Қостанай облысында туризмді дамыту туралы

Қостанай облысында туризмді дамыту туралы

04.03.2025 16:08:57 737

Соңғы уақытта елімізге туристік бағыт ретінде қызығушылық айтарлықтай артты. Осыған байланысты отандық және шетелдік туристерді көбірек тарту мақсатында ұсынылатын қызметтер аясы кеңеюде. Қазақстан бұл тұрғыда өте алуан түрлі – қар басқан тау шыңдарынан бастап құмды бархандар мен кең жазықтарға дейінгі табиғи көріністерімен ерекшеленеді.
Біздің облыс та бұл үрдістен қалыс қалмай, экологиялық, сауықтыру және қажылық туризмін дамытуға әлеуеті бар аймақ ретінде танылуда. Өңір аумағында мәдени-танымдық туризмнің негізі болатын құнды тарихи және рухани ескерткіштер сақталған.
2024 жылдың 9 айында облысымызға 160 мыңнан астам отандық және 9 мыңнан аса шетелдік турист келді. Орналастыру орындары көрсеткен қызметтердің жалпы көлемі 2,6 млрд теңгені құрап, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,2%-ға өсті. Туризм саласына 12 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.
Саладағы маңызды инвестициялық жобалардың бірі – Амангелді ауданында салынып жатқан туристік кешен. Бұл жерде қонақүй, сақ саунасы, субұрқақты бассейн, балалар алаңдары, сондай-ақ Тәж-Махал, Мысыр пирамидалары және Эйфель мұнарасы сынды әйгілі сәулет ескерткіштерінің көшірмелері орналаспақ.
Сонымен қатар, Қазақстанның тарихи құндылықтарын сақтау мақсатында Ұлттық жады қабырғасы мен музей салу жоспарлануда.
Облыстағы экологиялық туризмнің орталығы – ЮНЕСКО-ның мәдени мұра нысандары тізіміне енген Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы. 1931 жылы құрылған бұл қорықтың флорасы мен фаунасы 687 өсімдік түрін, 318 құс және 45 сүтқоректі түрін қамтиды.
Экотуристер үшін ұзындығы 185 шақырымды құрайтын 6 экскурсиялық соқпақ пен маршрут жұмыс істейді.
Сонымен қатар, өңірде туризмді одан әрі дамыту мақсатында қызмет көрсету саласын, соның ішінде әуе көлігі инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізілуде.
«Қостанай» халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағы мен терминалы халықаралық стандарттарға сай жаңғыртылды. Енді әуежай 200 тоннаға дейінгі салмақтағы әуе кемелерін қабылдай алады. Сондай-ақ, терминал аумағы кеңейтіліп, жолаушыларды өткізу қабілеті артты, ұшып кету және келу аймақтарына телескопиялық трап орнатылды.
Алдағы уақытта Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру жоспарланған. Ұшу-қону жолағын жөндеу, жаңа терминал салу, метеорологиялық және радиотехникалық құрал-жабдықтар, арнайы техникалар сатып алу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы мен Чехия Республикасы арасындағы халықаралық келісім аясында Қостанай облысының оңтүстік бөлігінде – тарихи табиғи мекенінде – Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
2024 жылдың маусым айында Амангелді және Жангелдин аудандарында орналасқан «Әлиби» реинтродукция орталығына алғашқы 7 Пржевальский жылқысы жеткізілді. Жалпы саны 40 жылқыны жерсіндіру жоспарланған.
Осылайша, өңірде көлік инфрақұрылымын дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл шаралар аймақтың туристік әлеуетімен ұштасып, тек отандық қана емес, шетелдік туристерді де тартуға мүмкіндік береді.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман ӘБЕНОВ-тың,
«Костанайские новости» газетіне берген сұхбатынан

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/950391