IQanat: Қостанайда ауыл оқушыларына арналған олимпиаданың облыстық кезеңі өтті
05.04.2025 21:38:55 506Қостанайда өткен IQanat республикалық олимпиадасының облыстық кезеңіне өңірдің түкпір-түкпірінен 400-ден астам 8-сынып оқушысы қатысты. Бұл тур қорытындысы бойынша еліміздің ең үздік 1000 оқушысы финалға жолдама алады.
Олимпиаданың басты ерекшелігі – әлеуметтік бағыты. Қатысушылардың 70%-ы – әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан балалар. Финалға өткендер үшін екі мүмкіндік қарастырылған: бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектеп-интернатына тегін қабылданады, ал қалғандары үш жылдық қолдау бағдарламасымен қамтылады. Бұл бағдарлама ЕНТ, халықаралық емтихандарға дайындықты, ағылшын, ІТ, soft skills және кәсіпкерлік дағдыларын қамтиды.
– IQanat бағдарламаларына қатысқан балалардың 90%-ға жуығы Қазақстан мен шетелдің үздік университеттеріне грант арқылы оқуға түседі. Қазіргі таңда түлектеріміз 15 елде білім алуда, – дейді IQanat білім беру қорының өңірлік үйлестірушісі Гүлнара Берсагурова.
Олимпиада логикалық, сыни және кеңістіктік ойлау, математикалық сауаттылық пен ағылшын тілін тексеруді қамтыды. Сонымен қатар, оқушылар 6 пәннің бірін таңдап, тереңдетілген тест тапсырды: математика, физика, химия, биология, Қазақстан тарихы немесе география.
Биылғы жаңа жоба – peer-to-peer форматы. Онда 10-11 сыныптағы айқанаттық оқушылар кіші сыныптарға пәндік тьютор болып, қолдау көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/964205?lang=kk