Enbekshi QazaQ

Әлем

Ұлытау облысындағы бизнес-қоғамдастықпен Салық кодексіндегі түзетулер талқыланды 15.02.2025
📌 Ұлытау облысында ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің өңірдегі бизнес-қоғамдастықпен кездесуі өтті. Жиынға 200-ден астам кәсіпкер қатысты.🔵 Кездесу барысында жергілікті кәсіпкерлер салық заңнамасына енгізілетін өзгерістерге қатысты өз пікірлерін білдірді. Бизнес-қоғамдастық атынан Ұлытау облысының Кәсіпкерлер және өнеркәсіпшілер қауымдастығының төрайымы Надежда Ким, Өңірлік кеңес мүшесі, «Жангаскинова» ЖК негізін қалаушы Шолпан Жангаскинова, Жаңаарқа ауданы мәслихатының депутаты, «Ералиев» АӨК төрағасы, «Қоғалы көл» шаруа қожалығының басшысы Жанболат Жуанышбаев және басқа да кәсіпкерлер сөз сөйледі.➡️ Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова өңірлік бизнес өкілдерімен мұндай кездесулер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жұмыс істеп жатқанын көрсететінін айтты. Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП әрбір заңнамалық бастама кәсіпкерлер мен инвесторлардың мүдделерін ескере отырып, жан-жақты талданады деп күтеді.🔵 Кездесу қорытындысы бойынша өңірлердегі бизнес өкілдерінің пікірі салық реформаларын одан әрі жетілдіру барысында міндетті түрде ескерілетіні атап өтілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau/press/news/details/937552
Атырау облысының тасқынға қарсы дайындығы 15.02.2025
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен селекторлық мәжіліс өтіп, тасқынға дайындықтың жәйі пысықталды. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов су тасқынының алдын алу мақсатында аймақта қандай жұмыс жүріп жатқанын баяндады.Өңір басшысының айтуынша, алдын ала бағалау жұмыстары бүгінгі ахуалдың былтырғы сценарий бойынша өрбіп отырғанын көрсетеді. Осы орайда бұған дейін соғылған бөгеттер реконструкцияланып, қалыпқа келтірілуде, қажетті қаржы қарастырылған. Материалдық-техникалық резервтер толық жинақтаулы.-Жол инфрақұрылымын қалыпқа келтіру аясында үкіметтік резерв қаржысы мен жергілікті бюджет есебінен 30 шақырым жол жөнделіп, 4 көпір қалыпқа келді. Бұған қоса, 13 мал өткелі салынып, бұрын су шәйіп кеткен 49 учаскеге су өткізу құбырлары қондырылды, - деді облыс басшысы.Атырау облысындағы тасқынға қарсы шаралар аясында Жылыой ауданында Жем өзені мен Құрсай арнасының түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр (95 шақырымның 80,3 шақырымы орындалды), сондай-ақ жоспарланған 61 шақырым бөгеттің 29 шақырымы соғылды. Қызылқоға ауданының 9 ауылдық округі мен 5 елді мекенінде 41,9 км бөгет нығайтылуда. Индер ауданында қолданыстағы 34,5 шақырымдық бөгеттің қорғаныстық құрылыстары күшейтілсе, Махамбетте 105 шақырым бөгет салынды. Биыл қосымша 29,9 км бөгет нығайтылып, 12,4 км жаңа бөгет тұрғызылмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/937550
Өңірдің цифрлық аспаны: дрондар құрылыс, ТКШ және Ақмола облысының табиғи ресурстарын бақылауда 15.02.2025
Ақмола облысында Мемлекет басшысының бірыңғай дрондар инфрақұрылымын енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында пилоттық жоба іске қосылды.«Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы» атты бұл жоба мемлекеттік және инфрақұрылымдық жобаларды басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Жүйе мектептер мен жолдардың құрылысын бақылауға, жылу желілерінің жай-күйін қадағалауға, жер қойнауын пайдалану саласындағы заңбұзушылықтарды анықтауға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмысының сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.Облыс әкімдігінде өткен жиында Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасы «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп жобаны облыс әкіміне таныстырды. Презентация барысында пилотсыз ұшу аппараттарын жедел бақылау мен талдау жүргізуде пайдалану мүмкіндіктері көрсетілді.Облыс әкімі бұл бастаманы қолдап, пилоттық кезең аясында дрондар Көкшетау және Қосшы қалаларында қолданылатынын атап өтті. Сонымен қатар, шалғай елді мекендерді тексеру үшін мобильді дрондар пайдаланылады.«Цифрлық технологиялар мемлекеттік басқару саласында маңызды рөл атқарады. Инновациялық шешімдер көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар ықтимал қауіп-қатерлерді азайтуға мүмкіндік береді. Ақмола облысы осындай озық жобаларды енгізуде пилоттық өңір болуға дайын», – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.Жобаның негізгі артықшылықтарының бірі – жылу желілерінің жағдайын дрон арқылы қашықтан бақылау. Бұл жылу шығындарын анықтап, оларды жою бойынша уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дрондар жер қойнауын пайдалану саласындағы заң бұзушылықтарды тіркеп, экологиялық нормалардың сақталуын қамтамасыз етеді.«Қазіргі технологияларды пайдалану әлеуметтік нысандар – мектептер мен жолдардың құрылысы барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл процестердің ашықтығын қамтамасыз етіп, тиімділігін арттырады және басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға ықпал етеді», – деп атап өтті Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Мағжан Ержан.Жобаны жүзеге асыру аясында Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Мағжан Ержан мен «Қазақтелеком» АҚ-ның цифрлық бизнес дивизионының бас директоры Абылайхан Оспанов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.Айта кетейік, цифрлық технологияларды дамыту және заманауи мониторинг құралдарын пайдалану – өңірді дамытудың басым бағыттарының бірі. Егер «Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы» пилоттық жобасы сәтті жүзеге асса, оны бүкіл облыс аумағында кеңейту жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/937160
Қазақстанда тростық тосқауылдар сынақтан өтуде 15.02.2025
Бұл Көлік министрлігі мен ғалымдардың бірлескен эксперименті.Қарағанды облысындағы республикалық маңызы бар «Астана-Карағанды» (KAZ01) тас жолының қар басу қаупі жоғары учаскелерінің бірінде жол қоршауының инновациялық түрі, яғни тростық тосқауылдардың аралық сынағы өтіп, сәтті аяқталды. Аталған сынақтар Теміртау қаласының маңында орналасқан ұзындығы 500 метрді құрайтын тәжірибелік-эксперименттік учаскеде жүргізілді. Аталған тростық жабдық Қарағанды қаласының бағытындағы жолдың бойында, нақтылап айтқанда жолақтарды бөліп тұратын белдеуде және жолдың оң жақ жиегінде орнатылды. Сынақтардың нәтижесінде бұл құрылғы ауа райының қолайсыз жағдайында (боран кезінде) жоғары тиімділікті көрсетті.Тростық қоршаулар дәстүрлі металл кедергілерден қарағанда айтарлықтай артықшылықтарға ие. Әсіресе қалың қар мен қатты жел жағдайларында өте тиімді. Олар қардың тростар арқылы еркін өтуіне мүмкіндік береді. Бұл оның бөлу жолақтары мен жолдың жиектерінде жиналуына жол бермейді. Сондай-ақ мұндай қоршаулар жолдарды механикалық тазалау шығындарын азайтуға ықпал етеді. Сөз етілген қоршау түрлері АҚШ, Жапония және Еуропада экономикалық тиімділігіне байланысты белсенді түрде қолданылады.Жоба ҚазжолҒЗИ мамандарының ғылыми-техникалық жетекшілігімен жүзеге асырылып жатыр. Олар әртүрлі ауа райы және пайдалану жағдайларында тростық қоршаулардың тиімділігіне екі жылдық мониторинг жүргізбек. Тәжірибе оң нәтиже берген жағдайда, тростық қоршаулар қар басу қаупі жоғары учаскелерде дәстүрлі металл кедергілерге балама бола алады. Аталған қоршаулар қыс мезгілінде қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етеді деп күтілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/937493
ҚР Көлік министрлігінің Қоғамдық кеңесі 2025 жылы алғашқы отырысын өткізді, онда Қоғамдық кеңестің алдағы жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды 15.02.2025
12 ақпанда Көлік министрлігінің Қоғамдық кеңесінің биылғы бірінші отырысы өтті, оның барысында 2024 жылғы жұмыс қорытындылары талқыланып, қоғамдық кеңестің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.Бекітілген жұмыс жоспары кешенді және жан-жақты, бірнеше ауқымды бағыттарды қамтиды, атап айтқанда теміржол, автомобиль тасымалы нарығын тұрақтандыру, кеме қатынасын дамыту, автомобиль жолдарын салу саласындағы проблемалар, республикалық бюджетті игеру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, 2030 жылға дейін көлік-логистикалық әлеуетті дамыту және 2029 жылға дейін теміржол көлігін дамыту тұжырымдамаларында көзделген іс-шаралар жоспарларын іске асыру жүк және жолаушылар теміржолы, авиация, автомобиль тасымалдары саласындағы бизнестің проблемалары, жұмысшы кәсіптерінің жылын өткізу барысы туралы, Теміржол көлігін реформалауды іске асыру барысы туралы, жүк теміржол тасымалдары саласындағы бәсекелестікті дамыту.2024 жылдың ішінде Кеңес заңнаманы жетілдіру, азаматтардың өтініштерін қарау және Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарымен өзара іс-қимыл бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысты.Қоғамдық кенес мүшелері бюджеттің атқарылуына үнемі талдау жүргізді, салалық форумдарға белсенді қатысты және мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта мәселесін көтерді және инклюзивті қоғамды қалыптастыру үшін жағдай жасады.Сондай-ақ, қоғамдық кенес отырысында 5 салалық комиссиясының құрамы бекітілді: Азаматтық авиация мәселелері, Т/Ж және су көлігі мәселелері, автомобиль көлігі мәселелері, автожол мәселелері, бюджет мәселелері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Комиссия.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/937580
Заңсыз смартфондарды бұғаттау: Қазақстанда IMEI верификациясы қалай өтеді? 15.02.2025
2025 жылғы 24 наурыздан бастап абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңа ережелер тек 24.03.2025 жылдан кейін елге әкелінген жаңа құрылғыларға ғана қатысты. Қазақстан аумағында бұрыннан бар және Идентификациялық кодтар дерекқорына (ИКД) енгізілген телефондар автоматты түрде «ақ тізімге» енеді және ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастырады.Бұл жаңашылдықтар тіркеу жүйесін одан әрі жақсартып, алаяқтықпен күресуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және мобильді құрылғыларды пайдалану қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.Бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 3,7 миллион қайталанған IMEI-коды бар құрылғылар тіркелген. Олардың заңсыз әкелінуі айтарлықтай экономикалық және әлеуметтік мәселе туындатады. Бұндай мобильді құрылғылар нарығы құрылғылардың заңды айналымын бақылауды қиындатып, телефон ұрлығының көбеюіне ықпал етеді және әділетсіз бәсекелестік туғызады.Осы мәселелерді шешу мақсатында жаңа ережелер енгізіліп, мобильді құрылғылар нарығының ашық әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету қарастырылған.Негізгі жаңашылдық – мобильді құрылғыларды верификациялау процедурасыЖаңа ережелерге сәйкес тіркеу кезінде арнайы жүйе келесі параметрлерді тексереді:Құрылғының IMEI-кодының түпнұсқалығыIMEI-кодтың GSMA халықаралық базасында ұрланған, бұғатталған немесе жоғалған құрылғылар тізімінде болмауыҚұрылғының Қазақстан аумағына заңды түрде әкелінгеніЕскерту: Өзгерістер тек Қазақстан аумағына жаңадан әкелінген құрылғыларға қатысты. Бұрыннан бар және ИКД базасына енгізілген мобильді телефондар автоматты түрде «ақ тізімге» енеді және ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастырады.Қандай тізімдер пайда болады?Верификация нәтижесінде мобильді құрылғылар үш санатқа бөлінеді:Ақ тізім – сәтті верификациядан өткен құрылғылар, олар ешқандай шектеусіз тіркеледі.Сұр тізім – уақытша рұқсат етілген құрылғылар. Олардың иелері 30 күн ішінде құрылғының заңды түрде әкелінгенін растауы тиіс.Қара тізім – заңсыз әкелінген, жалған немесе ұрланған құрылғылар. Олар бұғатталады.Бұл қолданушыларға қалай әсер етеді?Қазақстанда бұраннан қолданыста бар телефондар ешқандай шектеусіз жұмыс істей береді. Қосымша әрекет қажет емес.Жаңа құрылғыларды сатып алушылар 2025 жылдың 24 наурызынан кейін құрылғы сатып алмас бұрын, IMEI-кодты imei.rfs.gov.kz сайтынан тексере алады. Қазіргі уақытта сайт жаңа ережелерге сәйкес жаңартылуда.«Сұр тізімдегі» құрылғы иелері құрылғыны 30 күн бойы қолдана алады. Осы уақыт ішінде операторлар SMS хабарлама арқылы құрылғыны верификациядан өткізу қажеттілігі туралы ескертеді. Хабарламада арнайы анкетаға сілтеме беріледі, оны толтыру қажет.Шетелден әкелінген құрылғы иелері шекарадан өткен күнді көрсетуі керек.Егер пайдаланушы 30 күн ішінде верификациядан өтпесе, кез келген уақытта хабарламадағы сілтеме арқылы анкетаны толтырып, растау процесін аяқтай алады.Бұл шаралар тұтынушыларға заңды әрі сапалы құрылғыларды сатып алуына сенімділік береді. Бизнеске әділ бәсекелестік үшін ашық жағдай жасалады, ал мемлекет импортты қатаң бақылап, заңсыз телефондар санын азайтып, алаяқтық деңгейін төмендетеді.Қашан күшіне енеді?Жаңа ережелер ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң – 2025 жылғы 24 наурызда күшіне енеді.Азаматтарға уайымдауға ешқандай негіз жоқ – ресми тіркелген құрылғылардың иелеріне қосымша әрекет жасап қажет емес. Министрлік жаңа ережелерді енгізу бойынша ақпараттық жұмыстарды одан әрі жалғастырады.Дереккөз: ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми сайтыЗаңсыз смартфондарды бұғаттау: Қазақстанда IMEI верификациясы қалай өтеді?Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/937485
Алматы тау кластері: туризмді дамытудың жаңа кезеңі 15.02.2025
Алматы облысы елдегі жетекші туристік өңірлердің бірі ретінде өз позициясын нығайтуға нық қадам жасауда. 2025–2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі Кешенді жоспар аясында инфрақұрылымды жақсарту, туристік маршруттарды жаңарту және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша ауқымды өзгерістер жоспарланған. Бұл шаралар өңірдің туристік тартымдылығын арттырумен қатар, жергілікті халық үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.Түрген мен Қаскелең – отбасылық туризмнің жаңа орталықтарыКешенді жоспарды жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде Қаскелең мен Түрген шатқалдарын дамытуға басымдық берілді. Бұл көркем жерлерде заманауи демалыс аймақтары, жаяу серуендеу маршруттары және отбасылық демалысқа арналған алаңдар салынады. Осы локацияларды дамыту туристер ағынын арттырып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді.Тау аймақтарындағы байланыс пен интернетҚаскелең және Түрген шатқалдарында туристердің жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында байланыс желілері тартылмақ. Бұл тұрақты мобильді байланыс пен жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл қадам жергілікті тұрғындар мен туристік бизнес үшін аса маңызды болмақ.27 жаңа туристік маршрутАлматы облысының тау бағыттары енді қолжетімді және қауіпсіз бола түседі. Кешенді жоспар аясында жалпы ұзындығы 143 км болатын 27 жаңа маршрут жабдықталады. Әр 5 шақырым сайын арнайы демалыс аймақтары орналастырылады, бұл жаяу серуендеуді сүйетіндерге жайлы жағдай жасайды. Бұл өзгерістер өңірдің танымалдылығын арттырып, экотуризмді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.Жолдар мен инженерлік желілер – туризмнің негізіЖобаның маңызды бөлігі – 26 км-ден астам жаңа автожолдардың құрылысы және тау аймақтарына электр және су желілерін тарту. Бұл туристер үшін ыңғайлы жағдай жасап қана қоймай, бизнестің дамуына ықпал етіп, өңірдің экономикалық өсуіне серпін береді.Шаңғы курорттарын дамытуАлматы облысында танымал тау-шаңғы курорттары кеңейтілуде. Кешенді жаңғырту «Oi-Qaragai» және «Ақ-Бұлақ» курорттарын қамтиды, онда жаңа трассалар салынып, Ыстық көлі абаттандырылады және «Арша» қонақ үйі бой көтереді. Бұл шаралар өңірді жыл бойы туризм үшін тартымды етіп, туристер санын арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашады.«Oi-Qaragai» ауқымды кеңеюі«Oi-Qaragai» курорты ауқымды кеңеюді күтуде: оның аумағы 105 гектардан 1000 гектарға дейін ұлғаяды. 2028 жылға қарай курортқа келушілер саны 300 мыңнан 850 мың адамға дейін өседі деп күтілуде, ал жалпы инвестиция көлемі 83,2 млрд теңгені құрайды. Бұл жоба тау туризмін дамытудың және жаңа инвесторларды тартудың маңызды кезеңі болмақ.Тау гидтері мен экскурсоводтарды оқытуТуризм саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыру үшін кәсіби гидтер мен экскурсоводтарды даярлау бағдарламалары іске қосылады. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар сұранысқа ие мамандықтарды игеріп, қонақжайлылық индустриясында жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.Ұзақ мерзімді перспективаларКешенді жоспарды жүзеге асыру өңірдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды. Жақсартылған инфрақұрылым, туристік нысандарды жаңғырту және инвесторларды тарту жергілікті халықтың өмір сапасын арттырып, жаңа саяхатшыларды қызықтыруға мүмкіндік береді. Алматы облысы белсенді және отбасылық демалыстың орталығына айналып, туризм мен бизнесті дамыту үшін жаңа көкжиектер ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/937456
ШҚО-да ҚР Қаржы вице-министрінің қатысуымен салық реформасы талқыланды 15.02.2025
ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов өңір кәсіпкерлеріне салық реформасының негізгі жаңалықтарын мәлімдеді.Үкімет үшін салық өзгерістерін енгізудегі басты міндет - бюджет кірісі мен бизнесті қолдау арасындағы теңдікті сақтау.- ҚҚС шегін төмендету төлем жүргізушілер санын шамамен 200-300 мың субъектіге кеңейтеді. Қолданыстағы оңайлатылған декларация жүйесі жылдық кірісті 180 миллион теңгеге дейін, қызметкерлер санын 30 адамға дейін және мөлшерлемені 2%-ға дейін қарастырады. Бөлшек сауда салығы да болды. Екі режимді оңайлатылған декларацияның бірыңғай форматына біріктіру жоспарлануда, - деді Ержан Біржанов.Кәсіпкерлер ҚҚС-ты арттыру жүктемені бизнеске ғана емес, тұтынушыға да арттыратынын атап өтті. Вице-министр соңғы шешімде барлық тараптардың мүдделері ескерілетініне сендірді. Парламентте қарау үшін түзетулер пакеті енгізіледі.ШҚО әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/937559
Президент «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестиваліне барды 15.02.2025
EXPO көрме алаңында болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен кәсіптік-техникалық ұйымдардың басын қосқан «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі өтіп жатыр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылындағы» алғашқы ауқымды іс-шара.Фестиваль Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен және басқа да салалық ведомстволардың, ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындардың қолдауымен өтіп жатыр. Қалашықтағы 40 интерактивті көрмеде 200-ден астам мамандықтың қыр-сырына қанығып, экономика секторларының ерекшеліктерімен танысуға болады. Фестиваль аясында бірнеше күн бойы түрлі семинарлар, шеберлік сағаттары, инновациялық сессиялар мен жұмыс жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Алғашқы екі күнде іс-шараға 15 мыңнан астам адам келген.Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, тау-кен, металлургия, мұнай-газ, құрылыс, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салаларға маман даярлау үдерісімен танысты. Сондай-ақ Президентке еңбек нарығындағы сұранысқа және әр өңірдің ерекшелігіне қарай кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын трансформациялау мысалдары баяндалды.Президент атом электр стансасы секілді ірі жобаларды жүзеге асыру қарсаңында сапалы білім мен кәсіби дағдыны меңгерген мамандар өте қажет екенін айтты.Akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/937522
Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтарының қаласын» аралап көрген соң өңірлерден келген жастармен жүздесті. Президент кез келген еңбек қадірлі, құрметке лайық екеніне назар аударып, жастарды аянбай еңбек етуге шақырды 15.02.2025
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай туралы пікір білдіріп, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы ең басты құндылық екеніне назар аударды. – Біз «Бірлігіміз – әралуандықта» идеологиясын темірқазық етіп ұстанып отырмыз. Ұлтымыз бен наным-сеніміміз әртүрлі екеніне қарамастан, бір қоғамда тұтас халық болып өмір сүреміз. Мен баршаңызды осынау терең үдерісті толық түсінуге шақырамын. Сонда ғана табысқа жете аламыз. Қазір Украина жөнінде көп айтылып жатыр. Біз алғашқы кезден бастап осы соғысты міндетті түрде тоқтату керек, дипломатиялық келіссөздер арқылы бір мәмілеге келу қажет деп айттық. Бұл ұстанымымыз енді шындыққа айналды. Екі алпауыт ел саяси сұхбат жүргізе бастады. Бұл – жақсы үрдіс. Әрі Қазақстанға пайдасын тигізеді. Сондықтан біз мұны мейлінше қолдаймыз, – деді Президент. Akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/937531
Астанада 2500-ден астам жол жұмысшы қар күреуге жұмылдырылды 15.02.2025
Елордада таңертең бастап тоқтаусыз қар жауып тұр. Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.13 ақпан күні таңертең қар тазалау жұмысына 2 585 жол жұмысшысы және 1 245 бірлік арнайы техника шықты.13 ақпанға қараған түні елордадан қар полигондарына 25 мың текше метрден астам қар 1 946 рейспен шығарылды.Қыс мезгілінің басынан бастап қаладан 61 117 ауыр жүк рейсімен 5,6 млн текше метрден астам қар 4 шығарылды.Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/936997
Жүзуден Азия чемпионатында 5 алтын алып, елге оралған спортшыларды жанкүйерлер әуежайдан қарсы алды 15.02.2025
Астана халықаралық әуежайына Бангкок (Таиланд) қаласында өткен мектеп оқушылары арасындағы жүзуден Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері елге оралды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Спортшыларды ата-аналары, достары, жанкүйерлері мен қалалық спорт басқармасына қарасты №4 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің ұжымы зор қошеметпен күтіп алды.Бұл беделді додада елордалық спортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, үздік нәтижеге қол жеткізді. Азияның ең мықты жас жүзушілері бас қосқан жарыста ел намысын қорғаған астаналық өрендер 5 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, Қазақстанның жүзу спортындағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.«Бүгін біз мектебіміздің спортшыларын зор мақтанышпен қарсы алып отырмыз. Жүзуден Азия чемпионаты – құрлықтағы ең ірі және беделді жүзу жарыстарының бірі. Олар осы жарыста шеберліктері мен табандылығын көрсетіп, қарсыластарын лайықты жеңді. Бұл – олардың қажырлы еңбегінің және бапкерлердің кәсіби жұмысының жемісі. Әрбір медаль – орасан зор еңбектің нәтижесі, бұл біздің мектебіміз үшін де, жалпы Астана спорты үшін де үлкен жетістік», – деді №4 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Ербол Орынбайұлы.Айта кетейік, елордалық спортшылар арасында ерекше көзге түскен жүзуші – Ханзада Нұрлыбекова. Ол бірнеше қашықтықта үздік нәтиже көрсетіп, жалпы есепте 2-орынға ие болды. Жарыс барысында 259 ұпай жинап, «Үздік спортшы» кубогының иегері атанды.Айта кетейік, биылғы додаға Азияның 18 елінен 1500-ден астам спортшы қатысып, жас таланттар өзара сынға түсті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/937178
Астанада екінші ауысымдағы бастауыш сынып оқушылары онлайн оқиды 15.02.2025
Астанада екінші ауысымдағы бастауыш сынып оқушылары ауа райының нашарлауына байланысты онлайн оқиды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.«2025 жылғы 13 ақпан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты екінші ауысымның 0-4 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады», - делінген Білім басқармасының хабарламасында.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/937179
Әділет органдарының жұмысын цифрландыру: Астанада қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр 15.02.2025
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні жедел дамыту аумағына айналуы тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз» деп Үкіметке цифрландыруды толыққанды дамыту жөнінде тапсырма берді. Осы негізгі міндеттер аясында Әділет министрлігі «Digital Justice» жобалар портфелін іске асыруда. Ол азаматтардың қаржы және уақыт шығындарын үнемдей отырып, қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану шараларын қамтиды. Бұл туралы Астана қаласы Әділет департаментінің басшысы Арман Ақылбай Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.Қазіргі таңда заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі – «E-ZanKomegi» жұмыс істейді. Осы жүйе халыққа онлайн режимде білікті заң көмегін көрсетуге арналған.Бұл жүйе азаматтардың адвокаттар мен заң консультанттарының қатысуымен білікті заң көмегіне қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жеңілдетуге бағытталған.«Қазіргі уақытта операторлар тәулік бойы кеңес беретін қонсультациялық қызмет іске қосылды. Кеңес алу үшін «EGov.KZ» порталында тиісті бөлімді таңдап, қызмет көрсету үшін өтініш қалдыру қажет.Сондай-ақ, құқықтық кеңес беру мүмкіндігі «Zan Komegi» ақпараттық жүйесі арқылы қарастырылуда. Мұндай құқықтық кеңесті адвокаттар мен заң кеңесшілері ұсынады. Сонымен қатар, құқықтық кеңес беруге арналған жасанды интеллект элементтері бар чат-бот әзірленіп, «Zan Komegi» мобильді қосымшасының тәжірибелік ортасында тестілеуден өтіп жатыр», - деді Арман АқылбайЖасанды интеллектіні енгізу мақсатында министрлік IT-ұйымдармен бірлесіп жұмыс тобын құрды. Оған zan bar, iprav, ҚарМУ, ҚазҰТУ, ҚазҰУ және басқа да ұйымдар қатысуда.Астана қаласында 2023-2024 жылдары нотариусқа бармай-ақ 102 142 нотариаттық әрекет ресімделді.Енді азаматтар осы қызметтерді онлайн форматта бейнеқоңырау арқылы нотариусқа бармай-ақ ала алады.Барлық дайын құжаттар «E.Gov.kz» порталындағы «Цифрлық құжаттар» сервисінде көрсетіледі.Клиентті сәйкестендіру биометриялық құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асырылады, бұл ұқсас сыртқы белгілері бар адамдарды қате сәйкестендіру тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік берді.Ақпараттық қауіпсіздік мақсатында қосымша екі факторлы аутентификация енгізілді – SMS-код пен ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы тексеру.Әділет министрлігі Нотариаттық палата мен бірлесіп сенімхаттар, кеңестер, ерлі-зайыптылардың келісімдері және некенің жоқтығы туралы өтініштер сияқты бірқатар нотариаттық қызметтерді онлайн форматқа ауыстырды.2024 жылдың тамызында Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының Республикалық палатасымен бірлесіп «Сот орындаушысының роботы» пилоттық жобасын іске қосты.«Цифрлық сот орындаушысының» бірқатар артықшылықтары бар:- барлық әрекет автоматты түрде орындалатындықтан, жеке күзет қызметіне және оларға баруға ақы төлеу шығындарынан босатылады;- Іс жүргізу қозғалғаннан кейін 20 АЕК дейін, Робот борышкерге бірнеше арналар (1. 1414 нөмірінен СМС хабарлама, 2. EGov Mobile қосымшасындағы push-хабарлама) арқылы оңайлатылған іс жүргізу туралы егжей-тегжейлі ақпараты бар хабарлама жіберіледі.- роботтың ЖСО-дан айырмашылығы, борышкердің сомасы шегінде тек 1 банктік шотқа тыйым салады, ал ЖСО барлық шотқа тыйым салады;- азаматтарға ыңғайлы болу үшін борышты онлайн төлеу мүмкіндігі бар. Бұл барлық қамтамасыз ету шараларын тыйымды (арестерді) автоматты түрде жоюды қамтиды. Осылайша, адами фактор толығымен жойылады;- бұл жоба сот орындаушыларымен өзара байланысқа шығуды қажет етпейді. Барлық әрекет онлайн режимінде жүзеге асырылады. Іс жүргізуді тоқтату және тыйым салуларды жою үшін түбіртектер мен басқа да растайтын құжаттарды көрсету қажет емес. Атқарушылық іс жүргізу саласын цифрландырудан басқа, жоба азаматтарға жыл сайын шамамен 5 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік берді.«Бұрын берешекті уақытында өтемеген жағдайда азаматтар жеке сот орындаушысына оның қызметі үшін 25%-ға дейін ақы төлеуге мәжбүр болатын. Статистика көрсеткендей, Цифрлық сот орындаушысы іске қосылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін Астана қаласында соттардың қаулыларының негізінде 73 080 358 теңге сомасына, 1 555 оңайлатылған іс жүргізу қозғалды.Уәкілетті органдар қаулыларының негізделген 466 139 097 теңге соммасына 23 780 оңайлатылған атқарушылық іс жүргізу қозғалды. Жалпы алғанда, 539 219 455 теңге сомасына 25 335 оңайлатылған атқарушылық іс жүргізу қозғалды», - деп спикер сөзін қорытындылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/937189
Астанада боран: құтқарушылар қауіпсіздік ережесі туралы үндеу жасады 15.02.2025
Астана қаласы ТЖД «Қазгидромет» РМК деректері бойынша Астана қаласында 13 ақпанда бұрқасын болады. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күші 15-20, күндіз екпіні 23-28 м/с болуы мүмкін. Осыған байланысты елордалық ТЖД қауіпсіздік ережесі туралы үндеу жасады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана қаласы ТЖД қатты жел және бұрқасын кезінде жарақат алмау үшін азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:- Қыс мезгілінде сақтық шараларын сақтыңыз. Дауылды ескертулерді қадағалау және ауа райы нашарлаған жағдайда алыс жолға шықпау.- Жеке көлікпен жолға шықпаңыз. Егер қажет болса, қоғамдық көлікті пайдаланыңыз және маршрутыңызды алдын ала жоспарлаңыз.- Көшеде абай болыңыз. Боран мен жел көруді қиындатуы мүмкін, жолдар тайғақ болады. Жылы киім, тайғақтан қорғайтын аяқ киім киіңіз.- Жылыту жүйесін тексеріңіз. Үйіңізде жылыту дұрыс жұмыс істейтініне және отын жеткілікті екеніне көз жеткізіңіз.- Көшеде ұзақ тұрмаңыз – аяз бен жел үсік шалуға себеп болуы мүмкін.Төтенше жағдайлар кезінде «101» және «112» нөміріне хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/937283
«Қысқы Азия ойындарының деңгейі мүлдем басқаша»: елордалық спортшылар алған әсері туралы айтты 15.02.2025
Харбинде өткен Азия ойындарында ел намысын қорғаған спортшылардың алғашқы бөлігі елге оралды. Оларды жанкүйер қауым Астана халықаралық әуежайында қарсы алды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.Олардың арасында конькимен жүгіруден командалық спринт жарысынан қола жүлдегерлер Надежда Морозова мен елордалық спортшы Дарья Важенина бар.«Әлем кубоктарына қатысып жүрмін ғой. Бірақ қысқы Азия ойындарының ауқымы, ұйымдастырылу деңгейі мүлдем басқаша екен. Қолымыздан келгенше, жүлдеге таласып бақтық. Командалық сайысқа жоспар түзіп едік. Нәтижесінде үшінші орынға тұрақтадық. Қарсыластарымыз да осал емес. Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин-сун мен Қытай спортшысы Хан Мей өткен жылы ғана әлем чемпионатында күміс медаль олжалаған еді», - деді Дарья Важенина.Конькимен жүгіруден Харбин төрінде 14 жүлде сарапқа салынып, Қазақстан құрамасы 1 күміс және 1 қоланы иеленді. Қос жүлденің де ерекше маңызы бар. Себебі, Евгений Кошкин күміс жүлде алған 100 метр қашықтық пен әйелдердің командалық жарысында бұған дейін мүлдем жүлде бұйырмаған еді.«Азия ойындарына тыңғылықты дайындалдық. Қарсыластарымыз да таныс. Жеке жоспарымда 1 алтын және 1 күміс медаль алу болып еді. Алайда 3 000 метр қашықтықта 4-орын алып қалдым. 1 500 метр қашықтықта қобалжып, өзімді толық деңгейде көрсете алмадым. Салдарынан 7-орынға тұрақтадым. Қола жүлдені қанағат етуге тура келеді. Бұнымен жарыс тоқтап қалмайды. Қателіктерімді сараптап, алға қадам жасайтын боламын», - деп Надежда Морозова сөзін түйіндеді.Айта кетейік, қысқы Азия ойындары 7-14 ақпан күндері өтеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/937290
Жалақы, сыйақы, тегін түскі ас: жол тазалығына жауапты ару жұмысшыларға жасалған жағдай туралы айтты 15.02.2025
Қала тазалығын сақтап, елорданы күніне бірнеше тонна қоқыстан құтқаратын жұмысшылар қызметінің еңбегі орасан зор. Сондай жанның бірі – 34 жастағы Зарина Нұрисламова. Өз адал жұмысымен қоғамдағы көп жалқауға үлгі болған кейіпкеріміз «Астана Тазалық» ЖШС-да жол жұмысшысы болып істейді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Ақмола облысына қарасты Бірлік ауылының тумасы 10 жылдан бері бас қаланың тазалығын сақтауға еңбек сіңіріп жүр.«2015 жылдан бері осы мекемеде қызмет істеймін. Қала тұрғындары шырт ұйқыда жатқанда, яғни таңғы сағат алтыда оянып, жұмысқа асығамыз. Өйткені, жұмыс сегізде басталып кетеді. Тұрғылықты жерімізге жақын орналасқан аялдамада жұмысшыларға бөлінген арнайы автобус бізді күтеді. Кейде қоқыс тазартуға барсақ, енді келесі күні арнайы техникалармен бірге қар немесе өзге де қалдықтарды сыртқа шығаруға көмектесеміз. Кешкі бестен өте жұмысымыз біткен соң сол көлік үйге жеткізіп салады. Түскі асымыз тегін. Мысалы, бүгін қай жерде қар тазалау, мұз ою сияқты жұмыстарды істеп жүрсек, мекеме тарапынан сол жерге ыстық шай мен жейтін асымыз жеткізіледі», - дейді Зарина.Заринаның айтуынша, ауа райының қолайсыз күндері жұмыс істеген жұмысшылардың жалақысына үстемақы қосылады. Әрі ұдайы медициналық көмек көрсетіліп тұрады екен.«Жалақысы тұрақты. Арнайы жұмыс киімін, қажетті құрал-саймандарды уақытында жаңартып береді. Ауырып қалған жағдайда да сауықтыру бойынша қаржы қарастырылған. Еңбек демалысы да уақытылы, әр мемлекеттік мереке кезінде қаржылай сыйақы беріліп, балаларымызға арнайы сыйлық таратылады. Ұжымдастар болып тазалық мекемелері арасындағы әртүрлі спорттық жарыстарға да қатысып жүрміз», - дейді ол. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/937304
77,5 км веложол: елордада велоспорт қалай дамып жатыр 15.02.2025
Бүгінде елордадағы веложолдардың ұзындығы 77,5 шақырымды құрайды. Велосипед инфрақұрылымын дамыту 2018 жылы «Велосипед көлігін дамыту» жобасының бірінші кезеңін жүзеге асырумен басталды. Осы кезең аясында Орталық саябақтан басталып, Қарқаралы тас жолы бойындағы Жасыл белдеудегі қолданыстағы веложолға қосылатын 47 шақырымдық веложол салынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Сонымен қатар, «Жасыл белдеу» аумағында ұзындығы 23 км веложолы бар жол желісі құрылды.2020 жылы жаңа веложолдар салуды көздейтін «Велосипедтік көлік инфрақұрылымы» жобасы әзірленді. 2021 жылы бұл жоба аясында 7,5 шақырым веложол салынды. Олар Мұстафин көшесі, Абылай хан даңғылы, Құдайбердіұлы және Қошқарбаев көшелері, сондай-ақ жартылай Момышұлы даңғылының бойымен жүреді.Экологиялық таза көлікті қалайтын қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасап, велосипед инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Сонымен қатар, велосипедті дамыту қоршаған ортаны, ауа сапасын жақсартуға және жол кептелісін азайтуға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/937348
Өрт жүйелерін жөндеу: Астанада тілсіз жаудың алдын алу үшін қандай шаралар орындалып жатыр 15.02.2025
Астанадағы тұрғын үй иелері күрделі жөндеу бойынша мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кондоминиум нысандарының бір бөлігі ретінде өрт жүйелерін жөндей алады. Бағдарлама 7 жылдан 15 жылға дейін қаражатты қайтару шартымен пайызсыз қаржыландыруды көздеп отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.«Өркен қала» ЖШС директорының орынбасары Гүлвира Әбетованың айтуынша, күрделі жөндеу бойынша мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін осы бағдарламаның операторы – «Өркен қала» ЖШС-ға өтінім беру қажет. Тұрғындар өрт жүйесінің жай-күйін куәландыру актісін алдын ала дайындап, жұмыстарды жүргізу жобасын, шығыс пен шығындар сметасын, қызметтерді жеткізушілер және жұмыстарды қабылдау кезінде жауапты тұлғаларды бекітуі қажет.«Мемлекеттік бағдарламаға қатысу туралы мәселені тұрғындардың жалпы жиналысында бекіту қажет. Өйткені мемлекет бөлетін ақша қайтарымды. Бұл үйретте, жиналыс пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің жалпы санының жартысынан астамы болған кезде шешім қабылдауға құқылы. Шешім жиналысқа қатысушылардың жалпы санының көпшілігінің келісімімен қабылданады. Ережеге сәйкес бюджет қаражаты 7 жылдан 15 жылға дейін бөлінуі мүмкін. Әр пәтерге, тұрғын емес үй-жайға жүктелетін кондоминиум нысанының ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған шығыстар сомасы меншік иесіне тиесілі кондоминиум нысанының ортақ мүлкіндегі үлеске сәйкес есептеледі», - дейді Г.Әбетова.Сондай-ақ, ол «Өркен қала» ЖШС тұрғын үй иелеріне мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтінім беруге қажетті консультативтік және құқықтық көмек көрсетілетінін атап өтті.Өз кезегінде Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Әділ Братаев елорданың барлық көппәтерлі тұрғын үйінде жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, өртке қарсы тексерулер және басқарушы ұйымдармен профилактикалық әңгіме өткізілгенін айтты. Соның нәтижесімен жоғарыда аталған кей нысандарда өрттен қорғау жүйесінің ішінара не толық жұмыс істемейтіні анықталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/937361
Аялдаманың есік-терезесін теуіп, сындырып кеткен: Астанада кезекті вандалдар табылып, жазаланды 15.02.2025
Елордалық полицейлер бұзақылық әрекеттермен және қоғамдық тәртіпті бұзушылармен күресті жалғастыруда. Бөтеннің мүлкіне зиян келтірген вандалдардың кезекті тобы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.25 қаңтар күні сағат 22.00 шамасында тұрғын үй кешендерінің бірінде 29 жастағы ер адам тұрақ есігін әдейі бүлдіріп, ғимараттың кіреберіс есігінің жақтауын алып тастаған.1 ақпанға қараған түні 32 жастағы тұрғын мас күйінде лифтінің айнасын және ішін әдейі теуіп, зақымдаған.Ертеңінде 33 жастағы азамат мас күйінде тұрғын үй кешендерінің бірінде қоғамдық мүлікті қасақана бүлдіріп, сындырған.11 ақпанда түнгі 00:00 шамасында 31 жастағы Астана тұрғыны мас күйінде құны 25 мың теңге тұратын айнаны теуіп сындырып кеткен.Ақпанның 12-сіне қараған түні Байтұрсынов көшесіндегі екі мас ер адам автобус аялдамасын сындырып кеткен. Олар 22 және 19 жастағы жігіттер болып шықты.Бөтеннің мүлкін қасақана сындырғаны немесе бүлдіргені үшін тәртіп бұзушылар табылып, жауапкершілікке тартылды.«Тоқта, Вандал!» акциясы аясында Астанада күндіз-түні рейдтер жүргізіліп, тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті сақтау мен қала меншігіне ұқыппен қараудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Акцияның мақсаты – кез келген бұзақылық жағдайын тоқтату және тазалық пен тәртіпті сақтау.Іс-шараға волонтерлар, белсенділер, белгілі спортшылар, қоғам қайраткерлері және қала тұрғындары қатысты.Вандализмнің алдын алу жұмысы қалалық прокуратурамен және полиция бөлімімен келісе отырып, «Заң және тәртіп» аясында жүргізіліп жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/937445