Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Татарстан Республикасының Раисымен кездесті

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Татарстан Республикасының Раисымен кездесті

04.03.2025 01:13:36 341

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Қазан қаласында Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановпен кездесті. Атырау облысынан барған делегацияның жұмыс сапары аясындағы жүздесу аймақаралық әріптестікті нығайту, Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуды көздейді, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуде сөз алған Серік Шәпкенов жылы қабылдауға ризашылығын білдіріп, мұнай-химия саласындағы ықпалдастықтың маңызына баса назар аударды:

“Атырау — Қазақстанның мұнайлы астанасы, ал Татарстанның бұл салада тәжірибесі мол. Сіздерде жолға қойылған технологиялар мен тәжірибелерді жоғары бағалаймыз. Бізге мұнай-химия кешенін дамытуды жеделдету қажет, бұл процесте тиімділігі дәлелденген сәтті әдіс-тәсілдерді негізге алу маңызды стратегиялық қадам болмақ. Біз озат тәжірибелерді зерделеп, оны өз өңірімізде енгізуге мүдделіміз”,- деді облыс әкімі.

Тараптар экономикалық және өнеркәсіптік серіктестіктің перспективалары жайында әңгімелесіп, заманауи технологияларды енгізудегі тәжірибемен алмасты, сондай-ақ энергетика, мұнай-химия, машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, IT, басқа да стратегиялық бағыттар бойынша әріпстестіктің мүмкіндіктері жайында да сөйлесті.

Татарстан Раисы Рустам Минниханов біріге жұмыс жасаудың әлеуеті жоғары екенін атап өтті:

“Мемлекет басшылары Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық деңгейдегі серіктестікті белсенді қолдап келеді. Біз арадағы туыстық қарым-қатынасты бағалаймыз. Қазақстан — Татарстанның шетелдік жетекші серіктестерінің бірі”.

Кездесуде индустриялық аймақты дамыту, инвестициялық тартымдылық, сондай-ақ қалалар мен ауылдарда жайлы орта құруға қатысты сұрақтарға да баса мән берілді.

Атырау облысының делегациясы Татарстан Раисының бастамасымен жасалған екі күндік сапарда бірқатар өнеркәсіптік нысанда болып, мұнай-химия, IT-индустрия және білім беру мекемелерінің тынысымен танысты.

Келіссөздер нәтижесінде Атырау облысының экономикалық дамуына бағытталған біріккен жобаларды іске асыру көзделген.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/945559