«Медициналық көмекті алысқа бармай, ауылдан аламыз»: БҚО-да кезекті дәрігерлік амбулатория ашылды

«Медициналық көмекті алысқа бармай, ауылдан аламыз»: БҚО-да кезекті дәрігерлік амбулатория ашылды

15.01.2025 22:41:23 946

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы іске қосылған "ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында Жаңақала ауданы Мастексай ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
Жалпы ауданы 449 шаршы метрді құрайтын медициналық мекеме тәулігіне 35 адамға дейін қабылдай алады.
Мұнда қабылдау бөлмесі, физиотерапия бөлмесі, жаттығу залы, емдеу бөлмесі, вакцинация бөлмесі, жеке қорғаныс құралдарын ауыстыратын бөлмелер, оқшаулау бөлмесі, акушерлер бөлмесі және дәріхана орналасқан. Сондай-ақ, дәрігерлік амбулатория заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған.
Медициналық нысанның ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтады.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында облыста 2023 жылдан бастап 36 нысан іске қосылды. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың әл – ауқатын арттыру және қызмет көрсету сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс", - деп атап өтті Нариман Төреғалиев.
Ауыл тұрғындары өз кезегінде мемлекет атқарған жұмыстары үшін алғыстарын білдірді.
"Біздің ауылда заманауи жабдықтармен жабдықталған дәрігерлік амбулатория ашылғанына қуаныштымыз. Енді медициналық көмекті алысқа бармай-ақ ауылдан алуға болады. Бұл біздің Президентіміздің ауыл тұрғындарына, қарапайым халыққа көрсетіп отырған қолдауы", - деді Денсаулық сақтау ардагері Райса Дүйсенғалиева.
Дәрігерлік амбулатория халықтың денсаулығын нығайтуда және сапалы медициналық көмекті қамтамасыз етуде маңызды буын болады.
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko/press/news/details/917412