ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының орынбасары Нада Әл-Нашиф ханыммен кездесті
25.01.2025 13:16:07 1012
Женева қаласында Әмбебап кезеңдік шолудың төртінші цикліне ҚР Ұлттық баяндамасын қорғау шеңберінде ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының орынбасары Нада Әл-Нашиф ханыммен кездесіп, Қазақстанда адам құқықтарын қамтамасыз етуді нығайту жөніндегі өзара тиімді мүмкіндіктер туралы нәтижелі диалог пен пікір алмасу өткізді.
Сондай-ақ Қазақстандағы адам құқықтарының түрлі аспектілері талқыланды. Тараптар атқарылған жұмыстар туралы пікір алмасып, құқықтық жүйені жетілдіру саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Жоғарғы комиссардың 2023 жылғы наурыздағы Қазақстанға ресми сапарының қорытындысы бойынша берген ұсынымдарына және мемлекеттік органдардың Жоғарғы комиссар басқармасымен ынтымақтастығының перспективалық бағыттарына ерекше назар аударылды.
Кездесу нәтижесінде тараптар перспективалық бағыттар шеңберінде одан әрі ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Қазақстан өзара қызығушылық тудыратын салаларда жұмысты жалғастыруға дайын екендігін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/923792