Түркістан облысында АӨК кәсіпорындарына баспасөз туры ұйымдастырылды

Түркістан облысында АӨК кәсіпорындарына баспасөз туры ұйымдастырылды

04.03.2025 01:14:21 110

ҚР АШМ және Түркістан облысының әкімдігі бірлесіп өңірдің агроөнеркәсіптік нысандары бойынша баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шара аясында БАҚ өкілдері ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібін дамытуға бағытталған жетекші жобалармен танысты.
Арыс ауданы Қожатоғай ауылында 50 000 бас ірі қара малға арналған ірі бордақылау кешені салынуда. Құны 16,2 млрд теңге болатын жобаны "Turkestan Agro.kz" ЖШС жүзеге асыруда.
Бүгінгі таңда бірінші кезең аясында алаңға 600 – ге жуық бас әкелінді, жыл соңына қарай ІҚМ саны 15 000 басқа дейін, 2026-2027 жылдары-35 000 басқа дейін ұлғайтылатын болады. Жемшөп базасы 4 710 га аумақта жаңбырлатып суару технологиясын қолдана отырып, жемшөп дақылдарын өсіру есебінен қамтамасыз етіледі.
"King Milk" зауытында журналистер түйе сүтінің ұнтағын өндірумен танысты. 2022 жылдың ақпан айынан бастап кәсіпорын жылына 70 тоннадан астам сүт өңдейді. Зауыт заманауи цифрлық жабдықтармен қамтылған, өндіріс процесі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Дайын өнім Қазақстан өңірлерінде сатылады, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерге экспортталады.
Сайрам ауданында журналистер "Gen Group Kazakhstan" банан өсіретін жылыжай кешенін қоса алғанда, бірнеше агроөнеркәсіпорынды аралады. Ауданы 5,3 га жылыжайларда Қазақстанның климатына бейімделген банан сорты өсіріледі. Жақын арада жылыжайды тағы 5 гектарға кеңейту жоспарлануда.
Ақсукент ауылындағы "Айқан" сүт зауытында тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңделеді, ірімшіктің 13 түрі, ашытылған сүт өнімдері өндіріледі. Өнімдер ел өңірлерінде сатылады.
Сауран ауданында баспасөз турына қатысушылар Қазақстандағы тұңғыш спринклер жүйелерін шығаратын зауыттың жұмысымен таныстырылды. Американдық "Nelson Irrigation" компаниясымен бірлесе отырып, "BNK Group LTD" кәсіпорны жылына 1000-ға дейін шашыратқыш машиналар шығарады. Жобаның жалпы құны-4,1 млрд теңге.
"Әл-Береке" кооперативі көкөністер мен жемістерді өңдеумен айналысады. Мұнда жыл сайын 1,5 мың тоннаға дейін табиғи шырындар өндіріледі, сондай-ақ дайын өнімге арналған заманауи қоймалар жұмыс істейді.
Ордабасы ауданында БАҚ өкілдері форель шаруашылығына барды. Құны 9,1 млн теңге болатын жоба "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында іске асырылды.
Сондай-ақ, журналистер ірі қара мен жылқыны бордақылауға маманданған "Өтепов М" шаруашылығында болды. 2021 жылы құрылған кәсіпорын жылына 350 тоннаға дейін ет өндіреді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/945031