Әлем
ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЫНДА МАҢЫЗДЫ ҰСЫНЫСТАР АЙТЫЛЫП, МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ 01.02.2025
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев облыс тұрғындарын жеке қабылдады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ашықтық қағидатына сәйкес өткен кездесуде тұрғындар тарапынан өзекті мәселелер қозғалды.Облыс әкімі орынбасарының қабылдауына жазылған азаматтар мәдениет үйі мен спорт кешенін салу, жастар саябағын салу және ескерткіш орнату мәселелерін көтеріп, қаржыландыру бойынша ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар айтыскер ақын Әселхан Қалыбекованың 75 жылдығына орай кеш өткізу, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мәселелерін қозғады. Кенесары ханды жас ұрпаққа дәріптеу жөнінде де ұсыныс берілді.Жалпы қабылдауға жауапты тұлғалар қатысып, өтініштердің оңтайлы шешілуі қарастырылды.«Ашық әкімдік» кеңсесіне келген азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын мұхият тыңдаған Ертай Кенжебекұлы әрбір мәселе заң аясында қаралатынын, ұсыныс пен өтініштер хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыстар жүретінін жеткізді. Сондай-ақ оларға түйткілдердің шешілу реті мен заңдылығы түсіндірілді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/926331
ТҮРКІСТАН: АЛҚА МӘЖІЛІСІНДЕ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ 01.02.2025
Түркістанда Облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібінде 2024-2025 оқу жылының ІІ жартыжылдығын қортындыланып, атқарылған жұмыстар жайы баяндалды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында республика көлемінде 1300 мектепті жаңғыртудан өткізу туралы тапсырма берген болатын. Мектептерді жаңғырту жобасына облыстан 115 мектеп тізімі жасақталып, облыс әкімімен бекітілді.Тапсырмаға сәйкес 2025-2027 жылдары 115 мектептің ғимараттарына күрделі жөндеу, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге және асхана бөлмесін, кітапхана бөлмесін, спортзал бөлмесін жабдықтау, қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету, кабинеттерді жиhазбен қамту, мектептерді оқу кабинетімен жабдықтау жоспары талқыланды.Маңызды жиынға білім саласының өкілдері, жауапты басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, колледж директорлары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев сала басшыларының есептерін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.– Мемлекет тарапынан білім саласына үлкен қолдау көрсетілуде. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы осы саладағы жұмыстарды жүйелеп, маңызды істерді жалғастыруды тапсырды. Былтыр өңірде білім инфрақұрылымын жақсарту бағытында қарқынды жұмыс атқарылды. Бірқатар өзекті мәселе шешілді. Былтыр 50 мектептің құрылысы қолға алынып, оның 26-сы тапсырылды. Ұстаздарымыздың біліктілігін көтеру бағытында да тиісті жұмыстар жүруде. Былтыр білім саласындағы жемқорлық деректері мен басқа да келеңсіздіктерді жою мақсатында тексеру жұмыстары жүрді. Біз білім сапасын жақсарту жолындағы жұмысты тоқтатпаймыз. Бүгінгі алқа отырысында саладағы өзекті мәселелер айқындалып, шешу жолдары ұсынылды. Осы бағытта бәріміз бірлесе жұмыс атқаруымыз керек, – деген Бейсенбай Тәжібаев «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясындағы жобалар мен жұмыстарды сапалы атқаруды тапсырды.Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов салада атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен бірге спикерлер білім беру нысандарының құрылысы жайында сөз қозғап, мекемелерді табиғи газға ауыстыру жағдайын түсіндірді. Сондай-ақ балалар лагерін жаңғырту, жазғы демалысты сапалы атқару жайы да сөз болды.Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – білім сапасын жақсарту. Алқалы отырыста ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы сараланып, әр ауданның білім беру ұйымдарының оқу деңгейі талданды. Сонымен бірге техникалық және кәсіптік білім беру саласында жаңа мамандықтар ашу мәселесі де айтылды. Ұсыныстар мен тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, алқа қаулысы қабылданды.Өңірдегі балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өткізу жұмысы жалғасады. Балабақшаларға мониторинг жасалады. Облыс әкімінің Қаулысымен Түркістан облысы білім басқармасының «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» коммуналдық мекемесі құрылды.Түркістан облысындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Мониторинг нәтижелері бірқатар маңызды мәселелерді анықтады. Бұл мәселелер студенттердің білім сапасын қамтамасыз ету, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру және материалдық-техникалық базаны жақсарту қажеттігін көрсетеді. Жиын барысында бұл түйткілдер де тарқатылды.Күн тәртібіндегі Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы баяндалды. Есеп үшін емес, қоғамға пайдасы бар жобаларды жүзеге асыру міндеті жүктелді. 2024 жылдың 6 желтоқсанында облыс әкімінің бекіткен өңірлік жоспары аясында 60 шара қамтылды. Казіргі таңда бұл жоспар толықтырылуда. Өңірде жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру бағытында жұмыстар бастады.Айта кетейік, Түркістан облысында 1084 орта білім беру мекемесінде 554 654 оқушы білім алуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасымен тозығы жеткен білім ұяларын реттеу және қалпына келтіру, жаңарту жұмыстары атқарылуда.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/926372
«ALSERA KZ» ЖШС ҚАЗАҚСТАНДА ҚУАТТЫЛЫҒЫ ЖЫЛЫНА 155 МЫҢ ТОННА ҚЫЗАНАҚ ӨСІРЕТІН ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІН САЛУДЫ БАСТАДЫ 01.02.2025
Астанада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Аlarko Holding» компаниясы өкілдері, Шымкент қаласының әкімдігі арасында «Alsera KZ» ЖШС-мен инвестиция тарту туралы келісімге қол қойылды. Бұл «Қазақстанда жылыжай кешенін салу және пайдалану» жобасы аясында жүзеге асып отыр.Келіссөздерге сондай-ақ Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің және «Қазақ Инвест» ҰК өкілдері қатысты.«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Түркия Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешендегі негізгі серіктестерінің бірі болып табылады. Бүгінге дейін өнімді қайта өңдеу және озық технологияларды енгізу бойынша бірқатар ірі бірлескен жобалар іске асырылды. Түрік компаниялары астық өңдеуге, ет-сүт өнеркәсібіне, жылыжай шаруашылығын дамытуға және суару жүйесіне белсенді инвестиция салуда.«Alsera KZ» компаниясымен инвестициялық келісімге қол қойдық. Келісімде көзделген ұзақмерзімді міндеттемелер жобаның 25 жылға тұрақтылығын қамтамасыз етеді», – деп атап өтті ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.Түрік инвесторымен, «Alarko Holding» бас компаниясымен бірлескен жұмысты ҚР АШМ 2023 жылғы тамызда өзара Ынтымақтастық туралы Меморандумға және Жол картасына қол қоюмен бастаған еді. Сондай-ақ, Шымкент қаласының әкімдігі мен компания арасында меморандумға қол қойылды.Келісімшарт Шымкентте жылыжай кешенін салу және пайдалану жөніндегі жобаны іске асыруда өзара іс-қимылды көздейді.Кешен жылына 155 мың тонна қызанақ өсіруге қауқарлы. Жобаны іске асыру екі кезеңнен тұрады және жоспар бойынша 2028 жылы пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, 5000-ға дейін жұмыс орны құрылады.Жобаның жалпы құны 650 млн АҚШ долларын құрайды. Қаржы 100 пайыз шетелдік инвестор есебінен.Мемлекет тарапынан салықтық преференциялар мен қажетті инфрақұрылымды дамыту арқылы инвесторларға жан-жақты қолдау шаралары қарастырылады.Сондай-ақ, министр жобаның әлеуметтік бағытын атап өтті. Инвестор әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды, балалар алаңдарын, балабақшаларды салуды, аумақтарды көгалдандыруды бастауды жоспарлап отыр.«Бұл жоба тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болады. Сонымен қатар АӨК-ке одан әрі инвестиция тарту үшін жаңа көкжиектер ашуға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық – тәжірибе алмасу, технологиялар мен аграрлық саладағы тауар айналымын ұлғайтуға жол ашады. Бірлескен күш-жігер екі елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететініне сенім мол», – деп атап өтті министр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/926408
ШЫМКЕНТТЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ IV ОТЫРЫСЫ ӨТТІ 01.02.2025
Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссияның IV отырысы өтті. Комиссия отырысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары, Комиссияның тең төрағасы Жақып Қажманұлы Асанов, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты төрағасының орынбасары, Комиссияның тең төрағасы Содик Солихұлы Сафоев, Қазақстан мен Өзбекстан Республикаларының депутаттары, министрліктің өкілдері қатысты.Комиссия жұмысын ашқан Жақып Қажманұлы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен тату көршілікке негізделген байланыс сындарлы және сенімді диалог құруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Қазіргі таңда екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын, оған комиссияның қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ, комиссия отырысында 2023 жылы басталған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының жұмысы, екі ел тарапынан салынып жатқан индустриялды аймақтарға инвесторлар тарту мәселесі де қаралды.Бұдан өзге, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі 2025-2026 жылдарға арналған Жол картасының жобасы, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 5-ші отырысында қаралатын мәселелер жан-жақты қаралып, талқыланды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/926409
Мемлекет басшысы «Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды 01.02.2025
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/926358
Консультативтік миссия шеңберінде Азия даму банкінің өкілдерімен кездесу 01.02.2025
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Ошурбаев Азия даму банкінің (АДБ) Қазақстандағы консультациялық миссиясы шеңберінде АДБ өкілдерімен кездесу өткізді.Кездесу барысында «мұздықтардан фермаларға» (G2F) жобасы аясындағы ынтымақтастықтың негізгі аспектілері талқыланды.Естеріңізге сала кетейік, СОР29-да Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Азия Даму Банкі, Жасыл климаттық қоры, мұздықтар және трансшекаралық ынтымақтастық жөніндегі әріптестік туралы Декларацияға қол қойды.Мәселен, 2025 жылғы 30-31 қаңтарда Астана қаласында қаржыландыру тетіктерін, басым инвестицияларды іріктеу критерийлерін және табиғи ресурстарды басқарудың инновациялық тәсілдерін енгізуді талқылауға арналған семинар өтеді. Мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми топтардың және басқа да мүдделі тараптардың өкілдері қатысады деп күтілуде.Семинар қатысушыларға тәжірибе алмасу, инновациялық шешімдерді талқылау және экологиялық тұрақтылықты жақсартуға бағытталған бірлескен іс-қимылдарды әзірлеу үшін платформа ұсынады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/926191
Қазақстан мен Жапония арасындағы JCM бірлескен комитетінің бірінші отырысы 01.02.2025
Бүгін Қазақстан мен Жапония арасындағы JCM (Joint Crediting Mechanism) Бірлескен комитетінің бірінші отырысы өтті. Бұл тарихи оқиға климаттың өзгеруіне қарсы екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезең болып отыр.Отырысқа Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі Ерлан Нысанбаев, сондай-ақ Жапонияның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ясумаса Ииджима және ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев қатысты.Кредиттеудің бірлескен механизмі (JCM) Париж келісімінің 6-бабында қарастырылған құрал болып табылады, ол көміртегі ізін азайтуға және озық технологиялармен алмасу және бірлескен жобалар арқылы тұрақты дамуға ықпал етуге бағытталған.2023 жылы Қазақстан мен Жапония JCM бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды, ол қазақстандық кәсіпорындарда инвестициялар тарту және заманауи жапон технологияларын енгізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.Отырыста JCM іске асыруға дайындықтың негізгі нәтижелері ұсынылды, соның ішінде:• JCM Бірлескен комитетінің тең төрағаларын бекіту,• ережелер мен нұсқаулықтарды бекіту,• JCM Бірлескен комитетінің хатшылығы мен бақылаушыларын бекіту.Қатысушылар сонымен қатар парниктік газдар шығарындыларын азайту саласындағы перспективті жобаларды, сондай-ақ JCM механизмі шеңберінде көміртегі кредиттерін беру тәртібін талқылады.Бірлескен комитет одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге және жобаларды іске асыруға дайын екендігін растады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/926218
Олжас Бектенов: Үкіметтің басым бағыттары – сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту 01.02.2025
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысына 2024 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері жөнінде баяндады.Премьер-министр Президентке Қазақстан экономикасының өсу қарқыны туралы мәлімдеді. Өткен жылы аталған көрсеткіш 4,8%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында – 13,7%, құрылыста – 13,1%, саудада – 9,1%, көлікте – 8,5% жоғары серпінге қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9%-ға артты. Бұл ретте аграрлық сектор мен өңдеуші салада соңғы 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді.Сонымен қатар мұнай өндіру көлемі 2,4 млн тоннаға төмендеп, Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына кері әсерін тигізді. Бұл көбіне еліміздің ОПЕК+ шеңберіндегі міндеттемелеріне және ірі кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты болды.Салалар бойынша экономиканың өсуінің статистикалық көрсеткіштерінің артында нақты нәтижелер жатыр. Мәселен, Қазақстанда 29 ірі зауыт салынды, олардың қатарында Қостанай облысында шойын құю; Алматы облысында вольфрам және жылу оқшаулағыш материалдар өндіретін, Шымкентте бағалы металдарды өңдеу; Қарағанды облысында катодты мыс, автокөлік шиналары мен тұрмыстық техника шығаратын және басқа да кәсіпорындар бар. Саран қаласында заманауи өндірістердің іске қосылуы оның моноқалалар санатынан шығуына мүмкіндік берді.Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 2024 жылы 26 млн тоннадан астам астық және 3 млн тоннадан астам майлы дақылдар жинады. 4 млн тонна астық экспортқа жөнелтілді. Егіншілер толық көлемде суармалы сумен қамтамасыз етілді. Бұл ретте Арал теңізіне 2 млрд 600 млн м3 су жіберілді, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден едәуір жоғары. Жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын 80 су арнасын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Су үнемдеу технологияларымен қамтылған егіс алқабы 1,5 есе артып, 470 мың гектарды құрады.Құрылыс саласында да нақты нәтижелер бар. Атап айтқанда, алғаш рет елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 397 денсаулық сақтау нысаны, 298 білім беру нысаны бой көтерді. 11 мың орынға арналған 40 студенттік жатақхана пайдалануға берілді. 12 мың шақырым автомобиль жолдары және 2,8 мың шақырым теміржол жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында 3 жаңа терминал пайдалануға берілді. Жалпы, өткен жылы жүк тасымалдау көлемі 10%-ға өсіп, шамамен 1 млрд тоннаға жетті.Тұрғын үй-коммуналдық секторға ерекше көңіл бөлінді. Өткен жылы қосымша 300 мыңнан астам адам газбен қамтылып, 200 мыңнан астам адам орталық су жүйесіне қосылды. 542 шақырым жылу желілері мен 55 жылу көзі жаңғыртылып, 6,5 мың шақырым инженерлік желілер жөнделді. Жалпы қуаты 700 МВт-тан асатын қосымша электр қуатын өндіру көздері іске қосылды.Инвестициялық штабта жалпы құны $50 млрд болатын 115 жоба бойынша түткілді мәселелер тез арада шешімін тапты. Бюрократиялық мәселелерге қарамастан, еліміз үшін қажетті жобаларды дер кезінде бастауға мүмкіндік беретін шешімдер қабылдануда. Инвест штаб іскерлік ахуалды жақсарту үшін нақты кейстер негізінде заңнамалық өзгерістерді әзірлейді. Қазіргі уақытта 97 түзету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.Жалпы, өңірлер бойынша өткен жылдың қорытындысына сәйкес, ең жоғары экономикалық өсім Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында тіркелді. Негізгі көрсеткіштердің төмен динамикасы Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында қалыптасты.«Үкімет Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасында, жолдауларында және басқа да бағдарламалық құжаттарда белгіленген стратегиялық міндеттерді іске асыруды жалғастыруда. Сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту, біздің басымдықтарымыз болып қала береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.primeminister.kz Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/925927
Ауа райының қолайсыз болған жағдайында Қарағанды – Астана тас жолындағы жылдамдық сағатына 60 шақырымға дейін төмендетіледі 01.02.2025
Қарағанды – Астана автомагистралінде, басқа да республикалық жылдам жүретін жолдардағыдай, қолайсыз ауа райы жағдайларында рұқсат етілген жылдамдықты өзгертетін жол белгілері орнатылады. Жаңа ережеге сәйкес, көріну нашарлаған немесе көктайғақ болған жағдайда жүргізушілер жылдамдықты сағатына 60 шақырымға дейін төмендетуге міндетті.Бұл шара жол-көлік оқиғаларының қауіп-қатерін азайтуға және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.– Қолайсыз ауа райы жағдайында республикалық маңыздағы жолдарда ерекше жылдамдық режимі енгізіледі, – деп атап өтті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары подполковник Елжас Жартыбаев – Жылдамдықты шектеу бұзушылықтарын тіркеу үшін жылдамдық режимі мен орташа жылдамдықты бақылау камераларымен біріктірілетін болады.Әдеттегі жағдайда ауа райы жақсы болған кезде трассадағы ең жоғары жылдамдық бұрынғысынша қалады – 140 шм/сағ.Орташа жылдамдыққа келер болсақ, полиция департаменті оның жүріп өткен жолды уақыт аралығына бөлу арқылы есептелетінін түсіндірді. Жолдың тік сызықты учаскелерінде бұл көрсеткіштің артуы автоматты тіркеу жүйелерімен тіркелетін болады. Қазір олар тестілік режимде республиканың 13 автожолына орнатылған. Ереже бұзғаны үшін айыппұл 5-тен 40 АЕК-ке дейін шамасында болады.Әзірге өңірде мұндай бұзушылықтар тіркелмеген, себебі қажетті жабдықтар әлі орнатылмаған.Заңнамадағы өзгерістер туралы тағы не білу керектігі туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Әуесқойлар үшін әкімшілік жауапкершіліктің саралануы өзгерді.– ӘҚБтК-нің 592-бабы 3-1 және 5-тармақтармен толықтырылды, – деп нақтылады Елжас Жартыбаев. – Егер бұрын жылдамдықты арттырудың ең жоғары шамасы 40 шм/сағ және одан жоғары болып, ол үшін бір ғана айыппұл болса, енді жылдамдықты 40–60 шм/сағ диапазонында арттырған жүргізуші 20 АЕК (78 640 теңге) төлейді. Ал сағатына 60 шақырымнан асқаны үшін заңда 40 АЕК (157 280 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Осы мөлшерден қайта асып кеткен жағдайда айыппұл 60 АЕК (235 920 теңге) дейін өседі.Бұл жаңалық қала сыртындағы жолдарда әрбір үшінші адам жылдамдықты арттыру салдарынан қаза болатын ЖКО талдауын ескере отырып енгізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/926028
Қарағанды облысында қыста балықтарды құтқару жұмыстары жалғасуда 01.02.2025
Абай ауданындағы Саран су қоймасында балықтардың қырылуына қарсы іс-шаралар өткізілді: шұңқырлар бұрғыланды, қамыс байлаулары қойылды және су қоймасына оттегінің өтуіне арналған сорғыларды пайдалана отырып, су аэрациясы жүргізілді. Жұмысқа 20-дан астам адам қатысты, сондай-ақ бес бірлік техника тартылды.Қыста мұз бен қардың қалың қабатынан суға оттегі мен жарық жеткіліксіз мөлшерде түседі, сондықтан балықтың қырылу қаупі жоғары. Оның алдын алу үшін Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесе отырып, балықты құтқару жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде.Балықтың қырылуына қарсы іс-шаралар наурыздың соңына дейін өңірдің басқа да су қоймаларында жалғасады.Қарағанды облысында барлығы 179 жергілікті және екі республикалық су қоймасы бар. Оның ішінде 104 су қоймасы табиғат пайдаланушыларға бекітілген, олар өз бетінше профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Қалған 75 су қоймасы резервтік қорға кіреді, оларға басқарма мамандары мен балық шаруашылығы инспекторлары қамқорлық жасайды.Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ақпараты бойынша Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/926104
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді 01.02.2025
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.Мемлекет басшысы жиын барысында Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, цифрлық технологияны жан-жақты енгізу, энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру, салық-бюджет саясатын реформалау, маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту жөніндегі нақты міндеттер мен жоспарларға тоқталды.Президенттің пікірінше, алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек.– Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек. Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Жиында Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздің өткен кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Үкіметтің биылға арналған жоспарлары туралы баяндады. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің фискалдық жүйесін, яғни салық және бюджет саласын реформалауға қатысты ұстанымдарды таныстырды. Ақша-несие саясатына қатысты мәселелер бойынша Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов сөз сөйледі. «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қордың қызметі туралы есеп берді.Бұдан бөлек, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады.akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/926210
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі 01.02.2025
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/926224
Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды 01.02.2025
Қасым-Жомарт Тоқаев:«Бүгін біз Үкіметтің кеңейтілген отырысында өте өзекті мәселелерге тоқталамыз. Себеп – бәрімізге белгілі. Қазір дүние жүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық.Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор.Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз. Осы жұмыстың нәтижесі былтыр қандай болды? Негізгі міндеттер орындалды ма? Бүгін осы сұрақтарға тоқталамыз және жақын арада шешімін табуға тиіс өзекті мәселелерді талқылаймыз».Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/925941
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан 01.02.2025
Президент:«Сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп.Қазіргі таңдағы басты мәселе мынадай. Әлем экономикасында болып жатқан тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестер қалыпты жағдайға айналды. Бұл үдерістің салдары жойқын болуы мүмкін.Климатқа байланысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда «жасыл энергетиканы» дамыту тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көздеріне деген сұраныс сақталады. Екінші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздығына әкеп соқтырады.Қаржы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтер кеңінен қолданыла бастады. Жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы дамыған алып елдер арасында бәсеке қыза түспек. Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек» Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/925954
Президент: Қазақстан арқылы өтетін темір жол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажет 01.02.2025
Президент:«Енді көлік-логистика инфрақұрылымына тоқталайық. Транзит – жүк тасымалына қатысты халықаралық бәсекедегі біздің орасан зор артықшылығымыз. Мұны толықтай әрі тиімді пайдалануымыз керек.Қазақстан арқылы өтетін темір жол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажет. Бұл жоба Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ. Осы бағыттағы маңызды жобалардың біразы қазір жүзеге асырылып жатыр. Алдын ала қамданып, жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беру керек.«Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек.«Алтынкөл – Жетіген» темір жолын да кеңейту қажет. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады. Бұдан бөлек, темір жол тасымалын цифрландыру жобаларын уақтылы аяқтау маңызды. Мультимодальды көлік тораптарын дамытуға баса мән берген жөн. Сол арқылы тасымалдың барлық түрін өзара кіріктіруге мүмкіндік туады. Биыл және келесі жылы осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуға тиіс»Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/926039
Астанада арнайы компанияда жұмысшы мамандардың жұмыс киімі әзірленеді 01.02.2025
Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» етіп жариялады. Елордада осы бағытта түрлі шаруалар жүзеге асып келеді. Мәселен, Астана қаласы маңындағы №1 Индустриялық паркте орналасқан тігін өндірісімен айналысатын «ASTANA Ютария LTD» серіктестігі бар, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Тігін компаниясы бір жылда әр мамандыққа арналған 200 мың дана киім өндіруге қауқарлы.«Кеңсеге арналған классикалық үлгімен қатар, «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай өндірістегі басшылық құрамның және жұмысшылардың жұмыс киімін тігеміз. Нақтырақ айтқанда, шахтер, мұнай-газ бен теміржол саласындағы жолсерік азаматтардың және дәнекерлеушілерге арналған арнайы топтамаларымыз бар. Бұлардың кейбірінде жаздық және қыстық үлгідегі нұсқасы қатар дайындалады», - деді компаниядағы өндіріс бөлімінің басшысы Дінайша Бектібаева.«Индустриялық парк – өз өнімдерін шығаруға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, қаланың дамуына жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін елорданың басты өндірістік алаңы. №1 Индустриялық парктің өнеркәсіптік нысандарының инвестициялық портфелі шамамен 121 жобаны қамтиды. Оның ішінде 67 жоба толыққанды жұмыс істеп,5 347-ден астам жұмыс орны ашылды», - дейді бас директордың технология және әзірлеме жөніндегі орынбасары Гүлнар Игембаева. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/925597
Астанада 2 600-ден астам жол жұмысшы мен 1600-ден астам арнайы техника қар күреуге жұмылдырылды 01.02.2025
Елордада қар тазалау жұмысы жалғасып жатыр. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.28 қаңтар күні таңертең елордада қар тазалауға 2 603 жол жұмысшысы мен 1 647 арнайы техника жұмылдырылды.28 қаңтарға қараған түні коммуналдық қызметтер қаладан 50 мың текше метрге жуық қарды 3 809 ауыр жүк рейсімен шығарды.Қыс мезгілі басталғаннан бері қаладан полигондарға 4,18 млн текше метрден астам қар 329 238 ауыр жүк рейсімен шығарылды.Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/925637
Елордалық жастар жеңілдетілген шарттармен баспана сатып ала алады 01.02.2025
Астанада бүгінде сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйде тұрып жатқан жұмысшы жастар «Елорда жастары» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.Осы жаңашылдық аясында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйде тұратын жастар үшін жас шектеулері мен мамандыққа қойылатын талаптар алынып тасталды, одан жалға алушылар жалдау мерзімі, яғни 5 жыл өткеннен кейін шығарылады.«Қазір олар үшін басты шарт – төлем қабілеттілігін банк арқылы растау. Егер табыс жеткіліксіз болса, бірлескен қарыз алушыларды тарта аласыз. Жұмыс істейтін жастар санатындағы негізгі жұмыс берушінің тұрақты табысы болмаған жағдайда (мысалы, декреттік демалыста немесе жұмыссыз болса), несие алуға өтініш беруге жұбайының қатысуы (болған жағдайда) рұқсат етіледі», - деп хабарлайды Астана тұрғын үй орталығы.23 қаңтардан бастап елордалық Тұрғын үй орталығында «Отбасы Банкі» АҚ қызметкерлері сатып алу құқығынсыз тұрғын үйді жалға алу шарты 2025 жылдың наурыз айында аяқталатын жастарға кеңес беріп, төлем қабілеттілігін алдын ала тексеруде. Осы санаттағы жастарға арналған бағдарламаны іске асыру және «Елорда жастары» бағдарламасы аясында несиелеуді одан әрі рәсімдеу Астана қаласының Тұрғын үй орталығында және «Отбасы Банкі» АҚ филиалдарында осы жылдың ақпан айының бірінші онкүндігінде жүзеге асырылады.Елорда тұрғындары арасында басқа санаттар үшін қызмет саласына қарай «Елорда жастары» бағдарламасының талаптары өзгеріссіз қалады. Бағдарламаға Астанадағы мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдардың жас қызметкерлері тартылады.«Елорда жастары» бағдарламасы бойынша жастарға баспана алу үшін жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріледі. Несие сомасы жинақтау мерзіміне қарамастан тұрғын үйдің нарықтық құнының 10% мөлшерінде бастапқы жарнаны жинақтау шартымен 18 млн теңгеге дейін. Несие мерзімі – 19 жылға дейін. Жастар пәтерді бастапқы және нарықтан сатып ала алады.Биыл «Елорда жастары» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасына жалға беру шарттары 2025 жылы бітетін азаматтар жіберіледі. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/925827
Елордада Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті 01.02.2025
Елордада Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.Бұл – Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралардың бастауы. Алдымен қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, соңыра әскерилер мен жиналған жұртшылық сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.Іс-шараға қатысқан генерал-майор Алсай Жұманов жеңіске жетуге жауынгерлермен қатар бүкіл халық жұмылып, көмек көрсеткенін атап өтті.«Бүгінгі жиын Жеңістің 80 жылдығына және Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына байланысты өтіп отыр. Мұндай іс-шаралар келер ұрпақты батырларымызды құрметтеуге үйрету мен тарихымызды ұмытпауына ықпал етеді деп ойлаймын», - деді Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықов. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/925900
«Таза Қазақстан»: елордада қарт кісілердің ауласының қарын күреу акциясы өтті 01.02.2025
Елордада қыстыгүні қар мол жауады. Мұндай күндері жер үйде тұратын қарт кісілерге қиын. Оларға көмектесу үшін Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Сарайшық ауданы әкімдігімен бірлесіп, «Таза Қазақстан» акциясы аясында зейнеткерлердің ауласының қарын күреу шарасын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Іс-шараны ұйымдастырушылар Сарайшық ауданының қарт тұрғындарын аралап, аулаларының қарын күреді.«Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шарбақты көшесінің бойындағы аулаларды қардан күреу арқылы қарттарға көмек көрсетілді. Басқа бөлімшелердегі әріптестерімізді акцияға қосылып, қарт азаматтарға қолдау көрсетуге шақырамын», - деді №23 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Манас Қадырбаев.Аудан тұрғыны қар күреуге көмектескен қызметкерлерге алғыс білдірді. Қар күреу қарт кісілер үшін оңай шаруа емес, сондықтан мұндай көмекке үнемі қуанып қалады.Естеріңізге сала кетейік, Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экоакциясы өтіп жатыр. Жастардың, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері, мәдениет және спорт қайраткерлері ауа райының қолайсыз кезінде мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, ыстық шай мен бауырсақ таратып, қар күрейді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/925901