Астанада өткен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде өрт сөндірушілер мен құтқарушылар бұрышы көрсетілді
15.02.2025 00:00:20 1255
2025 жылғы 11-15 ақпан аралығында Астанада Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ел Президенті жариялаған жұмысшы мамандықтарының жылы аясында ұйымдастырған «Жұмысшы мамандықтар қаласы» республикалық фестивалі өтуде.
Өткізу орны – «EXPO» халықаралық көрме орталығы, онда кәсіп түрлері бойынша тақырыптық көшелер ұсынылған.
Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі фестиваль аясында құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің мамандықтарына арналған бұрыш ұсынды.
Құтқарушы мамандығының беделін арттыру және жастар арасында кәсіпке деген қызығушылығын туғызу мақсатында «Құтқарушылар көшесі» және «Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар аймағы» ашылды. Бұл кеңістіктер қауіпсіздік және азаматтық қорғау саласындағы маңызды мамандықтармен танысу үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды.
Ашылу салтанатына ТЖ вице-министрі Кеген Тұрсынбаев қатысып: «Біздің мақсатымыз – жастарға құтқарушы мамандығының қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсету. Біз заманауи жабдықтар мен техниканы ғана емес, сондай-ақ өскелең ұрпаққа патриотизм сезімін және күн сайын басқалардың қауіпсіздігі үшін өз өмірін қатерге тігетін қызметкерлерге деген құрмет сезімін тәрбиелей алатынымызды мақтан тұтамыз. Баршаңызды фестивальге қатысып, адамдарды құтқаруға және қорғауға көмектесетін жұмысымыз туралы көбірек білуге шақырамыз»,- деп атап өтті.
«Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар бұрышында» келушілер құтқарушылардың арнайы киімдерінің заманауи үлгілерін, өрт-техникалық қару-жарақтарды, тез салынатын өрт сөндіру бөлімінің макетін, жедел әрекет ету өрт сөндіру техникасын және Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері пайдаланатын медициналық жабдықтарды қамтитын экспозицияны көре алады.
«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі жастар үшін жұмысшы мамандықтарының кең ауқымы туралы білуге, табысты және сұранысқа ие мансапқа жетелейтін жолды таңдауға тамаша мүмкіндік болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/935698