ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарымен кездесу өткізді

ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарымен кездесу өткізді

04.01.2025 12:54:46 704

ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Іс-шараға қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, туристік сала өкілдері, спортшылар және өңір тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында Ержан Еркінбаев министрліктің туризм саласындағы негізгі бастамалары мен жоспарлары туралы баяндады. Әсіресе, жиында туристік инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және өңірдің туристік тартымдылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Солтүстік Қазақстан облысы туризмді дамытуда үлкен әлеуетке ие. «Көкшетау» ұлттық паркіне кіретін Имантау-Шалқар курорттық аймағы өңірдің негізгі туристік бағыттарының бірі саналады. Мұнда қазірдің өзінде 36 демалыс орны жұмыс істейді, оның 10-ы саяхатшыларға жыл бойы қызмет көрсетеді. Инфрақұрылым мен экотуризмді дамытуға басымдық береміз», – деді Ержан Еркінбаев.

Биыл өңірге 115 мыңнан астам турист келген, оның ішінде 6 мыңға жуығы шетелдіктер. Туристік инфрақұрылымды жақсарту және саяхатшылар санын арттыру мақсатында 21 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аяқталған жобалардың қатарында демалыс базаларын жаңғырту, демалыс аймақтарын салу және курорттық аймақтағы жолдарды қайта жаңарту бар. Қазіргі уақытта 18 инфрақұрылымдық жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Аймақта экотуризм де белсенді дамуда: өңірде заманауи глэмпингтер, визит-орталықтар салу және жаңа туристік маршруттарды құру жоспарлануда. Мұндай жобалар туристерді тартуға және табиғатқа тигізетін әсерді азайтуға да ықпал етеді. Бұл ұлттық парк үшін аса маңызды.

2024 жылы өңірдегі туристік қызмет көрсету көлемі 1,8 миллиард теңгені құрады. Сала тұрақты дамып келеді. Ел бойынша орналастыру орындарының кірісі 2024 жылдың тоғыз айында 27%-ға артып, 224 миллиард теңгеге жеткен.

«Солтүстік Қазақстан облысында спортпен 225 мыңнан астам адам шұғылданады. Бұл өңір халқының 42,9%-ын құрайды. Сондай-ақ 50 мыңнан астам бала тегін спорт секциясымен қамтылған», – деді Ержан Еркінбаев.

Кейінгі екі жылда өңірде 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 4 жабық хоккей айдыны салынды. Сондай-ақ «Қарасай» стадионын жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Петропавлдағы «Динамо» стадионы жаңғыртылып, жаңа жасанды алаң төселді. Облыста бассейндер, хоккей айдындары мен спорт кешендерінің құрылысы жалғасуда.

Есеп беру кездесуінен кейін Ержан Еркінбаев азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/909632