Қобда ауданында екі бөгет жөндеуден өткізіліп, үшінші бөгетке су бұру арнасы салынды
04.03.2025 01:18:59 88
Ауданға жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы «Батыс», «Сауқайың» және «Орал-Ойыл» бөгеттерінің жағдайын көрді.
Аудан әкімі Ізгілік Тынымгереевтің айтуынша, екі гидроқұрылысқа да жөндеу жұмыстарын «Авторитет құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізген.
Бұдан бөлек, аталған құрылыс компаниясы ұзындығы 4,9 шақырымды құрайтын «Орал-Ойыл» бөгетінде су бұру арнасын салды. Үш жоба бойынша жүргізілген жұмыстарға жалпы көлемі 900 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Стратегиялық маңызды үш нысан да техникалық және авторлық бақылаудан өтеді.
Жалпы ұзындығы 9,2 шақырым гидротехникалық құрылымдар көктемгі су тасқыны кезінде су ағындарын тиімді реттеуге мүмкіндік береді және аудан орталығын су басудан қорғайды.
Бөгеттердің жай-күйін қарап шыққаннан кейін облыс әкімі су тасқыны кезеңінде олардың жұмысын қамтамасыз ету үшін су бұру арналары мен бөгеттердің пайдаланылуына бақылауды күшейтуді тапсырды. Аудан әкіміне елді мекендерді су тасқынынан қорғау және су бұруды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу міндеттелді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/948606