Жетісу облысында NEET санатындағы 50 жас әскери-техникалық мектепте оқу-дайындықтан өтеді
04.03.2025 01:19:28 121
Биыл Жетісу облысында NEET санатындағы 50 жас Талдықорған қаласындағы әскери-техникалық мектеп базасында бір жарым айлық әскери оқу-дайындығынан өткізіліп одан әрі жұмысқа тұруына жағдай жасалды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жалпы осы жылы облыс әкімдігі мен облыстық прокуратура бірлесіп «Жастар тәрбиесі – болашақ тірегі» атауымен Жетісу облысындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарын жасады. Жоспарда жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, жұмыссыз және NEET санатындағы, пробация қызметінде тұрған жастармен жұмыс жүргізуге, сол сияқтырадикалды діни бағыттардан сақтандыруға басымдық берілген.
Аталған жоспарды іске асыру мәселесі облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетовтің төрағалығымен өткен жиында талқыланып, оған облыс прокуратурасы, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты.
Жиында айтылғандай, Жетісу облысындағы жастардың ішінде еңбекке қабілетті жастағы 113,5 мың адамның 96%-ы экономиканың түрлі салаларында еңбек етіп жүр. Былтыр жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған 27,8 мың адамның 9,2 мыңы жастарды құраған. Өткен жылы кәсіптік даярлауға жолданған адамның 40% - жастар.Олар автоэлектрик, дәнекерлеуші, есепші, тігінші, аспаз, шаштараз, кондитер, наубайшы мамандықтарына ие болды. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстарға, «Жасыл ел», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім шарты» жобаларына да белсенді тартылды. Кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесу бағытында 57 жас жалпы сомасы 84,2 млн.теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, өз ісін бастады. Ал биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына8 мың жасты қамту жоспарланып отыр.
Сол сияқты «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында 5 бағытта әр жобаға 3 млн. теңгеден жыл сайын 30 млн. теңге бөлінеді. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары гранттар конкурсына ауыл жастарын көптеп қатыстыруға ықпал ету қажеттігін айтты.
- «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының ережесіне өзгерістер енгізіп, ауыл жастарына арналған бағыттарды ұйымдастыру керек. Жалпы жастарға арналған облыс әкімінің, кәсіпорындардың, басқа да мекемелердің гранттары туралы, қайта даярлау мен оқыту жайлы ақпараттарды жастар арасында кеңінен таратудың маңызы зор. Сол сияқты жергілікті жерлерде жұмыс беруші кәсіпорындармен келісімдер жасасып, олардағы бос жұмыс орындарының тізімін қалыптастыру керек. Бұл әсіресе NEET санатындағы жастарды қажетті кәсіпке оқытуға, жұмыспен қамтуға үлкен ықпалын тигізетін шаралар, - деді Д.Есдәулетов.
Жиын барысындаNEET санатындағы жастарға психологиялық көмек көрсету, патриоттық тәрбие бағытында Сарыөзектегі әскери бөлімдер базасында «Жас сарбаз» әскери-спорттық ойындар жарысын ұйымдастыру, отбасы рөлін нығайтужәне оған қолдау көрсету сияқты профилактикалық шараларды кеңінен атқару туралы шешім қабылданды. Сол сияқты жастардың қоғамға бейімделуіне кедергі келтіретін жайттардың себебін зерттеуге баса назар аударылады. Оған қоса «Жасыл ел» жасақтарының саны екі есеге арттырылады.
Кездесу қорытындысында аудан-қалаларда 2025-2026 жылдары жастарға қызмет көрсету орталықтарын ашу, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, гранттар, жобалар туралы ақпараттарды кеңінен тарату т.б. маңызды бірқатар тапсырмалар берілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/948764