Қарағандылық оқушылар АҚШ-та робототехникадан әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайды

Қарағандылық оқушылар АҚШ-та робототехникадан әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайды

04.03.2025 01:16:49 66

«Мұрагер» МЛИ-ның екі командасы бірден Гран-при мен робототехника бойынша беделді әлемдік турнирге жолдамаға ие болып, 1–11 (12) сынып оқушылары арасында First Robotics Almaty Tech Cup 2025 – Central Asia FIRST Championship халықаралық жарыстарында жеңіске жетті.
Чемпионат 2014 жылдан бері өткізіліп келеді, осы уақыт ішінде командалар саны 20-дан 400-ге дейін өсті. Жарысқа Әзірбайжан, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Түрікменстан, Өзбекстан, БАӘ, Сауд Арабиясы және Қазақстанның барлық өңірлерінен мықты командалар қатысты.
Биыл чемпионат робототехника, инженерия және дрондар жарысы бойынша жарыстарды біріктірді, олардың арасында Aspan Cyber Race, Aspan Drone Competition, Aspan Whoop Race және Aspan Drone Race бар. Қатысушылар First Lego League (4–16 жас) және First Tech Challenge (16–18 жас) сияқты бағыттарда машықтарын көрсетті.
Су ресурстары мен су асты әлемін зерттеудің жаһандық проблемаларына арналған жарыстарға Қарағанды облысының «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының төрт командасы қатысты. FIRST LEGO League Challenge санатында «M2T» командасы Autonomous genius award номинациясын алды, ал Rasslexx командасы Гран-при мен Хьюстондағы (АҚШ) әлемдік кезеңге жолдаманы жеңіп алды.
– Біз Rasslexx командасымен бірге инновациялық жобаны - адамның кеме бортынан құлауын қадағалайтын GPS-трекерді ұсындық. Егер ол орын алса, трекер капитанға белгі беріп, дәл координаттарын береді, ал детектор-камера арқылы суға құлаудың қайдан және қалай болғаны көрінеді, – деді оқушыларды чемпионатқа алып барған мектеп менторы Жанәділ Шәкәрім.
FIRST Tech Challenge категориясында FTC роботтарының сайысы қызу өтті. Бірақ мектептің Jeltoqsun командасы Inspire award және Winning alliance partner award номинацияларынан басқа, Хьюстонда өтетін әлемдік кезеңге жолдама алды.
– Біздің командада қазылар алқасын бағалаудың барлық критерийлері бойынша үздік болып шыққан инновациялық жоба болды, – дейді Жанәділ Шәкәрім. – Біздің жобаның ерекшелігі роботтың өзінде ғана емес, сауатты жазылған кодтарда, соның арқасында ол өз миссияларын тұрақты орындады. Бір тапсырмаға сәйкес, біздің роботтарымыз картадан өтіп, екі жарым минут ішінде 15 миссияны орындауға тиіс болатын. Бұл жерде біздің команданың нәтижесі үздік үштікке енді.
Сонымен қатар, мектеп жоғары жетістіктері үшін Recognition award номинациясы бойынша марапатталды, ал 11-сынып оқушылары Руслан Огай мен Алина Әнірова Қазақстан-Британ техникалық университетінде оқуға төрт жылдық грант алды. Қазір оқушылар қандай факультетке оқуға баруды таңдау алдында тұр.
Ал Jeltoqsun командасының капитаны Ақбар Ермеков АҚШ-тың жоғары оқу орындарының бірінде оқу грантына бүкіл әлем бойынша іріктелген жиырма үміткерлердің қатарына енді.
– Мен робототехникалық жарыстарға 8-сыныптан бастап қатысамын және қазірдің өзінде үлкен табыстарға қол жеткіздім. Қарағандыдағы Roboland байқауына қатысып, Алматыға, Астанаға, американдық Вустер қаласына бардым. Біз барлық жерде сәтті өнер көрсетіп, марапаттарға ие болдық. Осының бәрі болашақтағы өмірлік жолдарды да анықтауға көмектесті: ІТ саласында жұмыс істегім келеді, – деп бөлісті Ақбар Ермеков.
– Біздің оқушылар тек мектепті ғана емес, біздің облысты да 3 мыңнан астам оқушы қатысқан халықаралық жарыстардағы жетістіктерімен танымал етті, – деп атап өтті «Мұрагер» МЛИ директоры Нұрғазы Өтебаев.
Қазақстандық оқушылар халықаралық аренада бірнеше рет әлем алтынын жеңіп алды: жас инженерлер Женевада (2022), Сингапурда (2023) және Афинада (2024) үздік деп танылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/946984