2024 жылы құрылыс материалдары өндірісіне 180 млрд теңге инвестиция бағытталды

2024 жылы құрылыс материалдары өндірісіне 180 млрд теңге инвестиция бағытталды

04.03.2025 01:19:45 737

2024 жылы құрылыс материалдарын өндіру көлемі 1 336 млрд теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда (1 249 млрд теңге) 6,9 %-ға артты. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады. Саладағы өсім негізінен ескерткіштерге арналған өңделген тас өндірісінің 24,8 %-ға, минералды және шлак мақта өндірісінің 22,4 % - ға, отқа төзімді емес керамикалық кірпіш өндірісінің 7,7 % - ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

Жалпы алғанда, саладағы өндіріс көлемінің өсуі құрылыс жұмыстарының 18,5%-ға артуымен байланысты. Бұған белгілі дәрежеде инвестициялар да ықпал етті. Өткен жылы тұрғын үй құрылысына 3 542,5 млрд теңге инвестиция бағытталып, 2023 жылмен салыстырғанда 14,7%-ға жоғары болған.

Өндірістің ең үлкен көлемі Астана қаласына (жалпы өндірістің 13,5%), Қарағанды облысына (9,3%) және Алматы облысына (9,1%) тиесілі болды.

Құрылыс материалдарының экспорты 276,3 млн АҚШ долларын құрап, 2023 жылмен салыстырғанда ақшалай мәнде 11,8%-ға өсті. Экспорттың негізгі тауарларының қатарында отқа төзімді цемент, портландцемент, арматура, керамикалық оқшаулағыш бұйымдар, керамикалық плиткалар және басқа да өнімдер болды.

Құрылыс материалдары өнімдерінің импорты 1 300,2 млн АҚШ долларын құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 8,8%-ға өсті. Негізгі импорттық тауарлар қатарында цементтен жасалған бұйымдар, шлак пен минералды силикатты мақта, керамикалық плитка, портландцемент және басқа да өнімдер бар.

Салаға негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 180 млрд теңгені құрады. 2024 жылы Алматы облысында жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын «ТехноНиколь-Казахстан» ЖШС зауыты, Жамбыл облысында цемент өндіретін «Korcem» ЖШС зауыты, Шымкентте керамикалық плиткалар шығаратын «Wang Sheng Ceramic» ЖШС зауыты және басқа да жобалар іске қосылды.

Саладағы өндіріс көлемінің тұрақты өсуіне «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары серпін береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/947953