Өнерлі әжелерден құрылған «Сағыныш сазы» ансамбліне – 5 жыл

Өнерлі әжелерден құрылған «Сағыныш сазы» ансамбліне – 5 жыл

15.02.2025 00:15:00 506

Астанада өнерлі зейнеткерлерінен құралған «Сағыныш сазы» ансамбліне 5 жыл толды. Осыған орай ұжым елордада арнайы концертін өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Ансамбль өз жұмысын 2019 жылдың желтоқсан айында Сарыарқа ауданына қарасты қалалық ардагерлер ұжымында бастаған. Өнер ұжымының репертуары алғаш құрылған кезде халық әндерін орындаудан басталған еді. Үнемі шығармашылық ізденісте жүрген ансамбльдің репертуарында 80-ге жуық ән бар.
Жақында өнер ұжымы өзінің бес жылдық мерейтойына орай есептік концерт ұйымдастырып, өнерсүйерді қауымды әуезді әндерімен таңқалдырды. Концерттік бағдарламада терме, халық және эстрадалық әндермен қатар, күй орындалды.
«Біздің «Сағыныш саз» ансамблінде 63-78 жас аралығындағы 20-ға жуық өнерлі зейнеткер бар. Олар өз репертуарларын үнемі жаңартып тұрады. Соңғы кезде эстрадалық жанрды жаңғыртып келеді. Олардың орындауындағы «Қайдасың», «Махаббат мұңы», «Сағыныш сазы», «Есіл ағады», «Тамшылар» т.б әндері көрермен көңілінен орын алуда. Ансамбль өнерпаздары қаламызда өтетін мәдени іс-шараларға белсене қатысып, өнер жолындағы жүкті бірлесе көтеріп, киелі сахна төрінде өнер көрсетуден жалыққан емес» - деп сөзін түйіндеді Есіл ауданы бойынша БҰӨСО-ның мәдени ұйымдастырушысы Гүлшат Әлекешқызы.
Бүгінде «Сағыныш сазы» ансамблі өз замандастарының сүйікті әншілеріне айналып, қала тұрғындарын өнердегі жетістіктерімен қуантып келеді.
Атап айтқанда, 2024 жылы Түркістан қаласында өткен «Astana Stars» «TURKESTAN GRAND FESTIVAL» байқау-фестиваліне қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/938298