа Конституция талаптарына сәйкес заңнамалық базаны жаңартып, бірқатар маңызды заңнамалық актілерді қабылдады.Президент жаңарған мемлекеттік басқару моделінің негізінде «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» қағидаты қалыптасатынын атап өтті. Бұл жүйе билік тармақтарының тиімді жұмыс істеуіне, олардың жауапкершілігі мен өзара теңгерімді әрекет етуіне бағытталған.Сонымен қатар Қазақстан президенттік республика болып қала беретінін атап өткен Мемлекет басшысы Президенттің елдің тұрақтылығының, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығының кепілі ретіндегі рөлі сақталатынын айтты.Жаңа кезеңде Құрылтайдың алдында заң шығару сапасын арттыру, бюрократиялық кедергілерді азайту, сарапшылардың әлеуетін тиімді пайдалану және заңнаманы заманауи талаптарға бейімдеу міндеттері тұр.Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде мемлекеттік институттардың жылдам өзгерістерге бейімделуі аса маңызды екенін атап өтті. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігі осы бағыттағы тиімді қадамдарға тікелей байланысты екенін жеткізді.Мемлекет басшысының айтуынша, ел дамуының жаңа кезеңінде басты басымдық – тұрақты экономика, тиімді мемлекеттік басқару, азаматтардың әл-ауқаты және тәуелсіз Қазақстанның болашағын нығайту.
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПАРЛАМЕНТ ПАЛАТАЛАРЫНЫҢ БІРЛЕСКЕН ОТЫРЫСЫНДА СӨЗ СӨЙЛЕДІ 30.06.2026
 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, еліміздің заң шығару органының отыз жылдан астам уақыттағы қызметіне, тарихи кезеңдердегі атқарған рөліне және алдағы мемлекеттік өзгерістерге тоқталды.Президент атап өткендей, бүгінгі бірлескен отырыстың тарихи мәні ерекше. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылайтын маңызды кезең. Парламенттің кезекті сессиясы аяқталып, ел мемлекеттіліктің жаңа кезеңіне қадам басып отыр.Мемлекет басшысы ертең Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енетінін атап өтіп, соған сәйкес мемлекеттік билік жүйесі де жаңа сипатқа ие болатынын айтты. Бұл өзгерістер елдегі тарихи сабақтастық пен мемлекеттіліктің үздіксіз дамуын көрсетеді.Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын құрылған тұңғыш кәсіби Парламенттің ел тарихындағы маңызды институттардың біріне айналғанын атап өтті. Жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттілікті нығайтуға, құқықтық негіздерді қалыптастыруға және нарықтық экономиканы дамытуға елеулі үлес қосты.Президенттің айтуынша, осы уақыт аралығында шамамен 3,5 мыңға жуық маңызды заң қабылданып, олардың әрбір оныншысына депутаттар бастамашы болған. Заң шығару жүйесінің қалыптасуына елімізге танымал саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері үлкен үлес қосты. Олардың еңбегі Қазақстан Парламентінің тарихында айрықша орын алады.Мемлекет басшысы Парламенттің әр кезеңде қоғам сұранысына бейімделіп, уақыт талабына сай жұмыс істегенін атап өтті. Заң шығарушы орган түрлі саланың кәсіби мамандарын біріктіріп, елде жоғары деңгейдегі парламенттік мәдениетті қалыптастырды. Бұл – Қазақстанның дамыған мемлекет ретінде қалыптасуының маңызды көрсеткіштерінің бірі.Президент қазіргі Парламент құрамының ең күрделі әрі шешуші кезеңде жұмыс атқарғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, депутаттар ел өміріндегі ауқымды өзгерістердің бастауында болып, мемлекет үшін аса маңызды реформаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысты.«Тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам маңызды заң қабылданды. Олардың қатарында еліміздің болашақ дамуына негіз болатын конституциялық заңдар мен кодекстер бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы Қазақстанды жаңғырту бағытындағы реформалар экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейінгі барлық саланы қамтығанын айтты. Осындай ауқымды өзгерістер кезеңінде жұмыс істеу үлкен жауапкершілік пен жоғары кәсіби дайындықты талап ететінін жеткізді.Президент барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына ел мүддесіне адал қызмет еткені үшін алғыс білдірді. Ол қазіргі құрамның Қазақстанның жаңа тарихындағы ең нәтижелі Парламенттердің бірі болғанын атап өтіп, депутаттардың еңбегі ел жылнамасында сақталатынын айтты.Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев уақыттың бір орында тұрмайтынын, қазіргі жылдам өзгеріп жатқан кезеңде жаңашыл әрі батыл шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, бұл – заман талабы және ел дамуының жаңа кезеңіне сай келетін міндет.Мемлекет басшысы Парламенттің тарихи жолы Қазақстанның эволюциялық дамуымен тығыз байланысты екенін айтып, алдағы өзгерістер елдің тұрақты дамуы мен мемлекеттіліктің нығаюына бағытталғанын жеткізді.