Өңірдің әлеуметтік маңызды жобаларын іске асыруға қосымша 38,1 млрд теңге бағытталды
14.02.2025 23:48:56 858
Облыстық мәслихаттың он сегізінші сессиясында депутаттар бюджетке 38,1 млрд теңге мөлшерінде нақтыланған түсімдерді бөлді. Бұл қаражат аймақтың маңызды мәселелерін шешуге бағытталды.
Сессия жұмысына облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.
Сессия барысында облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева былтыр депутаттардың атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалардың табысты іске асырылғанын атап өтті.
Одан кейін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов облыстық бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту және қала бюджетінен игерілмеген трансферттерді қайтару есебінен қамтамасыз етілген нақтылаулар мен қосымша түсімдер негізінде бюджет қаражатын қайта бөлу жөніндегі жобаны ұсынды.
Жобаға сәйкес 38,1 млрд теңге облыстың бірқатар елді мекеннің газ және сумен жабдықталуы мәселелерін шешуге, жолдар бойынша 13 жобаны іске асыруға, қалада кәріз желілерін қайта жаңартуға, Мәртөк ауданы Достық ауылы мен Ырғыз ауданы Қалыбай ауылдарында екі мектеп, Шалқар мен Хромтаудағы спорт кешендерін салуға, Темір ауданының Шұбарқұдық кентінде жабық бассейн, Алтын Орда шағын ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені және Кеңқияқ ауылында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтауға бағытталды. Сондай-ақ, қаражаттың бір бөлігі Ақтөбеде 150 орындық оңалту орталығын салуға және басқа да міндеттерді жүзеге асыруға көзделді.
«Айта кетейік, 38 миллиард теңге – бұл орасан зор қаражат және ол маңызды салаларға: білім беру, денсаулық сақтау, спорт және инфрақұрылымға бағытталған. Біз тұрғындармен кездескен кездегі көтерген мәселелерді шешеміз. Мен ай сайын барлық мәселені тікелей талқылау үшін азаматтарды қабылдап жүрмін. Сондай-ақ, өзекті мәселелерді шешу үшін депутаттармен белсенді жұмыс істейміз. Облыстың әр тұрғыны нақты өзгерістерді сезініп, көз жеткізуіне тырысып бағамыз. Бүгінгі таңда бюджет қаражатын бөлгеннен кейін алдымызға қойылған мақсаттарды іске асыру үшін көп мүмкіндік бар. Өңірімізді дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға ұмтыламыз», - деп облыс әкімі алға қойған міндеттерге назар аударды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/934006