Enbekshi QazaQ

Әлем

Полиция алаяқтық қоңыраулардың алдын алды: 24 мыңнан астам sim-карта тәркіленді 15.02.2025
Sim-box жабдықтарының орналасу географиясы кеңейіп жатыр. Егер бұрын мұндай құрылғылар негізінен ірі қалаларда тәркіленсе, қазір қаскөйлер оларды тұрғындары аз аймақтарда да орналастыра бастады.Тек бір күнде Балқаш, Тараз, Екібастұз және Петропавл қалаларында киберполиция бөліністері прокуратурамен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, sim-box жабдықтарының заңсыз жұмысын әшкерелеу бойынша іс-шаралар жүргізді.Операция барысында төрт адам ұсталды, олардың екеуі көрші мемлекеттің азаматтары. Тінту кезінде алты sim-box құрылғысы, 24,5 мыңнан астам sim-карта және перифериялық жабдық тәркіленді.Ұсталғандарға интернет-алаяқтарға көмектескені үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.Sіm-box қылмыскерлерге әлемнің кез келген жерінде бола отырып, алаяқтық қоңыраулар жасауға мүмкіндік береді. Тек жабдықтың өзі сол мемлекетте орналасуы және жергілікті байланыс операторларының трафигін пайдалануы жеткілікті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/937144
«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестиваліндегі аграршылар көшесін 16 мың адам тамашалады 15.02.2025
Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамының маңыздылығын арттыру және жұмысшы мамандықтарды танымал ету мақсатында фестиваль өтуде.Фестивальдің басты нысандарының бірі – Ауыл шаруашылығы министрлігі стратегиялық серіктестермен бірлесіп ұйымдастырған аграршылар көшесі. Серіктестер қатарында «Ecoculture-Eurasia» ЖШС, «АгромашХолдинг KZ», «Евразия Агро Семей» ЖШС, Qazsut Сүт палатасы, Westfalie, Қазақстанның Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы, Қазақстан Құс өсірушілер одағы және Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті бар.Аграршылар көшесінде егіншілік, мал шаруашылығы және механизаторлар павильондары орнатылып, саланың жетістіктері көрсетілді.Келушілер заманауи аграрлық технологиялармен танысып, трактор жүргізу симуляторын сынақтан өткізіп, инновациялық сауу жабдығын көріп, жылыжай кешеніне 3D-тур жасай алады және басқа да қызықты тәжірибелерге қатыса алады.Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҰАҒББО және Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ бірлесіп «АӨК мамандары: мемлекет, бизнес және білім рөлі» тақырыбында панельдік пікірталас ұйымдастырды. Онда саланы кадрлық қамтамасыз ету мәселелері, ауыл шаруашылығының дамуындағы заманауи үрдістер, цифрлық технологиялар мен болашақ мамандарының АӨК тиімділігін арттырудағы рөлі талқыланды.Аграрлық өндірісті жедел индустрияландырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Бұл техникалық жабдықталуды арттыру, ғылыми негізделген агротехнологияларды енгізу, ғылыми қолдау мен инновациялық әзірлемелерді күшейту, сондай-ақ нақты сектордың қажеттіліктеріне сай кадр даярлау жүйесін дамыту арқылы жүзеге асуы тиіс.«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өз жұмысын жалғастырып, келушілерге болашағы зор мамандықтар мен әртүрлі саладағы, соның ішінде ауыл шаруашылығындағы заманауи технологиялар туралы көбірек білуге бірегей мүмкіндік ұсынып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/937407
Жаңа цифрлық жобалар қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттырады 15.02.2025
ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізіп, жаңа цифрлық жобалар туралы журналистердің сауалдарына жауап берді.Ол «Digital Justice» (Цифрлық әділет) бағдарламасы аясында қаржыны және уақытты үнемдейтін, қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін цифрландыру бойынша бірқатар шаралар қабылданғанын айтып өтті.Бүгінгі таңда азаматтарға құқықтық кеңес беру бойынша жасанды интеллект (ЖИ) элементтері бар чат-бот әзірленді. Қазір ZAN Komegi мобильді қосымшасы тестілеуден және қосымша тексеруден өтуде.ЖИ іске асыру мақсатында бюджет қаражатынсыз заң қызметтерін көрсету бойынша платформаларды әзірлеуге бағытталған ІТ-ұйымдардың өкілдерінен (zan bar, iprav, ҚарМУ, ҚазҰТУ, ҚазҰУ және т.б.) жұмыс тобы құрылды. Мысалы, adilet.zan, E-Zan Komegi, ΑӨΟ ААЖ және т.б. бірқатар салаларда ауқымды жұмыстар атқарылды.Жақын арада Freedom Bank-пен бірлесіп Астана және Алматы қалаларында жылжымайтын мүлікті онлайн форматта тіркеу бойынша жобаны іске қосу жоспарлануда.Сондай-ақ министрлік ағымдағы жылы құқықтық сауаттылықты және құқықтық кеңес алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында «Е-заң көмегі» мобильдік қосымшасында жасанды интеллектпен чат-ботты енгізуді жоспарлап отыр.Бұл азаматтарға 24/7 режимінде өздерін қызықтыратын құқықтық сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді.Жалпы жүргізіліп жатқан жұмыс қаржылық және уақыт шығындарын үнемдей отырып, жаңа цифрлық уақыт жағдайында адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/937277
Кёрлингтен әйелдер құрамасы Азия ойындарының жартылай финалына жолдама алды 15.02.2025
Бүгін кёрлингтен Қазақстан әйелдер құрамасы Харбиндегі қысқы Азия ойындарының топтық кезеңін аяқтады.Шешуші турда біздің спортшылар Қытайдың Гонконг командасымен ойнап, 8 эндтен кейін 6-3 есебімен басым түсті.Біздің кёрлинг шеберлеріміз матчтың орта тұсына қарай айқын басымдық көрсеріп, ұпай қорын молайтып тастады.Командамыздың құрамы - Тылсымай Аллиярова, Мерей Тастемір, Ангелина Эбауер, Екатерина Колыхалова (Регина Эбауер*).Фото: Сали САБИРОВАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/937423
Биатлон: Азиадада әйелдер құрамасы эстафетада үздік үштікте 15.02.2025
Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына тағы бір қола медаль түсті. Биатлоннан әйелдер арасындағы эстафетада (4×6 км) Ұлттық құрама мәреге үшінші жетті.Жарыс жолына шыққан Ольга Полторанина, Арина Крюкова, Дарья Климина мен Елизавета Белецкая төрттігі Қытай (алтын) мен Оңтүстік Корея спортшыларынан қалып кетті. Фото: Нұрғали ЖҰМАҒАЗЫАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/937432
Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Азиаданың финалында ойнайды 15.02.2025
Бүгін Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарында хоккейден біздің ерлер құрамамыз жартылай финалда жарыс қожайыны Қытайды тағы қапы қалдырды.Есеп: 3-1. Олег Болякин шәкірттері 2-айналымның аяғында қарсылас қақпасына 2 шайба салды. Қарсылас матчтың аяқталуына 1 минут қалғанда есепті қысқарта алды. Ал санаулы секундтар қалғанда қытайлық қақпашы қателесіп, шайба өткізіп алды.Ертеңгі финалдағы қарсылас Оңтүстік Корея немесе Жапония болмақ. Олар біраздан соң кім мықтыны анықтайды.Фото: Сали САБИРОВАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/937453
Чемпионымыз үйге оралды 15.02.2025
#Harbin2025 Азия ойындарында фристайл-акробатикадағы ерлер арасындағы синхронды секіруде алтын жеңіп алған Роман Иванов Қазақстанға оралды.Астана әуежайында оны туған-туыстары, бапкерлері мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен, қошеметпен қарсы алды.Жеңісті бірге бөліскен командаласы Шерзод Хаширбаев алдағы күндері Алматыға ұшып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/937466
Биатлон: Қазақстан ерлер құрамасы - эстафета Азия ойындарының күміс жүлдегері 15.02.2025
Санаулы сəттер бұрын Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында биатлоннан соңғы жүлде жиынтығы өз иесін тапты.Қазақстан ерлер командасы эстафетада мәреге екінші болып жетті.Жарыста Әсет Дүйсенов, Александр Мухин, Кирилл Бауэр, Владислав Киреев квартеті Жапонияға есе жіберді.Фото: Нұрғали ЖҰМАҒАЗЫАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/937472
Хоккейден әйелдер құрамасы Қытайды жеңіп, жүлдеге бір табан жақындады 15.02.2025
Бүгін шайбалы хоккейден еліміздің әйелдер командасы Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарында жарыс қожайынын ұтты.Қазақстан - Қытай, есеп: 2-1.Екінші айналымда шабуылшы Надежда Филимонова мергендік танытып, командамызға басымдық сыйлады. Ал шешуші кезеңде қарсылас таразы басын теңестіріп үлгерді. Шешуші кезеңде Александра Шегай жеңіс шайбасын торда тулатты.Енді ертең шешуші матчта Қазақстан мен Оңтүстік Корея күш сынасады. Ойын сағат 7:00-де басталады.Фото: Сали САБИРОВАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/937489
Жоғары білім беру мектебі үздік 200 қатарында: NU-де салтанатты іс-шара өтті 15.02.2025
Жоғары білім беру мектебі үздік 200 қатарында: NU-де салтанатты іс-шара өттіNazarbayev University-дің «Білім» бағыты бойынша беделді Times Higher Education рейтингінде үздік 176-200 қатарына кіруі құрметіне орай Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.Жоғары білім беру мектебінің 40 өкілі түрлі наградалармен және алғысхаттармен, соның ішінде «Ғылымның дамуына қосқан зор үлесі үшін» төсбелгісімен, «Ахмет Байтұрсынұлы» құрмет белгісімен, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы үздік жетістіктері үшін» Құрмет грамотасымен, ҚР ҒЖБМ министрінің Құрмет грамотасымен, алғысхатымен және т.б. марапатталды.NU Жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаева өз сөзінде:«Рейтингтер тек қана сандар туралы емес екенін есте сақтау керек. Олар нақты нәтижелерді көрсетеді. Атқарылып жатқан жұмыстың маңызы зор екенін – біздің зерттеулеріміз саясатты қалыптастыратынын, түлектеріміз білім беру саласында көшбасшыға айналып жатқанын және инновацияларға, инклюзия мен өзгерістерге деген адалдығымыз тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жағдайды өзгертіп жатқанын көрсетеді. GSB қуатты зерттеу орталығына, күшті зияткерлік орталыққа және біздің өңірдегі білім беруді зерттеу саласындағы жетекші институтқа айналуы тиіс», – деді.Мектеп құрылған сәттен бастап 740-тан астам маман, оның ішінде 42 PhD докторын дайындады. Олардың қатарында бүгінгі таңда қазақстандық жоғары оқу орындарын басқарып отырған SDU ректоры Әлімжан Игенбаев, Zhubanov University ректоры Лаура Қарабасова, Kozybayev University вице-ректоры Рената Әпергенова т.б. бар.ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мектептің қазақстандық білім беру жүйесін реформалаудағы рөлі туралы айтып өтті:«Педагогика – бұл тек оқыту ғана емес, сондай-ақ ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу, тұрақты даму. Әлемде дәстүрлі оқытумен ғана емес, сондай-ақ жасанды интеллектті қолдану, алгоритмдеу сияқты жаңа техникалық трендтермен байланысты ғылыми мақалалардың саны артуда. Оған қоса плагиат проблемалары бар, human-computer interaction басты мәселе болып отыр, осы тақырып бойынша тіпті елдік стратегиялар ойластырылған. Сондықтан бізге Nazarbayev University жанындағы Жоғары білім беру мектебі өте маңызды, ол ғылыми құрамды уақытылы қайта қарастырып қана қоймай, білім беру жүйесінде болып жатқан реформалар мен процестерге ғылыми қолдау көрсетеді».NU президенті доктор Вакар Ахмад Қазақстанның білім беру реформасындағы GSB-дің көшбасшылығының және жергілікті кадрлардың әлеуетін дамыту жөніндегі бастаманың маңыздылығын, профессор-оқытушылар құрамының сапасын, олардың ғылыми зерттеулері мен жарияланымдарын және білім беру жүйесін дамытудағы тиімді жобаларын атап өтті.Мектеп екі магистрлік бағдарлама бойынша мамандар даярлайды – білім беруді басқару саласындағы ғылым магистрі және көптілді білім беру саласындағы гуманитарлық ғылымдар магистрі, сондай-ақ білім беру саласындағы PhD докторларын даярлайды. Он бір жыл ішінде 27 мыңнан астам адам Жоғары білім беру мектебінің түрлі білім беру бағдарламалары бойынша білім алды.Мектеп одан әрі дамуға ниетті: академиялық бағдарламаларды жаңарту, басқа да негізгі бағыттарды қамту үшін білім беру бағдарламаларын кеңейту, басқа NU мектептерімен және танымал халықаралық мекемелермен бірлестікте білім алушыларға қос дәрежелі диплом беру, олардың зерттеулерінің тиімділігін арттыру, Мектепті Орталық Азиядағы білім беру инновацияларын зерттеу орталығы ретінде дамыту, сыртқы ынтымақтастықты кеңейту және жинақталған тәжірибелерімен бөлісу.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/937391
KAZLLM АУҚЫМДЫ ТІЛ МОДЕЛІ ӘЗІРЛЕНДІ 15.02.2025
KAZLLM АУҚЫМДЫ ТІЛ МОДЕЛІ ӘЗІРЛЕНДІМемлекет басшысының тапсырмасы аясында қазақ тіліндегі жасанды интеллектті дамытуға бағытталған KazLLM ауқымды тіл моделі әзірленді.Аталған тапсырманы жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Nazarbayev University жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI NU), ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарын тарта отырып KazLLM ұлттық тіл моделіне қажетті қазақ тілінің корпусын қамтамасыз ету жұмысын жүргізді.Аталған шара қазақ тіліндегі мәтіндік ақпаратты өңдеу, аудару, талдау және қазақ тілін заманауи технологияларға кіріктіруге қажетті тиімді шешімдер жасауға бағытталған. Жаһандану және елдің мәдени бірегейлігін сақтау жағдайында жобаның маңыздылығы тіпті артып отыр.KazLLM-ге қажетті қазақ тіліндегі корпусты әзірлеуге атсалысқан еліміздің 26 жетекші институттарының, жоғары оқу орындарының 140-тан аса ғалымдары мен қызметкерлері экономика, қаржыландыру, математика, тарих, биология, химия, медицина, технология және тағы да басқа 115 сала бойынша үлкен көлемдегі деректерді дайындаумен айналысты. Мәселен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия, этика, PR, астрономия, астрофизика, ақпараттық технология салалары бойынша деректерді дайындаумен, Математика және математикалық модельдеу институты математика саласы бойынша, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты тарих саласы бойынша, медициналық университеттер медицина саласы бойынша деректерді дайындаумен айналысты. Ғылым және жоғары білім мекемелерімен бұл ынтымақтастық модельдің сапалы әрі тиімді әзірленуін қамтамасыз ететін қазақ тіліндегі бірегей контенттің құрылуына ықпал етті.Бүгінгі күні KazLLM-нің ашық бастапқы коды бар нұсқасы https://huggingface.co/issai платформасында қолжетімді.Цифрлық инфрақұрылымның маңызды бөлігі болып табылатын аталған модель коммерциялық емес ғылыми және академиялық мақсаттарда, сондай-ақ чат-боттар, виртуалды көмекшілер, Google Translate-ке ұқсас автоматты аудармашыларды әзірлеуде қолданылатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/937206
Астанада антимикробтық препараттарға төзімділікті тежеу мәселелері талқыланды 15.02.2025
Орталық Азияда «Бір денсаулық» тұжырымдамасына негізделген пандемияға дайындық пен оған қарсы әрекет етуге бағытталған «Пандемиялармен күрес қоры (Қазақстан)» жобасы аясында, Пандемиялар қорының қаржылық қолдауымен, ФАО Қазақстан «Қазақстанда антимикробтық препараттарға төзімділікті тежеу: жетістіктер, сын-қатерлер және саларалық ынтымақтастықтың келесі қадамдары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.Іс-шараға ФАО, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, ҚР ДСМ КСЭК өкілдері мен кәсіби қауымдастық мүшелері қатарынан 30-дан астам маман қатысты. Оның басты мақсаты – ветеринария саласында антимикробтық препараттарға төзімділікті эпидемиологиялық қадағалау бойынша пилоттық бағдарламаның тұжырымдамасын әзірлеу болды.Антимикробтық препараттарға төзімділік (АПТ) – адам денсаулығы, жануарлар және азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін ең үлкен жаһандық қатерлердің бірі. Қазақстанда бұл мәселе стратегиялық маңызды деп танылған, оны 2023–2027 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында антимикробтық препараттарға төзімділікті тежеу шаралары» жол картасының қабылдануы растайды.Жоба ветеринария саласындағы эпидемиологиялық қадағалау бойынша пилоттық бағдарлама болып табылады және «Бір денсаулық» тұжырымдамасы аясында АПТ-мен күресудің кешенді тәсілін қамтамасыз етудің маңызды қадамы саналады.Талқылау барысында қатысушылар пилоттық бағдарламаны енгізу үшін басым аймақтарды іріктеу критерийлерін айқындады, оған қолданыстағы инфрақұрылым мен эпидемиологиялық жағдай ескерілді. Сондай-ақ халықаралық тәжірибе мен жергілікті ерекшеліктерге сүйене отырып, мониторингке жататын негізгі патогендер тізімі келісілді.Сонымен қатар, денсаулық сақтау секторындағы қолданыстағы эпидемиологиялық қадағалау жүйесімен пилоттық бағдарламаны ықпалдастыру механизмдері қарастырылды.«Антимикробтық препараттарға төзімділікті бақылауда саларалық өзара әрекеттестіктің маңыздылығы және ветеринария саласы мен денсаулық сақтау жүйесі арасындағы үйлестіру механизмдерін айқындау қажеттілігі өте өзекті», – деп атап өтті ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Самат Төлегенов.Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар АПТ-ны тиімді бақылау үшін саларалық ынтымақтастық пен деректер алмасудың маңыздылығын ерекше атап өтті.Жақын арада пилоттық бағдарламаның тұжырымдамасын әзірлеу аяқталып, басым назар аударуды қажет ететін патогендердің түпкілікті тізімі бекітілетін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/937194
Аэрофотогеодезия саласында мамандар даярлайтын жалғыз колледж Абай облысында жұмыс істейді 15.02.2025
Абай облысы білім басқармасының жоғары колледжі геодезия, картография және құрылыс саласында мамандар даярлайды. Бұл елдегі аэрофотогеодезияны оқытатын жалғыз мамандандырылған оқу орны. Аэрофототүсірілім және геодезиялық әдістердің көмегімен жер бедерінің карталары, цифрлық рельеф модельдері және ортофотопландар жасалады. Дрондардан, ұшақтардан және спутниктерден алынған кескіндерді өңдеу жер бетінің координаталық деректерін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Жыл сайын жастардың осы мамандыққа деген қызығушылығы артып келеді. Биылғы жылы оқуға түскендер саны 650 адамға жетті. Колледж халықаралық серіктестермен белсенді жұмыс істейді. Таяу шетелдің оқу орындарымен білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Мамандарды даярлау процесінде инновациялық технологиялар мен заманауи геодезиялық құралдар пайдаланылады. Студенттерге халықаралық деңгейдегі оқу бағдарламалары және озық жабдықтарда практикалық сабақтар ұсынылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/937255
Азаматтарды қабылдау орталығының мекенжайы ауысты 15.02.2025
2025 жылғы 25 қаңтардан бастап Азаматтарды қабылдау орталығы Семей қаласы, Абай көшесі 97 мекенжайы бойынша жаңа әкімшілік ғимаратта жұмыс істейді.Азаматтарды қабылдау орталығы келушілерге өтініштер беруге, түрлі ведомстволардың өкілдерінен кеңес алуға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жеке қабылдауға жазылуға мүмкіндік береді.Азаматтар тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар мәселелері бойынша жүгіне алады.Азаматтарға ыңғайлы болу үшін азаматтарды қабылдау орталығының залы «Қабылдау», «Күту орны», «Нәтиже», «Өзіне-өзі қызмет көрсету», «Консультация» және «Жеке қабылдау» аймақтары бойынша бөлінген. Ақпараттық жүйе базасында бірыңғай электрондық кезек енгізілді, сонымен қатар психолог, заңгер және медицина қызметкерінің кабинеттері бар.Жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма, сағат 09.00 - 18.30, түскі ас уақыты сағат 13.00-14.30.Бұдан басқа, орталық алаңында аумақтық ведомстволардың, Абай облысы және Семей қаласы әкімдігі басшылығының бекіткен кестесіне сәйкес азаматтарды жеке қабылдау өткізіледі. Кесте облыс әкімдігінің сайтында және әлеуметтік желілерде алдын ала жарияланады.(https://www.gov.kz/memleket/entities/abay?lang=kk)Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/937249
Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы тасқын суын апатсыз өткізуге дайындық бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті. 15.02.2025
Бүгінгі таңда каналдардың бас құрылыстарын жабылып, электр жабдықтары мен көтергіш механизмдерді тексерістен өтті. Су қоймаларында су деңгейіне тұрақты бақылау жүргізіледі, нысандар қардан тазартылып жатыр. Көктемде, қажет болған жағдайда, қорғаныс бөгеттерін күшейту бойынша жер жұмыстары жүргізіледі. Су тасқынына қарсы іс-шараларға арналған инертті материалдар қоры дайындалды.Ақпан айында ТЖД және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп филиалдың су шаруашылығы нысандарының су тасқынына дайындығын анықтау үшін тексеріс жүргізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/936947
Қазақстандық су саласының мамандары Францияда тағылымдамадан өтті 15.02.2025
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросында (BRGM) тағылымдамадан өтті. Тағылымдама Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің «Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару саласындағы француз тәжірибесінің құзыреттілігін дамыту және ілгерілету» жобасы аясында ұйымдастырылды.Тағылымдама барысында жерасты сулары туралы ақпаратқа, сондай-ақ су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін BDLISA дерекқорын зерттеуге баса назар аударылады.«Топырақ пен жерасты суларының ластануын анықтау әдістері мен құрылғылары» тақырыбындағы келесі тағылымдама осы жылдың 1 сәуірінде басталып, бір айға созылады.«Франциядағы тағылымдама біздің мамандарға өз білімдерін тереңдетуге және кәсіби дағдыларын кеңейтуге мүмкіндік береді. BRGM-мен ынтымақтастық Қазақстанның жерасты су ресурстарын басқаруда озық технологиялар мен тәсілдерді енгізуге ықпал етеді», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және инновация департаменті Су шаруашылығындағы адам ресурстарын дамыту басқармасының басшысы Дидар Жәнібекұлы.Еске сала кетейік, былтыр желтоқсан айында Су ресурстары және ирригация министрлігі Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросымен су ресурстары саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойған болатын. Сондай-ақ, министрлік Францияның даму агенттігімен (AFD) және BRGM-мен ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге отырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/937012
Маңғыстау облысында сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда 15.02.2025
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында су жабдықтау және су тазарту жүйелерін жаңғыртуға қатысты бірнеше нысанды аралады.Сапар аясында елді мекендерді сумен жабдықтауды жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары тексерілді.Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында тәулігіне 50 мың м³ су өндіретін «Кендерлі» курорттық аймағында тұщыландыру зауытының құрылысы жүзеге асырылуда.Жоба екі кешенге бөлінген: инженерлік инфрақұрылымның сыртқы желілері және ішкі инженерлік желілері бар тұщыландыру зауыты. Қазіргі уақытта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, тұщыландыру зауытының ғимараттары салынды. Іске қосу 2025 жылдың мамыр айында жоспарлануда, бұл Жаңаөзен қаласы мен жақын маңдағы елді мекендерді үздіксіз сумен қамтамасыз етеді.2019 жылдан бері «Каспий» тұщыландыру зауытының қуатын тәулігіне 20 мың м³-тен 40 мың м³-ке дейін ұлғайту жобасы жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта қабылдау құжаттарын рәсімдеу процесі жүріп жатыр. Зауыт қуатының артуы Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының халқына қосымша су беруге мүмкіндік береді.2023 жылдан бастап Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың м³ су өндіретін тұщыландыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жұмыстарды 2025 жылдың наурыз айында аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде.Сондай-ақ Ақтау қаласындағы №2 кәріздік тазарту құрылыстарының құрылысы (КТҚ-2) 2023 жылдан бастап жүргізілуде, қуаты тәулігіне 40 мың м³ құрайды. Темірбетон жұмыстары 95%-ға орындалды, жабдықтар нысанға жеткізілді. Жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде, жоба 2025 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі.Қуандық Қажкенов жұмыс сапары барысында жобалардың іске асырылу барысымен танысып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді, сондай-ақ барлық жұмыстарды уақытында аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Аталған жобаларды іске асыру өңірдің су жабдықтау жүйесін айтарлықтай жақсартып, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/937238
«Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы тағайындалды 15.02.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге қатысты мәжіліс өтті. Жиында су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының жаңа басшысы Зейнулла Қазтоғанов таныстырылды. Алдымен аймақ басшысы осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы қызметін атқарып келген Қайратбек Сәрсенбаевты құрметті еңбек демалысына шығуымен құттықтады.«Әріптесіміз Сырдария ауданы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық қаржы басқармасының басшысы, Шиелі, Жалағаш аудандарының әкімі, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Кәсіби біліктілігі мен азаматтық ұстанымы жас мамандарға үлгі болды. Әр шешімінде әділдік пен адалдықты алға қойып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосты. Барша Сыр жұртшылығының атынан деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз», – деді аймақ басшысы.Жиында Қайратбек Әубәкірұлы Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.Облыс әкімі Зейнулла Қазтоғановтың жаңа қызметіне сәттілік тілеп, бірқатар міндеттерді айқындады.«Жаңа басшыға Халықаралық Аралды құтқару қоры мен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының шешімдерін жүзеге асыруды, егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды, Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу бағытындағы жұмыстарды тапсырамын»,– деді Н.Нәлібаев.Зейнулла Молдағалиұлы 1972 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Қызылорда агроөнеркәсіп өндіріс инженерлері институтында инженер-мелиоратор мамандығы бойынша білім алған. 1998-1999 жылдары Су ресурстары комитеті «Арал-Сырдария» бассейндік су шаруашылығы бірлестігінің инженері, 2000-2023 жылдары Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясында түрлі қызметте болған. 2023 жылдан бастап осы күнге дейін инспекция басшысының орынбасары болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/937235
ҚАБЫЛДАУ: 170-ТЕН АСТАМ ӨТІНІШ ҚАРАЛДЫ 15.02.2025
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков басқарма басшыларымен бірге азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. 170-тен астам тұрғын өзекті мәселелерімен жүгінді. Қала басшысы мен салалық басқармалар өкілдері әрбір өтінішті зерделеп, заң аясында шешу жолдарын ұсынды.Айта кету керек, өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй және жер қатынастарына, әлеуметтік қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікке, құрылыс және денсаулық сақтау салаларына қатысты болды. Сондай-ақ, қаланы абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.Тұрғындармен тиімді байланыс орнатудың маңызды тәсілдерінің бірі - жеке қабылдау, халықтың проблемалары мен қажеттіліктерін шешуге мүмкіндік береді. Қала әкімі қабылдау қорытындысы бойынша жауаптыларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/937085
Жыл басынан бері 50 мыңға жуық адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылды 15.02.2025
2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 49,7 мың қазақстандық қатысты. 46,9 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 16,6 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Субсидияланатын жұмыс орындарына 30,3 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 1,3 мың адам, жастар практикасында 921 адам, қоғамдық жұмыстарда 25,9 мың адам, «Күміс жас» жобасы аясында 2,2 мың адам жұмыспен қамтылды.Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 8,3 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 7,6 мыңы оқуды аяқтады.Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 2,8 мың адам қамтылды, оның ішінде 1,3 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.Қызмет саласын таңдау мақсатында 31 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі (1 572 800 теңге) мөлшерде жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 9 мың грант беру көзделген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/936886