Қостанай облыстық ауруханасында қашықтықтан медициналық кеңес алу мүмкіндігі енгізілді
13.02.2025 18:42:46 1001
Қостанай облыстық ауруханасында жаңа қызмет – қашықтықтан медициналық кеңес беру жүйесі іске қосылды. Бұл жаңашылдық шалғай ауыл тұрғындарына облыс орталығына бармай-ақ білікті медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.
Қызмет 2024 жылдың соңында іске қосылып, 2025 жылдың қаңтарында дәрігерлер 13 онлайн-кеңес өткізді. Науқастар көбінесе уролог пен невропатологқа жүгінді, бірақ облыстық аурухананың барлық терапевтік және хирургиялық бейіндегі мамандары қолжетімді. Айта кетерлігі, биыл емханаға жетіспейтін мамандар – гематолог пен аллерголог келді.
Онлайн-кеңес қалай жүргізіледі?
Қашықтықтан кеңес тек алғашқы қабылдаудан өткен пациенттерге ғана қолжетімді. Алдымен дәрігер науқасты жеке қабылдап, қажетті тексерулерді тағайындайды. Пациент бұл тексерулерден аудандық емханасында өтеді, ал алынған нәтижелер – талдаулар, суреттер – электронды форматта жіберіледі. Дәрігер оларды қарап шығып, онлайн-режимде, көбінесе WhatsApp мессенджері арқылы кеңес береді.
– Бұл, әсіресе, егде жастағы адамдар мен облыс орталығына жиі келе алмайтын науқастар үшін өте ыңғайлы, – дейді консультативтік емхананың меңгерушісі Сауле Мендыкулова.
Уақыт пен қаржыны үнемдеу
Ауыл тұрғындары жаңа қызметтің артықшылықтарын бағалап үлгерді. Мысалы, Федоров ауданының тұрғыны Светлана Клейн қашықтықтан кеңес алу медициналық көмекті айтарлықтай жеңілдететінін атап өтті:
– Қостанайға әр сапар – қосымша шығындар мен физикалық ауыртпалық, әсіресе қарт адамдар үшін. Енді тексеру нәтижелерін жіберіп, дәрігерден онлайн түрде кеңес алуға болады, – дейді Светлана.
Қосымша медициналық қызметтер
Облыстық ауруханада қолжетімді медициналық зерттеулер ауқымы кеңеюде. Қазіргі уақытта пациенттерге кардиология, неврология, эндокринология және урология бойынша Check-up кешенді диагностикалық бағдарламалары ұсынылады. Барлық тексерулер бір күн ішінде жүргізіліп, нәтижелері мен дәрігердің ұсыныстары бірден беріледі.
Сонымен қатар, жақын арада кіші хирургия қызметі іске қосылмақ. Бұл стационарда ұзақ уақыт жатуды қажет етпейтін бірқатар медициналық мәселелерді амбулаториялық деңгейде шешуге мүмкіндік береді.
Қашықтықтан кеңес беру, диагностика және қабылдауға жазылу туралы толық ақпаратты Қостанай облыстық ауруханасының тіркеу бөлімінен немесе пациенттерді қолдау бірыңғай қызметінен алуға болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/937668