Қызылорда облысындағы жұмыстардың қорытындысы
02.12.2024 12:06:37 1276
2024 жылғы 30 қарашада Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Қызылорда облысының тұрғындарымен және үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде аймақтың экологиялық жағдайы және қоршаған ортаны жақсарту бойынша министрлік қабылдап жатқан шаралар талқыланды.
Қызылорда облысының экологиялық жағдайы жалпы алғанда салыстырмалы түрде қолайлы.
2024 жылдың 9 айында облыста 227 мың тонна өндірістік қалдықтар пайда болды, оның 30 пайызы (68,4 мың тоннасы) қайта өңделіп, кәдеге жаратылды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) орналастыруға арналған 145 нысанның тек 7-еуі (4,8 %) экологиялық стандарттарға сәйкес келеді. Сонымен қатар, 120 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылып, «Геопортал» жүйесіне енгізілді.
Аймақта экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде Қызылорда қаласындағы ағын суларды биологиялық тазарту станциясын жаңғырту жобасы бар. Қазіргі уақытта станция тәулігіне 35–38 мың м³ ағын суды қабылдайды, алайда биологиялық тазарту қондырғыларының тозуына байланысты бұл процесс жүзеге аспай отыр. Құны 2,7 млрд теңгені құрайтын жоба республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
Бұрынғы ЖЭО-6 күл үйінділерін қалпына келтіру 42 га аумақта жүргізілуде, онда 1 миллион тоннадан астам көмір күлі жиналған. «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-мен бірлесіп, бұл қалдықтарды цемент өндіруде пайдалану қолға алынған, қазіргі таңда 23 845 тонна күл өңделген.
Көгалдандыру жұмыстары аясында 145 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, 47,5 мың га аумақ тазартылды. Арал өңірін қалпына келтіру аясында 2024 жылы 275 мың га жерде орман мелиорациясы жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, заңсыз ағаш кесудің 6 жағдайы анықталып, құқық қорғау органдарына материалдар жіберілді.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ызылорда облысы бойынша 630 мыңнан астам адам сенбіліктерге қатысып, шаралар барысында 24 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды, бұл аймақтың санитарлық жағдайын айтарлықтай жақсартты.
Министрлік өңірдің экологиялық мәселелерін кешенді шешуге бағытталған жол картасын іске асыруды жалғастыруда. Жол картасы аясындағы 52 іс-шараның 17-сі орындалды, қалғаны жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, кездесу барысында азаматтарды жеке қабылдау және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/894066