Ақтау гарнизонының теңізшілері парадқа дайындалу үшін Астанаға жолға шықты
05.04.2025 22:16:10 994
Ақтау гарнизонындағы Әскери-теңіз күштерінің офицерлерінен, старшиналары мен матростарынан құралған 150-ден астам әскери қызметшісі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа дайындық үшін Астанаға шықты.
7 мамырда Астанада өтетін салтанатты парадқа қатысатын теңізшілерді туған-туыстары вокзалда зор ықыласпен және мақтанышпен шығарып салды.
– Ұлымды мақтан тұтамын, – деді матрос Әли Битевтің анасы Гүлмира Қалмұратова, – ол алты айдан бері әртекті корабльдер дивизионында әскери корабльде қызмет етіп келеді. Парадқа қатысу – бұл үлкен мәртебе және мұндай мүмкіндік бәріне бірдей беріле бермейді. Барлық теңізшілерге осы жауапты миссияны орындауда сәттілік тілеймін.
Әскери парадқа әртүрлі бөлімшелердің теңізшілері, соның ішінде әртекті корабльдер дивизионы, десанттық-шабуылдау батальоны, гидрографиялық қамтамасыз ету қызметі, коменданттық рота және Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығу орталығы қатысады.
Шеруге дайындық қарқынды жүріп жатыр және әскери қызметшілердің әрқайсысы бұл күннің ел үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Олар өздерін машығын және Астанадағы Жеңіс парадында Қазақстанның Әскери-теңіз күштерін лайықты деңгейде көрсетуге дайын.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/965543?lang=kk