Қостанай облысы – жастар үшін мүмкіндік аймағы

Қостанай облысы – жастар үшін мүмкіндік аймағы

12.02.2025 22:42:10 726

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Миннесота университетімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттерімен кездесті. Бұл – жастарды мемлекеттік қолдаудың бір көрінісі. Бағдарлама аясында студенттер шетелге шықпай-ақ, халықаралық деңгейдегі диплом алуға мүмкіндік алады.
Мемлекет басшысы жастардың шетелге кетпей, сапалы білімді елімізде алуына жағдай жасауды тапсырды. Бұл, біріншіден, отбасыларға қаржылық ауыртпалықты азайтады, екіншіден, білікті мамандардың елден кетуіне жол бермейді. Қостанай облысы осы тапсырманы жүзеге асырып, әлемдік деңгейдегі жоғары білімді өз өңірінде алуға мүмкіндік жасап отыр.
Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің үш негізгі бағытта қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті:
• Машина жасау – KIA автозаводының іске қосылуы, автокомпоненттер шығаратын локализациялық орталықтың құрылысы.
• Қара металлургия – «Камлит» зауыты және Рудный қаласында ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыттың құрылысы.
• Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу – бидайды терең өңдейтін зауыттың құрылысы, ол астыққа қосылған құн беріп, әлемдік нарықта сұранысқа ие өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Бұл өндірістердің барлығы жоғары технологиялық және бағдарламалық қамтамасыз ету, цифрландыру, автоматтандырылған жүйелер саласындағы білікті мамандарды қажет етеді. Сондықтан IT саласы бойынша қос дипломдық бағдарламада оқып жатқан студенттер аймақтағы жаңа кәсіпорындарда сұранысқа ие болып, жоғары жалақы алатын мамандар қатарына қосылады.
Қостанай облысында жастардың сапалы білім алуынан бастап тұрақты жұмысқа орналасуына дейін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі студенттер – өңір экономикасының болашағы, сондықтан біз олардың өз әлеуетін туған жерінде жүзеге асыруы үшін барынша қолдау көрсетеміз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/936864