Қуқық
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ 21.02.2025
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІБүгін І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында облыстық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашып, сөз бастады.«2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысының бұл бастамасы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды», – деді ведомство басшысы.Сондай-ақ министр еңбек нарығы мен қоғам сұранысына сай кадр дайындаудың, ерте жастан кәсіптік бағдар берудің маңызын атап өтті.Дөңгелек үстелге Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Әли Солтанбеков, «Мамандығым – болашағым» кеңсесінің басшысы Олжас Сәкенов, Жетісу облысының колледж директорлары мен БАҚ өкілдері қатысты.І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев ерте жастан кәсіптік бағдар беру «Мамандығым – болашағым» жобасы міндеттерінің бірі екенін баса айтты.«Жетісу университетінің базасында 2023 жылы өңірлік жобалық кеңсе құрылып, университет қызметкерлері форсайт-зерттеу курсынан өтті. Олар Жетісу облысында кадр тапшылығының өңірлік картасын әзірлеп, өңірге қажетті бес бағытты анықтады», – деген ректор салалық сарапшы ретінде өңірлік картаны әзірлеуге ат салысқан колледж директорларына алғыс білдірді.Жиында «Мамандығым – болашағым» жобалық кеңсесінің жергілікті әкімдікпен бірлесе әзірлеген «Жетісу облысының мамандарға қажеттілігінің өңірлік картасының» тұсауы кесілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/941400
Ақмола облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы: жаңа мүмкіндіктерді ашу» жастар форумы ашылды 21.02.2025
Көкшетау қаласындағы Bolashaq Saraiy-ында «Жұмысшы мамандықтар жылы: жаңа мүмкіндіктерді ашу» өңірлік жастар форумы ресми түрде ашылды. Іс-шара Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізіліп, билік өкілдері, бизнес, білім беру мекемелері мен жастар арасындағы маңызды диалог алаңына айналды.Форумға 500-ден астам қатысушы, 29 колледж және өңірдің жетекші компанияларын таныстыратын 44 әлеуметтік серіктес жиналды. Ақмола облысы агроөнеркәсіптік секторда, құрылыс, металлургия және туризм салаларында жетекші орындарға ие. Өңірдегі 800-ден астам өнеркәсіптік кәсіпорын мыңдаған жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту экономика үшін маңызды рөл атқарады, ал жас мамандарды даярлау – жұмысшы мамандықтарының ұрпақтар сабақтастығының негізі.Жастар форумы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісұлы, «Talap» КЕАҚ президенті Санжар Тәтибеков және Социалистік Еңбек Ері Есілбай Қадралиннің қатысуымен өтті.Олар интерактивті көрменің жұмысымен танысты. Бұл көрмеде өңірдің 10-нан астам жетекші колледжі ұсынылып, онда IT және робототехникадан бастап, кондитерлік іс, ветеринария және маркшейдерияға дейінгі сұранысқа ие мамандықтар оқытылады.Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов атап өткендей, бүгінгі таңда Ақмола командасының қоржынында 35 алтын, 21 күміс және 30 қола медаль, сондай-ақ 57 «Кемелдік медальоны» бар. Бұлардың барлығы WorldSkills кәсіби шеберлік байқауында олжаланған. Сонымен қатар, өңірдегі барлық ТжКБ ұйымдарында 700-ден астам кәсіпорынның қатысуымен Индустриялық кеңестер жұмыс істейді, ал мақсатты кадрларды даярлау түлектердің тиімді жұмыспен қамтылуына ықпал етеді.«Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, еңбек адамының мәртебесін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл шешім елдің дамуы мен оның экономикалық әлеуетін нығайтуда жұмысшылардың маңызды рөлін көрсетеді. Біз тек кездесулер өткізіп қана қоймай, нақты шаралар қабылдауымыз керек. Бүгінде облыста 20 мыңнан астам студент кәсіби білім алуда. Бұл оларға оқу барысында-ақ жұмысқа орналасуға мүмкіндік берсе, жұмыс берушілер үшін болашақ мамандарды өз кәсіпорындарына дайындауға жағдай жасайды. Құрметті жастар, бүгінде көптеген жұмысшы мамандықтар жоғары технологиялық сипатқа ие, олар техника, технология, тіпті бағдарламалау саласында терең білімді талап етеді. Осы мамандықтар барған сайын күрделене түсуде және қызықты бола бастады», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.Айта кетейік, өңірде кадрларға деген қажеттілік бойынша өңірлік карта – Ақмола облысының Жаңа мамандықтар мен құзыреттер Атласы әзірленді. Бұл жинақта жаңа, трансформацияланатын және жойылып бара жатқан мамандықтар ұсынылған. Олар өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, қызмет көрсету саласы сияқты негізгі бағыттарды қамтиды. Бұл Атлас білім беру процесін әрі қарай жоспарлаудың және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлаудың негізіне айналады.Форумның ресми бөлімі Ақмола облысы колледж студенттерінің қолынан шыққан киім үлгілерін көрсетумен аяқталды. Сонымен қатар, әлеуметтік серіктестер өздерінің табысты еңбек жолдары туралы бөлісті.Бағдарламаның соңғы бөлігі «ABYROY» тобының концертімен аяқталды.Форумның екінші жартысында мектеп оқушылары мен колледж студенттері түрлі мамандықтар бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, форсайт-сессияларында өздерін сынап көреді. Сессия спикерлері ретінде аймақтың жетекші сарапшылары мен әртүрлі салалардың өкілдері шақырылған.Форум екі күнге – 19-20 ақпан аралығында созылады.Бағдарламада: көрмелер, пікірталастар, кәсіби тренингтер, нетворкинг және басқа да іс-шаралар бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/941344
Қызылорда облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асырылуда 21.02.2025
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысымен танысты.Оның аясында Сыр өңірінде 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы басталып, бүгінде 5-уі оқушылар мен ұстаздардың игілігіне табысталды. Биыл тағы 5 «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі.«Жайлы мектептерде» бастауыш және жоғары сыныптар бөлек блоктарда оқиды. Мобильді трансформер парталармен, әмбебап акт залымен, қауіпсіздік жүйесі, оқу-зертханалық құрылғылар және жаңа модификациялық кабинеттермен қамтамасыз етілген.Айта кетейік, өткен жылы аймақта 6 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Осылайша Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы», Жаңақорған ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» табысталды. Жыл ішінде Шиелі ауданында да 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» жұмысын бастайды.Облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы наурыз айында аяқталмақ. Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның 9-ы биыл күрделі жөндеуден өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/940014
Сыр елінде жаңа стадион ашылады 21.02.2025
Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жаңа стадионның құрылыс алаңына барды. Өңір халқының сұранысына сай салынып жатқан жаңа стадион бокс, күрес, ауыр атлетика, футболшылардың жаттығу залдарымен, йога, гимнастика-акробатика, сауықтыру-денешынықтыру залдарымен қамтылатын болады. Стадионның тағы бір ерекшелігі – УЕФА классификациясы бойынша ІІІ санатты. 11 мың орынға арналған, халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.Бүгінде шығыс және батыс трибуналарының металл конструкцияларын монтаждау 100% аяқталып, қабырғалар мен ішкі бөлімдері, сыртқы витраждары қалануда. Сыртқы инженерлік желілер жеткізілген. Жылу, су құбырлары, электр, желдеткіштің ішкі желілері орнатылуда. Наурыз айында ғимараттың сыртқы қабырғалары, ішкі инженерлік желілері аяқталып, футбол алаңын монтаждау және абаттандыру жұмыстары басталады. Нысан мамыр айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында «Үстел теннисі орталығы» іске қосылғанын, жақын күндері көпбейінді «Қызылорда Арена» және дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталатынын айтты.Мұнан бөлек, Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал, Жаңажол, Ақай, Арал ауданының Жақсықылыш, Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылдарында, Жалағаш кентінде жаңа спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 6, облыстық бюджет есебінен 2, «Қазақстан халқына» қоры арқылы 2 спорт нысаны салынуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/940020
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары жаңа автовокзалға барды 21.02.2025
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярды аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жаңа автовокзалдың жұмысымен таныстырды.Өткен жылы Қызылорда қаласының сол жағалауынан заманауи үлгідегі 200 орындық автовокзал пайдалануға берілген еді.Жаңа ғимарат жолаушыларға қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған.Бүгінде автовокзалда облыс аудандарына, басқа өңірлерге қатынайтын маршруттарға, сондай-ақ, транзиттік бағыттағы автобустарға қызмет көрсетіледі. Жолаушылар автовокзалдан 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/940021
Қызылорда облысында құрылыс қарқыны жоғары 21.02.2025
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қала аумағында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде соңғы 3 жылда құрылыс жұмыстарының көлемі артқанын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өсім 153,8%. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі артып, рекордтық деңгейге, 866,8 мың шаршы метрге жетті. 2022-2023 жылдары 4000-ға жуық пәтер пайдалануға берілсе, былтыр 2500-ден астам баспана кілті табысталды.Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй сатып алуда облыс 1948 пәтер көрсеткішімен республикада 2-ші орынға шықты.Айта кетейік, өңірде құрылыс жұмыстары республикалық орта көрсеткіштен 41 пайызға жоғары. Аймақта жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Өткен жылы 69 жаңа ғимарат салынды, оның 25-і білім, 16-сы денсаулық сақтау, 11-і мәдениет, 17-сі спорт саласына тиесілі.«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 21 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде 5 білім ордасы пайдалануға берілді, 5 мектеп жаңа оқу жылына дейін табысталады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысан салынды.Облыстың барлық ауылындағы денсаулық сақтау мекемелеріне 245 жаңа санитарлық көлік алынып, жедел жәрдем мәселесі толық шешілді. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға 4,8 млрд. теңге қаржы бөлді. Оның арқасыда Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды.Мұнан бөлек, 1 млрд. 100 млн. теңгеге скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешендер алынып, бүгінде ауыл тұрғындарына үздіксіз медициналық қызмет көрсетуде. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 50 млрд. теңгеге жуық қаржыға облыс орталығы мен аудандарда жаңа ғимараттар, парктер, ойын алаңдары салынып, мемлекет теңгеріміне өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/940022
Сыр елінде «Адал еңбек – ел ырысы» атты республикалық ақындар айтысы басталды 21.02.2025
Сыр елінде Қызылорда және Алматы облысы ақындарының «Адал еңбек – ел ырысы» атты республикалық командалық айтысы басталды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ақындар, зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.Жыр додасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай жүргізді. Командалық айтыста елімізге белгілі 20 ақын сөз сайыстырады.Ашылу рәсімінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн», – деген болатын. Өнер мен мәдениетке, оның өкілдеріне қандай қолдау, қошемет жасасақ та жарасады.Осы ретте аймақтағы мәдениет және өнер, әдебиет өкілдеріне «Тұран», журналист-қаламгерлерге «Жебе» арнайы сыйлығын табыстадық. Өткен жылы салынған көпқабатты жаңа тұрғын үйден мәдениет, өнер өкілдеріне алғаш рет 40 қызметтік пәтер берілді.Сыр бойындағы айтыс өнерінің ізбасарларының да жеңісті, жемісті сәттері көп болды. Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, жерлесіміз Мұхтар Ниязовтың ізін жалғаған талантты ақын Мейірбек Сұлтанхан кезекті «Алтын домбыраны» жұртшылыққа тарту етті. Бұл өткен жылдың айтулы мәдени жаңалығына, Сыр руханиятының қуанышына айналды. Жаңа жыл басталысымен жерлесіміз, жас талант Бексұлтан Орынбасаров «Күміс домбыра» иеленді. Бүгінгі сөз додасына келген жүйріктерге ел рухын асқақтатудағы елеулі еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Халықты сөз құдыретімен демеп, ізгілікке үндеген өнердегі шын жүйріктердің келесі кезеңге өтіп, ақтық сынға жолдама алып, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін! «Өнер алды – қызыл тіл» дегендей, сөз сыйлаған тыңдарманға келелі ой айтып, тағылымды сайыс жасаңыздар! Баршаңызға сәттілік тілеймін!» – деді аймақ басшысы.Аламан айтысқа ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы, қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман, дәстүрлі әнші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Серік Құсанбаев, ақын, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, Мәдениет саласының үздігі Мырзабек Құдайберлі, күйші, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, Мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы, жыршы, термеші, ұстаз, Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков қазылық етеді.Айта кетейік, былтыр аймақта «Руханият жылы» жарияланып, атаулы жылда игілікті істер мен жаңа жобалар жүзеге асты. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» және «Өнер орталығы» пайдалануға беріліп, жаңадан симфония оркестрі, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, іске қосылуда. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты мамыр айында пайдалануға беріледі. Облыстың мәдениет мекемелерінің 25 қызметкері Италия, Белорусь елдерінде біліктілік арттырды. Астана, Алматы қалаларында Қызылорда облысының Өнер күндері жоғары деңгейде өтті. Бұл үрдіс биыл республикамыздың өзге өңірлерінде жалғасын табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/940026
Жаңақорған ауданында «Руханият орталығы» ашылды 21.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаңақорған ауданында «Руханият орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті.Мерекелік іс-шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.Аймақ басшысы жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өңірдің мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға, игі бастамаларға тоқталды.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» - деген болатын. Былтыр өңірімізде «Руханият жылы» жарияланып, атаулы жыл аясында мәдени-көпшілік шаралармен бірге ауқымды жобаларды да жүзеге асырдық. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», 1000 орындық «Өнер» орталығы пайдалануға беріліп, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. «Самұрық қазына траст» қорымен бірге "Үстел теннисі орталығын", «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі "Оқушылар сарайын" ел игілігіне табыстадық. Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Шығармашылық академиясы», "Орталық стадион" салынуда. Жаңа нысандар биыл мамыр айында іске қосылады."Руханият орталығы – бірліктің ордасы» рухани қазынамызды толықтыратын, жұртшылыққа қуаныш сыйлайтын орынға айналсын. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақ болғай! Ел іргесі бекем, қуаныш құтты болсын!»,- деді Н.Нәлібаев.Жиында Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, «Айғақ» телерадиокомпаниясының бас директоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Дулатбек Әбіш жиналған қауымды құттықтады. Қоғам қайраткері, Нәжмадин Мұсабаев ақ батасын беріп, ауданның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.Айта кетейік, биыл - Қызылорда тарихындағы маңызды жыл. Осыдан бір ғасыр бұрын мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығып, Кеңестердің Бүкілқазақстандық бесінші съезінде «Киргиз Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы» атауы «Қазақ автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы» деп өзгертілген. Ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауы қайтарылып, республика астанасы Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылданған. Еліміздің алғашқы Үкімет басшылығы, басқару институттары осы жерде қалыптасып, нығайды. Алғашқы өнер, білім мекемелері ашылып, әсем ғимараттар бой көтерді.Биыл ұлт театрының іргетасы қаланған Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының құрылғанына 70 жыл толады. Кәсіби өнер ұжымы осы жылдары300-ден астам қойылымды сахналаған. Республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындар иеленген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/940030
Аймақ басшысы Жаңақорғандағы жаңа нысандарға барды 21.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулатбек Әбіш Жаңақорған ауданындағы "Оқушылар үйі" және "Өнер мектебінің", "Саяжай" мөлтек ауданындағы «Жайлы мектептің» жұмыс барысымен танысты. Жаңа ғимаратта оқушыларға арналған өнер студиясы, тігін шеберханасы, музыка, хореография және ритмика, акробатика залдары орналасқан. Мұнда өскелең ұрпақ шығармашылығын, денсаулығын шыңдайды және қолөнермен айналыса алады.Үш қабатты "Жайлы мектепте" білім алушыларға қолайлы жағдай жасалған. Кең әрі жарық сыныптар, жоғары сапалы оқу құралдарымен, ақпараттық технологиялармен жабдықталған кабинеттер бар. Кітапхана, зертханалар және шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер де қарастырылған. Ғимараттың әр қабатындағы инженерлік, жылу, жарық, су және желдету жүйелері заманауи талапқа сай орнатылған. Спорт залы мен демалыс орындары дене шынықтырумен айналысуға, түрлі спорттық жарыстар өткізуге лайықталған.Жыл ішінде Шиелі ауданында да 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» жұмысын бастайды. Облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы наурыз айында аяқталмақ. Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның 9-ы биыл күрделі жөндеуден өтеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/940034
ТЖМ спортшылары алдағы жекпе-жек турнирлерінде өнер көрсетеді 21.02.2025
Ақпан айында біздің спортшыларымыз ірі турнирлерге қатысады. 20 ақпанда Қостанай қаласында көптен күткен «NAIZA 71» турнирі өтеді, онда біздің Маңғыстау облысы ТЖД спортшымыз Серікбай Ходжабаев 77 кг салмақ дәрежесінде чемпион атағы үшін басты жекпе-жекке шығады. 25-28 ақпан аралығында Астана қаласында Қазақстан Республикасы бойынша қоян-қолтық ұрыстан чемпионат өтеді, мұнда ТЖМ командасы Түркияда өтетін әлем чемпионатына жолдама үшін сайысатын болады. 28 ақпанда Орал қаласында «ALASH PRIDE FC 106» турнирі өтеді, онда ТЖМ «BATYR TEAM ORAL» клубының ең мықты келесі өкілдері рингке шығады. Бұл Батыс Қазақстан облысы ТЖД қызметкерлері Досбол Елеген және Ерхан Жұмабаев, ТЖМ «Резерв» РМК жетекші мамандары Әліби Пернебек және Аслан Искандеров. Спортшыларымызға алдағы барлық жарыстарда табыс тілейміз, олар біздің ведомствоны спорт аренасында лайықты көрсететініне сенімдіміз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/941150
ТЖ басшысы Кеңгір су қоймасының су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындығын тексерді 21.02.2025
Су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық аясында Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында Жезқазған қаласында орналасқан Кеңгір су қоймасына барды. Инспекция барысында министр су қоймасының гидротехникалық құрылыстарының, шлюздерінің және электр механизмдерінің жай-күйін бағалады. Объектінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін инфрақұрылымның барлық элементтерінің тұрақты және қауіпсіз жұмысына ерекше назар аударылды. Ол су тасқынының ықтимал салдарын болдырмау және азаматтарды төтенше жағдайлар қаупінен қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Қазіргі уақытта Кеңгір су қоймасының барлық жеті шлюзі көктемгі кезеңде төтенше жағдайлардың туындау қаупін барынша азайтуға мүмкіндік беретін су жіберуге толық дайын. Өңірде көктемгі су тасқыны қаупін азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша белсенді алдын алу іс-шаралары жалғасуда. Бұдан басқа төтенше жағдайлар министрі «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығымен Ұлытау облысындағы кеніште орын алған ТЖ-ның салдарын жою мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты. ТЖМ басшысы тергеу шеңберінде құқық қорғау органдары, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті және еңбек инспекторлары тарапынан тексерулерді қоса алғанда, кешенді сараптама жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол бұдан кейінгі қадамдар өндірістік объектілердегі қауіпсіздік талаптарын қатаңдатуға бағытталатынын айтты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/941244
БҚО әкімі мен Орынбор облысы вице-губернаторы екі өңір арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады 21.02.2025
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Ресей Федерациясының Орынбор облысына барды. Сапар аясында ол Орынбор облысының вице-губернаторы - Үкімет төрағасының экономикалық және инвестициялық саясат жөніндегі орынбасары Игнат Петуховпен кездесті. Кездесуде тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық пен бизнесті дамытудың негізгі мәселелерін талқылады.Кездесу барысында Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуеті туралы айтып, кәсіпорындардың қолайлы жұмыс істеуі үшін заңнамалық деңгейде бірқатар преференциялар мен жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті.Сонымен қатар, БҚО әкімі екі өңір арасындағы тұрақты әріптестіктің маңыздылығына тоқталып, экономикалық байланыстардың оң динамикасын ерекше атап өтті.«Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар берік әрі мызғымас достықтың үлгісі екенін үнемі атап өтеді. 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы 681,6 миллион долларды құрады», – деді Нариман Төреғалиев.Бұл өзара ынтымақтастықта Орынбор облысы ерекше рөл атқарады, аталған кезең аралығында екі өңір арасындағы тауар айналымы 12,1 миллион долларға жетті. БҚО-дан Орынбор облысына газ, қара металл сынықтары мен қалдықтары, арпа экспортталса, керісінше, Орынбордан дәнді және сүт өнімдері, бетон мен металл бұйымдары және басқа да жергілікті нарықта сұранысқа ие тауарлар жеткізіледі.«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бизнес өкілдерін белсенді ынтымақтастыққа шақырамын. Бізде бірлескен жобаларды дамыту үшін қолайлы жағдай жасалған, әрі қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті өңір басшысы.Сауда-экономикалық мәселелерден бөлек, кездесуде денсаулық сақтау, білім, ғылым, мәдениет, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.Орынбор облысы вице-губернаторы Игнат Петухов өзара мүдделі салаларда ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді.Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысының әкімі Орынбор облысының өкілдерін Қазақстан мен Ресей арасындағы XXI Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысуға шақырды. Форум жаңа бірлескен бастамаларды талқылауға және әріптестік байланыстарды нығайтуға арналған алаң болмақ.Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko/press/news/details/940987
Су ресурстары және ирригация министрлігі су үнемдеу бойынша 5 облыста семинарлар өткізуде 21.02.2025
Су ресурстары және ирригация министрлігі Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша шаруаларға арналған семинарлар өткізуде. Кездесулер барысында еліміздегі су үнемдеу бойынша үздік тәжірибелер таныстырылып, мемлекеттік қолдау іс-шаралары жөнінде ақпарат беріледі.«Су ресурстары және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шаруаларды қажет инфрақұрылымды қалыптастыру, су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін арттырды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда су үнемдеу технологиясын қолданатын дихандар суармалы су үшін аз төлейді. Себебі, су үнемдеу жүйелерін пайдаланған кезде суармалы су ақысын субсидиялау мөлшері тарифке байланысты 85%-ға дейін ұлғайтылды»,- деді Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Мәндібаев.Бүгінгі таңда Қазақстанда су шашатын машиналар мен тамшылатып суару жабдығын шығаратын төрт отандық зауыт жұмыс істейді. Биыл Түркістан облысында қытайлық компаниялармен бірлесіп тамшылатып суару жабдығын шығаратын тағы екі зауыт ашу жоспарланып отыр.Бұдан бөлек, Су ресурстары және ирригация министрлігі су үнемдейтін инновациялық технологияларды да сынақтан өткізуде. Мәселен, былтыр еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп мажарлық Water-Retainer препараты сынақтан өтті. Сынақ нәтижесі жекелеген дақылдар бойынша су үнемдеу және өнімділікті арттыру бойынша оң әсерін көрсетті. Алдын ала мәлімет бойынша, препаратты қолдану шамамен 20-37% су үнемдеуге мүмкіндік береді, сонымен қатар өнімділікті жақсартады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/941189
Қазақстандықтарға 60 млрд теңгеден астам сомада мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер төленді 21.02.2025
Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (бұдан әрі – МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 53,2 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 7,4 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 541,7 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 193,3 мың адамды құрады.Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 86,1 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 61,3 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5% - ға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 6,5% - ға артты.Мәселен, осы жылы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін – 101 702 теңгені, 2-топ үшін – 81 362 теңгені, 3-топ үшін – 55 474 теңгені құрайды.1 ақпандағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 71 245 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 72 214 теңгені құрайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/940973
Жаңа егіннің 5,3 млн тоннасы экспортталды 21.02.2025
ҚТЖ ҰК АҚ жедел деректері бойынша 2024/2025 жылғы ақпан айының 16 күніне сәйкес 6,7 млн тонна астық тасымалданды, оның ішінде ел ішінде 1,4 млн тонна және экспортқа 5,3 млн тонна. Экспорт көлемінің өсуі 48,3% құрады.Өзбекстанға 2 млн тонна экспортталды, бұл 2023/2024 жылдың ұқсас кезеңінің деңгейінен 34,9% - ға артық, Тәжікстан – 789 мың тонна (өсім 47%), ҚХР - 679 мың тонна, Ауғанстан-235 мың тонна (өсім 37%). Иранға жеткізілім 20 есеге немесе 644 мың тоннаға, Әзірбайжанға жеткізілім 79 есеге немесе 319 мың тоннаға өсті.2024 жылдың қорытындысы бойынша 10,6 млн тонна астық тасымалданды, оның ішінде ел ішінде 2,5 млн тонна және экспортқа 8,1 млн тонна.Бұдан басқа, ҚТЖ деректеріне сәйкес 2024 жылдың қорытындысы бойынша 3,2 млн тонна ұн тасымалданды, оның ішінде ҚР бойынша 817 мың тонна және экспортқа 3% өсіммен 2,4 млн тонна. Қаңтар-ақпанның 16 күнінде 352 мың тонна ұн тасымалданды, оның ішінде экспорт 238 мың тоннаны құрады, өсім – 9,6%.Ұнды импорттайтын негізгі елдер-ОА, Қытай, Ауғанстан және басқа елдер.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/941111
Түркістан облысында заңсыз берілген жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды 21.02.2025
ҚР АШМ ЖРБК Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті Байдібек, Түлкібас және Төле би аудандарының жергілікті атқарушы органдарына жер учаскелерін беру заңдылығына қатысты тексеру жүргізді.Тексеру нәтижесінде жер учаскелерінің конкурс пен аукцион өткізілмей, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабының талаптарын бұза отырып берілгені анықталды.Соттың заңды күшіне енген шешімдерінің негізінде мемлекетке Бәйдібек және Түлкібас аудандары әкімдіктерінің қаулыларымен заңнаманы бұза отырып бөлінген 4,3 мың га ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Оның ішінде 1 149,54 га егістік және 3 209,71 га жайылым бар.Төлеби ауданы әкімдігінің саяжай құрылысына жалпы ауданы 7,56 га болатын 63 жер учаскесі заңсыз бөлінген.Сот бұл мәмілелерді жарамсыз деп танып, жер беру туралы шешімдерді заңсыз деп тапты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/941167
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі қоғамдық кеңестің жаңа құрамын сайлау жөніндегі конкурс өткізу туралы ХАБАРЛАНДЫРУ 21.02.2025
«Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы № 383 Қазақстан Республикасының Заңына және 2021 жылғы 26 ақпандағы № 69 Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге сәйкес Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі (бұдан әрі – ҚР ЭМ) Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамын қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобы Қоғамдық кеңестің мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс өткізілетіні туралы хабарлайды. Конкурсқа қатысу үшін мынадай құжаттар:1) кандидатураны Қоғамдық кеңестің құрамына ұсыну туралы коммерциялық емес ұйымның жазбаша ұсынысы және (немесе) азаматтың өтініші;2) өмірбаян деректері көрсетіле отырып, кандидаттың кәсіптік және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер;3) сотталғандығы не сотталмағандығы туралы анықтама;4) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды қолдануға байланысты бұзылушылықтардың (аурулардың) болуы не болмауы туралы анықтама ұсынылады.Қоғамдық кеңестің шығып қалған мүшелерін алмастыру үшін жұмыс тобының шешімімен Қоғамдық кеңестің құрамына кірмеген азаматтық қоғам өкілдері қатарынан Қоғамдық кеңеске кандидаттардың резервтік тізімі қалыптастырылады.ҚР ЭМ Қоғамдық кеңесінің құрамы – 17 адамға дейін (коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтар ішінен өкілдер – 14 адамға дейін, ҚР ЭМ өкілдері – 3 адамға дейін), Қоғамдық кеңестің резервтік құрамы – 3 адамға дейін.Конкурсты өткізу мерзімі конкурс туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін он жұмыс күнін құрайды (2025 жылғы 19 ақпаннан бастап 2025 жылғы 5 наурызды қоса алған мерзімде сағат 18.30-ға дейін).Қатысу үшін құжаттар мына мекенжайға ұсынылады (жіберіледі): Астана қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 19, «ҚазМұнайГаз» ғимараты, А блогы, электрондық пошта: i.zhumagaliyeva@energo.gov.kzҚосымша ақпарат пен анықтамаларды мына телефондар арқылы алуға болады: 8 (7172) 78-68-58, 8-775-313-78-98.Қажетті формаларды толтыру үшін https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/documents/details/800338?lang=kk ссылкасы арқылы өтуге болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/941025
Бірыңғай байланыс орталығында рекорд: бір күнде 120 мың өтініш өңделді 21.02.2025
2024 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік Корпорациясы КЕ АҚ-ның Бірыңғай байланыс орталығы 27 миллионнан астам өтініш өңдеді. Күн сайын Бірыңғай байланыс орталығы 1414 нөміріне келіп түскен қоңырауларды, Telegram-дағы EgovKzBot 2.0 чат-боты мен support@goscorp.kz электронды поштасына жолданған хабарламаларды, сондай-ақ «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы жүргізілген бейнеқоңырауларды қоса алғанда 30 мыңнан 90 мыңға дейін өтініштерді қабылдайды. Жуырда орталықтың 2011 жылдан бастап жұмыс істеген барлық кезеңінен бері ең жоғары көрсеткіш тіркелді – бір күнде 120 мың өтініш қабылданды. Ең көп қойылатын сұрақтар – ЭЦҚ беру және кері қайтарып алу, салық пен есептік көрсеткіштердің сомасын анықтау, ҚР азаматтарының төлқұжаттары мен жеке куәліктерін беру. «Бірыңғай байланыс орталығы өз қызметін бастаған сәттен бастап мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінде негізгі буынға айналды. 2024 жылы Бырыңғай байланыс орталығына 27,1 миллион өтініш келіп түсті, ал қызмет алушылардың консультациялық көмек сапасына қанағаттану деңгейі 96,8 пайызға жетті. Біз Бірыңғай байланыс орталығының жұмыс процестерін жетілдіруді жалғастырып, мемлекеттік қызметтерді алу ісін одан әрі жеңіл әрі қолжетімді ететін боламыз» – деді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік Корпорациясының Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев. 2024 жылы Бірыңғай байланыс орталығы ЭЦҚ бойынша 1 023 354 өтініш, төлқұжаттарды беру бойынша 367 428 өтініш, жеке куәліктерді беру – 228 693, cалық төлеушілерді тіркеу бойынша 114 082 өтініш, бала туғанға жәрдемақы тағайындау бойынша 81 902 өтініш, бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейінгі әлеуметтік төлемдерге 67 979 өтініш, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы бойынша 64 544 өтінішке жауап берді. Еске салайық, Бірыңғай байланыс орталығы 1381 мемлекеттік қызмет бойынша кеңес береді. Қазақстан азаматтары үшін кез келген байланыс операторы арқылы барлық өтініштер тегін қабылданады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau/press/news/details/941046
Құсбегіліктен Қазақстан чемпионаты: елордалық жасөспірімдер жеңіс тұғырынан көрінді 21.02.2025
Түркістан облысының Төле би ауданына қарасты Көксәйек ауылында өткен құсбегіліктен жасөспірімдер мен жастар арасындағы XVI Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Ауа райының тұманды әрі күрделі жағдайына қарамастан, қыран баптаған құсбегілер жарысқа тас-түйін дайындықпен шығып, шеберліктерін көрсетті.Жарыстың алғашқы күні жасөспірімдер арасында өтті, онда 22 бүркіт, 27 қаршыға және 10 ителгі бақ сынады. Ал екінші күні жастар арасында өткізілген сынға 22 бүркіт, 21 қаршыға және 9 ителгі қатысты.Ел чемпионатына Астана қаласының спортшылары қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді. Жасөспірімдер арасында бүркіт құсын салудан Ерасыл Серікбекұлы алтын медальға ие болды. Қаршыға құсын салудан Диас Кунтуған, ал ителгі құсын салудан Ерасыл Серікбекұлы үздік үштікке енді.Бұл чемпионатқа еліміздің 9 облысынан (Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Ұлытау) және екі ірі қаласынан (Астана, Алматы) келген үздік құсбегілер ұлттық өнерімізді дәріптеп, өзара мықтыны анықтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/940307
Астанада «Қанаттылар» инклюзивті театрының «Құстар фестивалі» қойылымының премьерасы өтеді 21.02.2025
Астанада «Қанаттылар» инклюзивті театрының «Құстар фестивалі» атты музыкалық спектакльінің премьерасы өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Пьеса авторы жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дулат Исабеков. Режиссері – мәдениет қайраткері Нұрфат Вахитов. Қойылым 24-25 ақпан күндері, сағат 19:00-де «Жастар театры» ғимаратында өтеді.Спектакльде – қоғамдағы әділетсіздік пен теңсіздікті, адамзатқа тән осалдық пен бойындағы көрсеқызар қасиетін баса алмай, білімді мен білімсіздің қалтасының қалыңдығына немесе күшіне қарап мақталатын заман құстар бейнесінде көрініс табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/940309