«Азаматтық қорғау туралы» заңын жетілдіру

«Азаматтық қорғау туралы» заңын жетілдіру

24.12.2024 22:15:29 1630

Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында 2024 жылы «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы шеңберінде өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жедел ден қою (қадағалау) шараларын қолдану тәртібі айқындалды («Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңының 38,39-баптары және жаңа 38-1-бабы).
Ішінара адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер төндіретін өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде субъектілердің қызметі немесе жекелеген қызмет түрі тоқтатылады немесе тыйым салынады.
Өзгерістер адал бизнес субъектілерінің қызметіне әсер етпейтінін атап өткен жөн.
Жедел ден қою шаралары бойынша түзетулерді қабылдау азаматтар мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің, оның ішінде ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар субъектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге сыбайлас жемқорлық тәуекелін төмендету мақсатында бейнетіркегіштерді пайдалану құзыреті көзделген.
Сонымен қатар заңға азаматтық қорғаныс саласында тексерулер жүргізу тәртібі бойынша жаңа 37-1-бап енгізілді.
ТЖМ ондаған жылдар бойы қолданыста болған заңға алғаш рет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірлеу арқылы азаматтық қорғау саласындағы нормаларды жетілдіру бөлігінде заңнамалық түзетулерге бастамашылық жасады. Заң жобасы ҚР Парламентінің Мәжілісінде қаралуда, жұмыс топтарының 17 отырысы өткізілді.
Заң жобасында бұрын қолданыста болған нормалар төтенше жағдайлар саласындағы заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге сәйкестікке келтірілген, сондай-ақ азаматтар мен аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірқатар жаңа тәсілдері көзделген.
Заң жобасымен азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, мемлекеттік материалдық резерв, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мен басқа да мәселелер бойынша азаматтық қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды іске асыру ұсынылады.
Заңды іске асыру кезінде азаматтық қорғау саласындағы заңға тәуелді нормативтік-құқықтық база қайта өңделіп, азаматтық қорғау саласындағы құқықтық реттеудің сапасы мен деңгейін арттыруда оң нәтиже беретін азаматтық қорғау жүйесі құрылатын болады.
2024 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша құқықтық актілердің 468 жобасына заң сараптамасы жүргізілді және қабылданды: ҚР Үкіметінің 27 қаулысы, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 441 бұйрығы, оның ішінде 31 бұйрық ҚР Әділет министрлігінде тіркелді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/908259