Төраға орынбасары Ұлытауда биыл жаңғыртылатын базарларға барды

Төраға орынбасары Ұлытауда биыл жаңғыртылатын базарларға барды

04.03.2025 01:19:16 187

Базарларды жаңғырту жөніндегі Жол картасына сай биыл Ұлытау облысында 2 сауда базары жаңғыртудан өтеді. ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев Жазқазған қаласындағы «Мерей» және «Нарық» базарларына барды.
Сауда субъектілері сәуір-мамыр айынан бастап жаңарту жұмыстарына белсенді кірісуге ниетті. Қазір 2 базарда құжаттамалық жұмыстар мен ішкі бөлу жұмыстары жүріп жатыр. Ернұр Жәутікбаев базар иелері және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп жаңғырту жұмыстарын уақытылы аяқтауға кедергі келтіретін мәселелерді талқылады.
«Жол картасына сәйкес елдегі барлық базарды жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін мерзімінде аяқталуы тиіс. Бұл туралы өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бұл жұмыс – бірінші кезекте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі екенін қайталап айтамыз. Дегенмен жергілікті әкімдік жаңғырту жұмыстарының белсенді жүруіне қолғабыс етуі керек», - деген Ернұр Жәутікбаев аталған базарлардағы туындаған инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді әкімдікке тапсырды.
Айта кету керек, Сауда заңнамасының талаптарына сай сауда базарлары бірнеше талаптарға сай келуі керек. Олардың ішінде ең маңыздылары – базардың өрт қауіпсіздік және санитарлық талаптарға сай болуы, тұтынушылардың онлай төлем жасауын қамтамасыз ету және өз аумағында көлік тұрағы болуы қажет. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Сауда заңнамасы талаптарына сай келмейтін базар иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/948522