Enbekshi QazaQ

Әлем

Тұрақты даму перспективалары және ЭЫДҰ SIPA бағдарламасының қорытындылары СИМ-де талқылау тақырыбына айналды 17.12.2024
2024 жылғы 12 желтоқсанда Астанада Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың төрағалығымен Қазақстандағы «Азиядағы тұрақты инфрақұрылым» (SIPA) бағдарламасы шеңберінде қорытынды шығаруға және одан әрі қадамдарды жоспарлауға арналған кездесу өтті. Іс-шара Қазақстан мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) арасындағы тұрақты даму саласындағы табысты ынтымақтастықты растады.Талқылауға Орталық Азия бойынша Германияның Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты қорғау, ядролық қауіпсіздік және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Федералды министрлігінің (BMUV) өкілдері Юрген Кейнхорст пен Ивонна Линденлауб; SIPAбағдарламасының жетекшісі Пелин Атамер және ЭЫДҰ-ның бағдарлама аға менеджері (Nexus) Мэтью Гриффитс; сондай-ақ «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директорыныңбірінші орынбасары Нұрлан Құлбатыров қатысты.Бірінші вице-министр Айжан Бижанова өз сөзінде SIPAбағдарламасының қол жеткізілген нәтижелері Германия Федеративтік Республикасы Үкіметінің қолдауының арқасында мүмкін болғанын және оның тұрақты даму қағидаттарына бейілділігін атап өтті. Ол ЭЫДҰ-ның SIPA жобасын тиімді үйлестіргені үшін ризашылығын білдірді және Сауда және интеграция министрлігінің сауданы декарбонизациялауға, экспортты әртараптандыруға және қазақстандық кәсіпорындарды тұрақты және төмен көміртекті жаһандық қосылған құн тізбегіне біріктіруге бағытталған бастамаларға белсенді қатысуына назар аударды.Соңғы уақытта Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сыртқы сауда теңгерімінің оң динамикасы байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 41,5 млрд АҚШ долларына жетті, өсім 3,5%-ды құрады. Ал биыл 10 айда өсу қарқыны 21%-ды (41,2 млрд) құрады. Сонымен қатар, шикізат пен шикізат емес тауарлардың экспорты артып келе жатқаны қуантады. 15 негізгі сауда серіктестерінің жартысы ЕО елдеріне тиесілі. Бұл Италия, Германия, Франция, Нидерланды және т. б.Германиямен тауар айналымы айтарлықтай өсті. Өңделген тауарлар бойынша Германия біздің 5 негізгі сауда серіктестеріміздің қатарына кіреді.Еуропалық серіктестермен экономикалық байланыстарды нығайту үшін елеулі перспективалар ашатын Орта дәлізді дамытуғаерекше назар аударылды. Қыркүйек айында Федералдық канцлердің Қазақстанға сапары барысында басталған ең маңызды шикізат материалдарын дамыту саласындағы Германия Федеративтік Республикасымен серіктестік алға жасалған маңызды қадам деп танылды.Кездесу барысында сондай-ақ болат пен алюминий өндірісін қоса алғанда, Қазақстанның негізгі экспорттық салалары үшін сын-қатержәне мүмкіндік болып табылатын Еуропалық Одақтың Шекаралық түзету көміртегі механизмін (CBAM) іске асыру қарастырылды. Қазақстан бұл сын-қатерді шешуге өзінің бейілділігін және оны экономиканың климаттық мақсаттарға сәйкес келетін тұрақты даму жолына көшуі үшін пайдалану ниетін растады.Сауда және интеграция министрлігі экспорттаушылармен, әсіресе Шекаралық түзету көміртегі механизмін енгізу контекстінде белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырады, бірақ бұл экономикалық орындылықты ескере отырып, теңдестірілуі керек.Батыстық серіктестер тарапынан жасыл технологияларға көшетін өнеркәсіптік топтарымыз үшін жеңілдікті несиелеу немесе өзге де ынталандырушы бағдарламалар бойынша ұсыныстар күтеміз.Бірінші вице-министр Айжан Бижанова ЭЫДҰ-на «QazTrade» АҚ-мен бірлесіп әзірленген өнеркәсіптік экспорттаушылар үшін үздік тәжірибелер мен халықаралық тәжірибе бойынша нұсқаулық үшін алғысын білдірді.Ол сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігі «QazTrade» АҚ-мен бірлесіп ұйымдастырған Бакудегі жаһандық қосылған құн тізбегін декарбонизациялауға арналған COP29 параллель іс-шарасына ЭЫДҰ мен SIPA бағдарламасының қатысуын атап өтті және ЭЫДҰ-ның осы бағыттағы қолдауын жоғары бағалады.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасының экономикасын тұрақты дамыту және декарбонизациялау саласындағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты. Анықтамалық ақпарат:«Азиядағы ақты инфрақұрылым» (SIPA) бағдарламасы Париж Келісімінің мақсаттарына және Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетін энергетикалық, көліктік және өнеркәсіптік инфрақұрылымға инвестицияларды қамтамасыз етуде Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін қолдауға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/903201
Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісімен сауда-экономикалық даму мәселелері талқыланды 17.12.2024
2024 жылдың 13 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алешка Симкичпен кездесті.Кездесу барысында тараптар өзара көпжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады: сауда және инвестиция, техникалық реттеу, сертификаттау, әйелдердің бизнестегі рөлі, Қазақстан-ЕО Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің (КӘЫК) сауда бөлігіне қатысты жобалар, Ready4Trade Central Asia жобасының жүзеге асырылуы және басқа да мәселелер.Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруға және жаңа жобалар арқылы өңірлік және халықаралық сауданы дамытуға келісті.Сонымен қатар, 2024 жылдың 9 сәуірде Брюссель қаласында өткен Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда формасындағы 7-ші ынтымақтастық комитетінің отырысының сәтті өткенін айтылды.Оcы кездесуде Қазақстан-ЕО ынтымақтастық комитетінің сауда формасындағы 8-ші отырысын 2025 жылдың бірінші жартысында өткізу туралы келісімге келді.А. Симкич сондай-ақ қазақстандық тарапқа «KROHNE SA» тексеру (калибрлеу) және сынақ зертханасын салу және шығын өлшеуіштер мен деңгей өлшеуіштерді өндіру жөніндегі бірлескен инвестициялық жобаны іске асыруға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.Айта кетейік, Еуропалық Одақ тарихи тұрғыдан Қазақстанның негізгі инвестициялық және сауда серіктесі болып табылады. Бүгінде Еуропалық Одақтың үлесіне тартылған инвестициялардың 40%-дан астамы және сыртқы сауданың шамамен 30%-ы тиесілі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/903220
Қазақстанның орта держава ретіндегі рөлі беделді конференцияның басты назарында 17.12.2024
Абу-Даби, 2024 жылғы 16 желтоқсан – Қазақстанның халықаралық мәселелерді шешуге қосқан үлесі және елдің өсіп келе жатқан орта держава ретіндегі жаңа рөлі 13-15 желтоқсанда Абу-Дабидегі Француз халықаралық қатынастар институты (IFRI) ұйымдастырған 17-ші жыл сайынғы World Policy Conference конференциясындағы пікірталастардың назарында болды.Тьерри де Монбриаль, Еуропаның жетекші ғылыми орталықтарының бірі IFRI негізін қалаушысы және тұрақты Президенті, конференция сессиясын «көп векторлы сыртқы саясаттар?», халықаралық қоғамдастықтың жауапты серіктесі ретінде елге танылуға лайық Қазақстанның дипломатиялық бағыты осылай сипатталатынын ерекше атап өтті. Бұл ретте, көрнекті француз ғалымының пікірінше, Қазақстан «сыртқы саясаттағы осындай тәсілдерді патенттеп қана қоймай», соңғы жылдары орта держава ретінде түрлі халықаралық сын-қатерлерді шешуде белсенді қатысушы бола бастады.Демек, Т. де Монбриаль атап өткендей «Қазақстанның сыртқы саясаты неден негізделеді, ол олардың арасындағы шиеленістің күрт артқан дәуірінде әртүрлі геосаяси күш орталықтарымен оң қарым-қатынасты қалай сақтай алады және біздің еліміз жаңа мәртебеде, әсіресе қақтығыстарды реттеу мәселелерінде не істей алады?» – деген сұрақтар орынды.Одан кейінгі пікірталас барысында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко еліміздің сыртқы саясатының теңгерімділігі мен прагматизмін түсіндіру ретінде киіз үйдің үлгісін келтірді. «Қазақтардың дәстүрлі үйінде бұрыштар жоқ. Тиісінше, бір немесе басқа жағын қабылдау, бокс рингіндегідей бір немесе басқа бұрышты таңдау қажеттілігі біздің менталитетімізге қайшы келеді».«Қазақстанда елдердің блоктарға бөлінуі қабылданбайды. Егер мемлекеттер қандай да бір тарапты иеленуі керек болса, онда бәсекелестіктен гөрі ынтымақтастықты таңдау керек; оқшауланудан гөрі өзара әрекеттесу; заңсыздықтан гөрі құқықтың үстемдігі; өзара ерекшелік пен нөлдік нәтиже беретін ойындардан гөрі өзара пайда мен жалпыға бірдей ұтыс тұжырымдамасы (win-win)». Дипломат атап өткендей, осы тәсілдің арқасында Қазақстан барлық серіктестермен өзара сыйластық пен өзара тиімді байланыс орнатты және әлемнің ешбір елімен шиеленісті қарым-қатынастары жоқ.Халықаралық қауіпсіздік жүйесінің дағдарысы жағдайында орта державалардың іс жүзінде не істей алатындығы туралы айта келе, министрдің орынбасары Астананың БҰҰ-ны әлемдік даму мен қауіпсіздік мәселелерін шешуге арналған жалғыз жаһандық ұйым ретінде нығайтуды жақтағанын және жақтайтынын атап өтті. «Бұл үшін, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің реформасы баяғыда пісіп-жетілді, ол көптеген жылдар бойы соғыс пен бейбітшіліктің көптеген принципті мәселелері бойынша тығырыққа тірелді. Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің неғұрлым өкілді болуы және қазіргі заманғы шындықты көрсете отырып, неғұрлым әділ ұсынуды қамтамасыз етуі тиіс деп санайды».Р. Василенконың айтуынша, «орта держава ретінде – біз бұл анықтаманы жауапкершілікпен қабылдаймыз – біздің көзқарастарымызды бөлетін басқа елдермен ынтымақтастықта, пікірлес елдердің белгілі бір желісі ретінде және ұжымдық шешімдерді іздеуде, әлемдік супердержаваларды қажеттілікке сендіру, бүкіл адамзаттың мүдделерін есепке алу және климаттың өзгеруі, теңсіздік, кедейлік және т.б. сияқты барлығымыздың алдымызда тұрған принципті сұрақтарға жедел жауап табу үшін жұмыс істеуді жалғастыра аламыз."Модератордың өтініші бойынша Қазақстанның Украинадағы әскери жанжалға көзқарастарына түсініктеме бере отырып, дипломат «Президент Қ. Тоқаев бұл мәселені шешу тек дипломатиялық жолмен ғана мүмкін болатынын және біз жанжалды тез арада тоқтатуды және келіссөздер үстеліндегі келіспеушіліктерді реттеуді жақтайтынымызды бірнеше рет айтты. Өз тарапынан Қазақстанда осы бағыттағы күш-жігерді барынша қолдауға дайын».Панельдік пікірталасқа Сербия Парламентінің Спикері Ана Брнабич пен Грузия Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Лаша Дарсалия да қатысты, олар талқыланатын мәселелерге өз елдерінің көзқарастарын ұсынды.Әлемдік геосаясат пен экономика мәселелерін қарастырған конференция жұмысына Еуропа мен Америка, Азия және Африка елдерінің саясаткерлері, дипломаттары, сарапшылары, бизнесмендері мен журналистері, сондай-ақ Халықаралық Валюта Қоры мен экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/903821
2024 жыл қорытындылары: Қазақстандағы волонтерліктің жаңа көкжиектері 17.12.2024
Биыл Қазақстан волонтерлікті дамытуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Халықаралық стандарттарға бейілділігін растап, қоғамдық маңызды міндеттерді шешуде волонтерлердің рөлін нығайтты.Бүгінгі таңда елімізде 755 волонтерлік ұйым, 2 мың бастамашыл топ, 275 мың белсенді волонтер, оның ішінде 3,5 мың «Күміс» волонтер белсенді жұмыс істейді.Азаматтардың волонтерлік қозғалысқа белсенді қатысуы және мемлекет тарапынан бұл үшін жағдай жасауы елдегі волонтерліктің дамуына ықпал етті. Үкімет Қазақстан Республикасының 2024-2026 жылдарға арналған волонтерлікті дамыту мен қолдаудың жаңа Жол картасын бекітті.Оны іске асыруда әлеуметтік және медициналық волонтерлік, экологиялық және ЗОО волонтерлік, білім беру және медиа саласындағы волонтерлік, төтенше жағдайлар салдарын жою саласындағы волонтерлік және басқа да салаларда салалық волонтерлікті дамытуға баса назар аударылды.Елімізде Ұлттық фронт-кеңсе және өңірлік 20 волонтерлік фронт-кеңсесі өз қызметін белсенді жүзеге асырып келеді, олар ұйымдастырушылық, ақпараттық және ресурстық қолдау көрсетеді, сондай-ақ еріктілер топтарына, ұйымдарға және еріктілерге консультациялық көмек береді.2024 жылы 5,6 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Бір жыл ішінде волонтерлік бойынша бірыңғай Call-орталық құрылып, оған 2095-тен астам өтініш келіп түсті. Бірыңғай онлайн «Qazvolonteer.kz» платформасы жұмыс істейді, онда 67 мыңнан астам ерікті тіркелген.2024 жылы мемлекеттік органдар волонтерлік қоғамдастықпен бірлесіп 55 жобаны іске асырды, сондай-ақ волонтерлік бастамаларды қолдау мақсатында 240 шағын грант берілді. Жобалар аясында 42 мыңға жуық түрлі форматтағы іс-шара өткізілді. 10 мың волонтер салалық волонтерлік бойынша оқудан өтті.Халықаралық волонтерлік белсенді дамып келеді. Ұлттық волонтерлер фронт-кеңсесінің жанында 2023 жылдан бастап Халықаралық волонтерлік орталық жұмыс істейді. Қыркүйек айында 7 Қазақстандық волонтер БҰҰ құрылымдарына Түркия, Кения және Таиланд сияқты елдерге жұмысқа жіберілді.Осы жылы 3-4 қазанда Астанада АӨСШК Жастар кеңесінің қолдауымен волонтерлер слеті өтті. Слет Азияның волонтерлері мен волонтерлік ұйымдары үшін ең ірі халықаралық іс-шаралардың біріне айналды. Оған АӨСШК-ға мүше 14 мемлекеттен (Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Шри-Ланка, Қытай, Бахрейн, Өзбекстан, Әзербайжан, Иран, Таиланд, Тәжікстан, Кувейт, Үндістан, Катар) 450 адам қатысты.ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2020 жылы Қазақстанның дамуына үлес қосқан үздік қазақстандық және шетелдік еріктілерді ынталандыру үшін «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалды. 2020-2024 жылдар аралығында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан 234 волонтер сыйлық алды.«Игі істер марафоны» жобасы іске асырылды, оның шеңберінде қазақстандықтар 50 мыңға жуық адамның қатысуымен 7 000 «Игі іс» жасады. Жоба аясында еріктілер 7 000 жануарға көмек көрсетті, 3 200 көшет отырғызып, 240 тонна қоқыс жиналды. 5 желтоқсанда 10 номинация бойынша жобаның 20 жеңімпазы марапатталды.2025 жылы осы бағыттағы жұмысты жалғастыру шеңберінде волонтерлік саласы бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіру үшін жаңа тәсілдерді әзірлеу жоспарлануда.Сондай-ақ, халықаралық волонтерлер жылын өткізуге дайындық аясында Қазақстанда Ұлттық ұйымдастыру комитеті құрылып, іс-шаранының жоспарын әзірлейді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/902358
Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына арналған салтанатты шара өтті 17.12.2024
Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Еуразия Жазушылар одағының президенті Уфук Тузман қатысты.Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Одақтың 90 жылдығына орай жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысының хатында «Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі. Бұл ұйым қаламгерлеріміздің кәсіби қауымдастығы ретінде төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге және оны әлемге танытуға зор ықпал етеді. Сөз өнерінің қарашаңырағын ұлттық бірегейлігіміздің берік тұғыры деуге болады.Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып жатырмыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқаруы керек. Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеп жүрген барша қаламгерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін» делінген.Бұдан соң Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Қойшиев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың құттықтауын оқыды.Салтанатты шараға шетелден арнайы қонақтар – Түркия Жазушылар одағының Төрағасы Муса Казым Арыжан, Қытай Халық Республикасы Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі, Қазақстанның құрметті жазушысы Әкбар Мәжит, Әзірбайжан Жазушылар одағының Төрағасы Анар Рзаев, Әзірбайжан Жазушылар Одағының хатшысы Рашад Мажитов, Өзбекстан Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары Мажид Гайрат, Өзбекстанның Халық жазушысы Усманкул Азимов, швед жазушысы, әдебиет зерттеушісі Пауэль Фрийес, Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының Төрағасы Қаныбек Иманалиев, Қырғызстанның Ел жазушысы, Қырғызстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Қойшиев, Ресей жазушысы Андрей Рейзвых, Татарстан Жазушылар одағының Төрағасы Ркаил Зайдуллин, Башқұртстан Жазушылар одағының Төрағасы Айгиз Баймухаметов, Якутия Жазушылар одағының Төрағасы, «Чолбон» журналының бас редакторы Гаврил Андросов, Чуваш Республикасы Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Василий Захаров, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлік өкілдері де қатысты.Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов өз баяндамасында «Бүгінде біз Әділетті Қазақстанға қадам бастық. Қазіргі қазақ әдебиеті де жаңару үстінде деп нық сеніммен айта аламыз. Тың да тосын тақырыптар, жаңа жанрлар, соны стильдер, амбициясы зор авторлар әдеби процеске жаңаша серпін беруде» деп атап өтті.Анықтама үшін:Қазақстан Жазушылар одағының тарихы 1934 жылы 12-18 маусымда Алматыда өткен Қазақстан Жазушыларының I Съезінен басталады. Әр жылдары Одақты белгілі қаламгерлер І.Жансүгіров, Ғ.Тоғжанов, С.Мұқанов, Т.Дүрімбетов, М.Қаратаев, Д.Әбілев, Ә.Тәжібаев, Ә.Жаймурзин, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Ә.Шәріпов, Ә.Әлімжанов, Ж.Молдағалиев, О.Сүлейменов, Қ.Найманбаев, Н.Оразалин, Ұ.Есдәулет басқарған.Қазіргі таңда Жазушылар одағы – 1015 мүшесі бар еліміздегі ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі. Одаққа қарайтын «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Простор», «Жалын» журналдары өнер мен әдебиеттің жаршысына айналды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/902527
Хореография Академиясында ресейлік хореограф, балет әртісі Вадим Рзаевтың шеберлік сыныбы өтті 17.12.2024
Қазақ ұлттық хореография академиясында Агриппина Ваганова атындағы Орыс балеті академиясының түлегі Вадим Рзаевтың шеберлік сыныбы өтті.Вадим Рзаев – классикалық және заманауи би өнерінде тәжірибесі мол өнерпаз. Ол әлемнің жетекші театр сахналарында жеке партиялар орындап, шетелдік танымал хореографтармен де бірлесе жұмыс істеген.«Хореографиялық өнер педагогикасы» және «Балетмейстер өнері» білім беру бағдарламасының студенттері мастер-классқа қатысып, болашағы үшін құнды тәжірибе жинады. Вадим Рзаев классикалық би техникасын, өзінің кәсіби әдістері мен тәсілдерін бөлісті.Бұл іс-шара – студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге және әлемдік хореографиялық өнер туралы білімдерін кеңейтуге бағытталған Академияның білім беру және мәдени бағдарламасының бір бөлігі. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/903176
Түркістанда креативті хаб ашылды 17.12.2024
Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістанда ÓzgeEpic креативті хабы ашылды. Бұл – еліміздегі он бірінші хаб. Шығармашылық кеңістік Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған. Қасым-Жомарт Тоқаев креатив индустрияларды дамытуға ерекше назар аударып, Қазақстанның барлық ірі қалаларында хабтар ашу міндетін қойды.Салтанатты іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, «Қазпошта» АҚ, жергілікті атқарушы органдар және өңірдің креаторлары қатысты.Түркістандағы креатив хаб ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қазпошта» АҚ арасындағы келісім аясында ашылды. Орталық акционерлік қоғам филиалдарының бірінде орналасқан. Ынтымақтастық бойынша ортақ жобалар жасалатын болады.Хабтың ашылуында инклюзивті креатив индустриясын қолдауға бағытталған «Көрінбейтін әлем» көрмесі де ұсынылды.Аталмыш алаңның ауданы – 400 шаршы метр. Негізгі назар түрлі халықтардың қолөнер туындыларына аударылған.Түркістан облысында барлығы 1341 креатив индустрия субъектісі тіркелген. Өңір киім тігу және аксессуарлар жасау бағыттары бойынша көш бастап тұр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/903256
Қоғамдық сенім және әлеуметтік капитал тақырыбында халықаралық конференция өтті 17.12.2024
Алматыда «Қоғамдық сенім және әлеуметтік капитал» тақырыбында V халықаралық конференция өтті.Іс-шарада спикерлер Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын өзектендіру шеңберінде жүргізілген әлеуметтанушылық зерттеулердің қорытындыларымен және азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға бағытталған жұмыстармен бөлісті.Айта кетейік, ашықтық пен айқындық қағидаттарын тиімді іске асыру мақсатында биылғы сәуір айынан бастап «Қоғамдық бақылау туралы» ҚР Заңы заңды күшіне енді.Сондай-ақ, Қоғамдық кеңестің мүшелері 2025 жылы өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты құрамы 80%-ға жаңартылмақ. Осыған орай Қоғамдық кеңестің 3 мыңнан астам мүшесінің қатысуымен 20-ға жуық оқыту семинарларын өткізу жоспарланған.Конференцияға ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының, БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің, халықаралық және қазақстандық қоғам қайраткерлерінің, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/903283
«Astana Piano Passion» республикалық жас пианистер байқауының жеңімпаздары анықталды 17.12.2024
2024 жылғы 9-13 желтоқсан аралығында Астанада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырған жас «Astana Piano Passion» II Республикалық жас пианистер байқауы өтті.Байқау ұлттық фортепиано мектебін дамыту, дарынды жас музыканттарды анықтау және қолдау, классикалық, академиялық музыканы, фортепианолық орындаушылықты және Қазақстан композиторларының музыкасын дәріптеу мақсатында өткізілді.Конкурсқа Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер саласындағы білім беру ұйымдарында «Фортепиано» мамандығы бойынша білім алып жатқан, 7-18 жас аралығындағы жас пианистер қатысты.Байқау 4 жас санаты бойынша өтті. Олар – 7-9 жас, 10-12 жас, 13-15 жас және 16-18 жас аралығындағы өнерпаздар.Байқау аясында Беларусь мемлекеттік музыка академиясының арнайы фортепиано кафедрасының меңгерушісі, профессор Владимир Дулов пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық конкурстардың лауреаты Әмір Тебенихин шеберлік сабақтарын өткізді.Биыл байқауға Павлодар, Қарағанды, Өскемен, Ақтау, Алматы және Астана қалаларынан 60 жас пианист қатысты.Гран-при иегері – Даниал Дюсембаев (оқытушысы Асабаева Сара Шәкірқызы).«А» санаты (7-9 жас):І орын: Иса Аяла (оқытушысы Бейсембаева Гаухар Серікқызы).ІІ орын: Жарменов Рустам (оқытушысы Қосаманова Гүлназ Ғаянқызы) және Абдулла Жанболат (оқытушысы Мухамеджанова Гүлжәмилә Бурханқызы).ІІІ орын: Алиханова Томирис (оқытушысы Манжула Ольга Николаевна), Сәкенқызы Сана (оқытушысы Тоқтаған Ақдидар Айтжанқызы) және Тян Ратмир (оқытушысы Чечнёва Ольга Геннадьевна).«В» санаты (10-12 жас):І орын: Оңғарбаева Жансая (оқытушысы Здорнова Жанна Викторовна).ІІ орын: Нұрсұлтан Іңкәр (оқытушысы Жакеева Гүлнәра Сапиоллайқызы) және Көпбай Бексұлтан (оқытушысы Бекишева Хадича Искандарқызы).ІІІ орын: Дүйсекеева Аман (оқытушысы Даукеева Мензия Кенжебекқызы), Думитреску Марк (оқытушысы Цветцих Елена Валерьевна) және Каримов Алан (оқытушысы Сұрапбергенова Светлана Алмабайқызы).«С» санаты (13-15 жас):І орын: Ахметов Рауан (оқытушысы Жұмақова Ғафура Рахметоллақызы).ІІ орын: Алдабаев Марлен (оқытушысы Құсаинов Алтай Карпықұлы) және Шайхов Айдар (оқытушысы Кремер Евгения Андреевна).ІІІ орын: Азаматұлы Айтөре (оқытушысы Қаражігітова Шолпан Нариманқызы) және Булат Әдина (оқытушысы Сұрапбергенова Светлана Алмабайқызы).«D» санаты (16-18 жас):І орын: Мхитарян Ашот (оқытушысы Сұрапбергенова Светлана Алмабайқызы).ІІ орын: Нұғманқызы Дария (оқытушысы Ольга Каминская Михайловна) және Каменецкая Софья (оқытушысы Кремер Евгения Андреевна).ІІІ орын: Жанас Бекмырза (оқытушысы Измаилов Нұрлан Тохтарұлы), Жұманғарина Тоғжан (оқытушысы Асабаева Сара Шәкірқызы) және Дастан Елнар (оқытушысы Абдуллаева Әйгерім Оңдасынқызы) ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/903302
Еліміздегі ардагерлік ұйымдар жастар тәрбиесіне басымдық беруде 17.12.2024
Астанада «Ардагерлер кеңесі» РҚБ-ның Орталық аппараты төралқасының отырысы өтті.Отырыста Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» идеологемасын іске асыру мәселелері талқыланып, жастарды тәрбиелеудің басым бағыттарына назар аударылды.Осы саладағы негізгі стратегиялық құжат – Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы.Айта кетейік, қоғамдағы ұлттық бірлік, этностар мен діни топтар арасындағы өзара түсіністік, жастарды есірткі, лудомания секілді түрлі жағымсыз әрекеттерден сақтауда ардагерлер иниституты үлкен рөл атқарады.Сондай-ақ, елімізде аталған бағыт бойынша 167,6 мыңнан астам адамды қамти отырып, 1,1 мыңнан астам профилактикалық іс-шаралар өткізілді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/903306
Астанада Бибігүл Төлегенованың 95 жас мерейтойына арналған салтанатты концерт өтті 17.12.2024
Астанада Бибігүл Төлегенованың 95 жасқа толуына орай салтанатты концерт өтті.Іс-шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ұйымдастырды.Кеш шымылдығын мерейтой иесінің бейнеқұттықтау сөзі ашты. Архивтік бейнематериалдар, музыкалық шығармалар және әсерлі естеліктер кештің рухани мазмұнын айшықтай түсіп, жиналған қалың көпшілікке ерекше әрі жылы әсер сыйлады.Концерт бағдарламасында ұлттық және әлемдік музыкалық мәдениеттің жауһарлары шырқалды. Қазақконцерттің «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының, классикалық және эстрадалық өнер бөлімдерінің солистері, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі және «Гүлдер» ансамбльдері жоғары деңгейде өнер көрсетті.Бұл концерттің ерекшелігі - оның деректі, танымдық сипатында. Бибігүл Төлегенова өзінің шығармашылық жолын, өнерге келуін, операдағы маңызды рөлдерін, сахналас әріптестері, гастрольдік сапарларымен байланысты естеліктерін экран арқылы баяндады. Концерт тек музыка мен би ғана емес, Бибігүл Төлегенованың өнер жолын толық қамтитын мазмұнды, тағылымы мол бейнебаяндар ұсынды. Экран арқылы өткен шақтағы естеліктер мен маңызды оқиғалар көрермендермен бөлісіп, оның өнердегі жетістіктері мен жеке тұлғасы тереңірек таныстырылды.Сондай-ақ кештің көркін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Толқын Забирова мен Жұпар Ғабдуллина келтірді.Мерекелік шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және бірқатар мәдениет, өнер, қоғам қайраткерлері қатысты. Кештің басты қонағы мерейтой иесі Бибігүл Төлегенованың өзі болды.Барлық әртістердің бірігіп орындаған «Мама» шығармасы концертті ерекше қорытындылады. Жүрек тебірентер осынау шығарма опера әншісінің шығармашылығындағы отбасы, махаббат пен адамгершілік сынды мәңгілік құндылықтардың жарқын символы іспеттес.Бұл кеш Қазақстанның музыка өнерін дамытуға зор үлес қосқан көрнекті әншінің шығармашылығын тағы бір мәрте асқақтатқан айшықты мәдени оқиға болды.Іс-шарада Бибігүл Төлегеноваға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан ықылас гүлі табыс етілді.Айта кетейік, аты аңызға айналған әншінің мерейтойы аясында Қазақстан бойынша концерттер, көрмелер, музыкалық кештер, дөңгелек үстелдер мен конференциялар секілді 150-ге жуық іс-шара өткізілді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/903376
Мемлекет басшысы Бибігүл Төлегенованы 95 жасымен құттықтады 17.12.2024
16 желтоқсанда аты аңызға айналған опера әншісі, актриса, педагог Бибігүл Төлегенова туған күнін атап өтті. Биыл халық әртісі, «Отан» орденінің иегері 95 жасқа толды.Бибігүл Ахметқызын осындай айтулы күнмен құттықтауға Алматы әкімі Ерболат Досаев келді. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.Президент құттықтау хатында ұлттық мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан көрнекті өнер қайраткерінің еңбегін атап өтіп, оның өнері жас ұрпаққа шабыт беріп, ел мақтанышына айналғанын жеткізді.«Ұзақ жылғы жемісті шығармашылық жолыңыз Сізді абырой биігіне көтерді. Еліміздің алтын қорына мол мұра қалдырдыңыз. Өнегелі де өнерлі шәкірттер тәрбиелеп шығардыңыз. Ерен еңбегіңіздің жоғары мемлекеттік наградалармен, мәртебелі атақтармен және айрықша сыйлықтармен аталып өтуі – зор мерей», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.Өз кезегінде Бибігүл Ахметқызы жылы лебіздер үшін алғысын білдіріп, барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.21 желтоқсан күні сағат 15:00-де Республика Сарайында Бибігүл Төлегенованың 95 жасқа толуына арналған салтанатты концерт өтеді.Бағдарламада Бибігүл Ахметқызының шығармашылығы шабыт берген, өздері де жетекші жұлдызға айналған көрнекті әртістердің орындауындағы классикалық және қазақ музыкасының ұлы туындылары орындалады.Айта кетейік, аты аңызға айналған әншінің мерейтойы аясында Қазақстан бойынша 150-ге жуық іс-шара өтті. Концерттер, көрмелер, музыкалық кештер, дөңгелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастырылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/903470
Түркияда өткен «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасын 4 мыңнан астам адам тамашалады 17.12.2024
Стамбулда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының қойылымы Жошы ұлысының 800 жылдығына арналды.Қойылым премьерасы Ататүрік мәдениет орталығында өтті.Көптеген елдің шығармашылық өкілдерін біріктірген жаңа ұлттық опера мәдени өмірдегі айтулы оқиғалардың бірі болды. Операны дайындау барысында Алтын Орда тарихы бойынша белгілі ғалымдар — Ильнур Миргалиев, Ілияс Кемалоглу және Нұрлан Атығаевпен кеңестер алынып, тақырып егжей-тегжейлі зерделенген. Тарихи нақтылық сақталған.Екі күн ішінде қойылымды 4080 адам тамашалап, орта ғасырдың ең ірі мемлекеті – Алтын Орданың қалыптасу дәуіріне саяхат жасады. Қалың көрермен маңызды тарихи оқиғалар мен ерекше сәттерді сезіне алды.Қойылымға барлығы үш жүзден астам опера, хор, балет әртістері қатысты. Театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуі, сахнаның түрленуі, жарық эффектілері мен бейнепроекциялар көрерменді ерекше әсерге бөледі.Айта кетейік, «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы 2024 жылдың 29, 30 қарашасы және 1 желтоқсанында Алматы қаласында өткен еді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/903987
ТЖМ құтқарушысы джиу-джитсудан мыңдаған спортшылардың ішінде ең үздік атанды 17.12.2024
«Kazakhstan International jiu-jitsu championship» беделді халықаралық турнирінде мықты балуандар өнер көрсетті, олардың арасында елордалық құтқарушы Хамзе Баққуар ерекше көзге түсті. Ол чемпион атағын алу арқылы Ресей Федерациясынан, Өзбекстан Республикасынан, Қырғызстаннан, Кувейттен, Палестинадан және Бразилиядан 1500-ге жуық спортшы қатысқан турнирден өтіп, шеберлік пен тактикалық дайындығын көрсете білді. Баққуар 94 келі салмақ дәрежесінде No-GI бөлімінде жеңіске жетіп, чемпион атанды. Хамзе Баққуар джиу-джитсудан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сондай-ақ грепплингтен ҚР спорт шебері болып табылады. Джиу-джитсудан ұлттық құраманың мүшесі, ҚР және джиу-джитсудан Қазақстан кубогының бірнеше дүркін чемпионы, грепплингтен Қазақстан Кубогының чемпионы. Джиу-джитсудан бірнеше дүркін Азия чемпионы және жүлдегері, 2 дүркін әлем чемпионы. Жауынгерлік самбодан ҚР чемпионы және жүлдегері, кәсіби панкратионнан әлем чемпионатының финалисті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/903877
ТЖМ құтқарушылары қар құрсауынан 500-ден астам адамды құтқарып, эвакуациялады 17.12.2024
Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығында «Қыс мезгілінің өтуі туралы. Авариялық-құтқару жұмыстары» тақырыбында брифинг өтті. Іс-шараға ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Бауыржан Ахметалин, ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Қуаныш Темірбеков, сондай-ақ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Аспандияр Сапарғалиев қатысты. Бауыржан Ахметалин атап өткендей, қысқы кезең басталғалы бері құтқару бөлімшелері 517 адамға, оның ішінде 72 балаға көмек көрсетіп, оларды қар құрсауынан эвакуациялады. Сонымен қатар 113 бірлік техника шығарылды. 19 жылыту пунктінде 348 адам орналастырылды, онда ыстық тамақпен және жылы заттармен қамтамасыз етілді. Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін саны 37,4 мың адам және 13,6 мың бірлік техника бар күштер мен құралдар дайындалды. Республикада жедел штаб, осындай штабтар еліміздің 12 өңірінде құрылды. Халықты ықтимал қауіпті метеорологиялық құбылыстар және абайсыздық шаралары туралы ақпараттандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Қыс мезгілінде зардап шеккен адамдарға көмек мақсатында 1 548 жылыту пункті дайындалды. Сонымен қатар 40 трассалық медициналық-құтқару пункті де жылыту пункттері ретінде пайдаланылатын болады. Өз кезегінде аға офицер Қуаныш Темірбеков журналистерге ТЖМ бастамасымен қараша айының соңында «Мұз-24» республикалық акциясы басталғанын айтты, оның барысында әртүрлі мемлекеттік ведомстволардың қызметкерлері қатысуымен рейдтер өткізілді. Іс-шараға 2 мыңнан астам қатысты, оның барысында 50 мың адамға, оның ішінде 30 мыңға жуық балықшыға нұсқау берілді. Желтоқсан айының басында басталған өрт қауіпсіздігі айлығының өтуі туралы Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Аспандияр Сапарғалиев айтты. Мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп 20 мыңнан астам үйді аралау жұмысы жүргізілді, онда 74 мың адамға нұсқау берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарында 5 мыңнан астам иісті газ және түтін датчигі орнатылды. Айлық аясында жаңа жылдық іс-шараларды қауіпсіз өткізуге ерекше назар аударылады. 1000-нан астам жаппай мерекелік іс-шаралар өткізілетін орындар тексерілді, сондай-ақ 127 өрт-тактикалық жаттығу өткізілді. Сонымен қатар оқу орындарында балаларға, студенттерге және педагогтарға эвакуациялық жаттығулар ұйымдастырылды. ТЖМ қыс мезгілінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы ескертеді, дауылды ескертулерге назар аударыңыз және ауа-райы нашарлаған жағдайда үйде болыңыз! Төтенше жағдай туындаған жағдайда құтқару қызметінің «112» бірыңғай нөміріне қоңырау шалыңыз. Сонымен қатар қараңғы уақытта және нашар көрінген кезде мұзға шығуға қатаң тыйым салынады, сондай-ақ балаларды ешқашан мұзда қараусыз қалдырмаңыз! Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/903978
ТЖМ басшысы мен Ақтөбе облысының әкімі ТЖД инфрақұрылымын дамыту жоспарына қол қойды 17.12.2024
Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Асхат Шахаров Төтенше жағдайлар департаментінің инфрақұрылымын дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасына қол қойды. Жоспар азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы мен еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған 11 негізгі іс-шараны қамтиды. Құжат бірқатар бастамаларды қамтиды. Атап айтқанда өрт сөндіру бөлімдеріне күрделі жөндеу жүргізу және абаттандыру, модульдік депо салу, қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешу және құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту. «Өңірлерде ТЖД инфрақұрылымын дамыту - азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басымдық. Аталмыш жоспар қызметкерлердің жұмысы үшін заманауи жағдайлар жасап қана қоймай, төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігін арттырып, облыстың барлық тұрғындары үшін қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Шыңғыс Әрінов. Асхат Шахаров атап өткендей: «Жол картасын іске асыру қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартып, шұғыл бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, ТЖ-ға ден қоюдың жауынгерлік әзірлігі мен жеделдігін арттырады, сондай-ақ өңір тұрғындары үшін қауіпсіздіктің неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етеді». Сонымен қатар құжатқа қол қойылған күні Ақтөбе қаласының Есет Батыр шағын ауданында жаңа өрт сөндіру депосы ашылды. Іс-шара аясында ТЖД қызметкерлеріне арнайы техника мен қызметтік пәтерлердің кілттері табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/904004
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы II республикалық олимпиаданың жеңімпаздары анықталды 17.12.2024
Астанада ауыл мектептерінің оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы II республикалық олимпиаданың қорытындысы шығарылды. Қорытынды кезеңге Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауылдардан 450 оқушы қатысты.Үш күнге созылған білім сайысының нәтижесі бойынша ең жоғары бағаға қол жеткізген 197 оқушы жүлдегер атанды, оларға 36 - алтын, 65 - күміс, 96- қола медаль табысталды.«Қазақ тілінде оқытатын мектептер арасында орыс тілі пәнінен олимпиадаға қатыстым. Олимпиада арқылы өз білімімді сынап қана қоймай, Қазақстанның әр өңірінен келген өзім қатарлы балалармен танысып, достастым. Бұл – ауыл оқушыларына өздерін сынауға, тәжірибе жинауға және республикалық деңгейдегі жарыстардың қалай өтетінін көруге тамаша мүмкіндік деп ойлаймын. Осындай мүмкіндік сыйлаған мемлекетімізге, оқу-ағарту министрлігіне және барлық ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін», –дейді Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының 11-сынып оқушысы Ернияз Ерланұлы.«Үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша I дәрежелі дипломмен Алматы облысының құрама командасы марапатталды. II дәрежелі диплом Түркістан, Атырау және Маңғыстау облыстарының командаларына, III дәрежелі диплом Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының командаларына берілді.Жеті жеңімпаз елдің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлық гранттарына ие болды (SDU – 4, Халықаралық Қ.А. Ясауи университеті – 3).Еске сала кетейік, Республикалық олимпиада 13 пән бойынша үш кезеңде өткізіліп келеді. Биыл мектепішілік кезеңге 99 264 оқушы қатысып, олардың 53 593-і аудандық деңгейге өтті. Облыстық кезеңде 12 000 оқушы бақ сынаса, финалдық кезеңге 1 000-ға жуық оқушы іріктелді. Қоғамдық-гуманитарлық бағытта 450, ал жаратылыстану-математика бағытында 486 оқушы білім бәсекесіне түсті. Барлығы екі бағыт бойынша 418 жүлдегер анықталды.Ақтық кезеңге қатысушы 940 оқушының барлығы болашақ интеллектуалдық жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданды. Ал I дәрежелі диплом иегерлері 2025 жылдың наурызында өтетін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың соңғы кезеңіне қатыса алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/903837
Астанада 300 мыңнан астам оқушы мен студент есірткінің зияны туралы диктант жазды 16.12.2024
Астанада 300 мыңнан астам оқушы есірткінің зияны туралы диктант жазды.Мұндай шара елордада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Аталған іс-шараның мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың таралуының алдын алу және жолын кесу, есірткі қылмысының салдары туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу.Есірткі – бұл үнемі жас ұрпақтың есіне салып отыруды қажет ететін өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қаладағы колледждер мен жоғары оқу орындарының 1, 2-курс студенттерінен және жоғары сынып оқушыларынан есірткіні қолданудың зияны туралы қалалық диктант алды. Нашақорлықтың алдын алуға және есірткі қылмысымен күресуге бағытталған ауқымды шараға 300 мыңнан астам мектеп оқушысы мен студенттер қатысты. Жазбаша жұмыстармен қатар, полиция қызметкерлері студенттермен профилактикалық әңгімелесу өткізді.Студенттерге нашақорлықтың салдары, нашақорлыққа тәуелділіктің қалыптасуы және психиканың бұзылуы, сонымен қатар есірткіні таратқаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауаптылық көзделетіні туралы айтылды.Мұндай іс-шаралар жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастырудың, құқықтық сауаттылығын арттырудың бір жолы саналады. Бұл іс-шара жасөспірімдерді есірткіге, ішімдікке тәуелді болмауға, қылмыс жасамауға, өзінің жарқын болашағын ойлауға дәріптейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/902578
Алматыда кинология орталығына ерекше балалар экскурсия жасады 16.12.2024
Алматыда кинология орталығына ерекше балалар экскурсия жасады.Қазақстан Республикасы ІІМ-нің кинологиялық орталығы Алматы қаласының оқушылары мен студенттеріне есігін айқара ашады. Қонақтардың қатарында мүмкіндігі шектеулі балалар бар, олар өздерін полицей-кинолог ретінде сынап көре алады.Ерекше балалармен кездесу үшін ізкесуші иттер олармен қарым-қатынас жасау әдістеріне арнайы үйретілді: иттер психикалық және жүйке шаршауларын жеңілдетеді және белгілі бір әлеуметтік және коммуникативті іс-әрекеттерді дамытуға көмектеседі.Кішкентай қонақтарға дәстүр бойынша есірткі заттарын, жарылғыш заттарды іздестіру, күштеп ұстау және одорологиялық сәйкестендіру сияқты бағыттар бойынша кинологтардың қызметтік иттермен жұмысы көрсетіледі. Мұндай экскурсиялар кезінде балалар полиция иттерінің тұқымдары мен әдеттері туралы көп мағлұмат біліп шығады және көптеген жағымды эмоциялар алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/902779
ТЖМ құтқарушылары ММА бойынша әлем чемпиондары 16.12.2024
ТЖМ қызметкерлері батылдық, рух пен кәсібилік құтқарушылардың ажырамас қасиеттері екенін тағы да дәлелдеді. Индонезияның Джакарта қаласында өткен "GAMMA" ММА әлем чемпионатында біздің құтқарушылар Ерназ Мұсабек, Мансур Шахгереев және Сайран Сағындықов алтын медальды, күміс медальды иеленіп, Әділ Сұлтанбеков қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар, біздің үш спортшымыз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шеберінің нормативтерін орындады. "Әлем чемпионатында еліміз бен ТЖМ намысын қорғау мен үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі жетістігіміз ең алдымен, біздің министріміз генерал-майор Шыңғыс Әріновтың қолдауының нәтижесі. Құтқарушының жұмысы бізден тек күш пен мықтылықты ғана емес, сонымен қатар ақыл — ой мен төзімділікті талап етеді. Біз, құтқарушылар, күн сайын қызметте де, спорттық аренада да күш пен рухтың шегі жоқ екенін дәлелдедік", - деді Ерназ Мұсабек. Бұл спорттағы жоғары жетістік Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген құтқарушылардың кәсібилігі мен рухының күшін көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/903313