Қазақстан Бар портымен және Будва муниципалитетімен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруда

Қазақстан Бар портымен және Будва муниципалитетімен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруда

13.09.2026 21:16:33 180

Бар-Будва, 2026 жылғы 11 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Черногориядағы Елшісі Дәулет Батырашев Бар теңіз портының өндірістік мүмкіндіктерімен танысып, «Luka Bar» A.D. компаниясының атқарушы директоры Александр Слабиджоревскиймен және Будва муниципалитетінің төрағасы Никола Йовановичпен кездесулер өткізді.

Бар портына сапар барысында тараптар Қазақстан, Батыс Балқан елдері және Еуропа нарықтары арасындағы жүк тасымалдарын дамыту үшін Черногорияның көлік-логистикалық инфрақұрылымын пайдалану перспективаларын қарастырды.

Қазақстандық дипломат Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) дамуы туралы хабардар етіп, Қазақстанның халықаралық көлік бағыттарын одан әрі әртараптандыруға және олардың географиясын кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Осы тұрғыда Бар портын қазақстандық жүктерді ауыстырып тиеу және оларды Батыс Балқан мен Орталық Еуропа елдеріне одан әрі жеткізу үшін өңірлік логистикалық тораптардың бірі ретінде пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды.

Қазақстандық ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін, оның ішінде астық өнімдерін тасымалдау перспективаларына, сондай-ақ контейнерлік және басқа да жүк тасымалдарын дамытуға ерекше назар аударылды.

Мүдделі қазақстандық компаниялардың Бар портымен өзара іс-қимылының ықтимал форматтары, оның ішінде терминалдық және қоймалық инфрақұрылымды пайдалану, бірлескен логистикалық жобаларды іске асыру және инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеу мәселелері талқыланды.

Сұхбаттасушылар тікелей жұмыс байланыстарын жалғастыруға және ықтимал жобаларды олардың экономикалық тиімділігі мен қолда бар инфрақұрылымды ескере отырып, нақты пысықтауға уағдаласты.

Сол күні Будва қаласында Елшінің Будва муниципалитетінің төрағасы Никола Йовановичпен кездесуі өтті.

Кездесу барысында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, туристік алмасуларды кеңейту, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және іскер топтар арасында тікелей байланыстар орнату перспективалары қарастырылды.

Д.Батырашев Қазақстан азаматтарының Черногорияға туристік бағыт ретінде қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтіп, азаматтардың сапарлары үшін қолайлы жағдайларды сақтау, тікелей әуе қатынасын дамыту және өзара туристік ағындарды одан әрі ұлғайтудың маңыздылығына назар аударды.

Н.Йованович муниципалитеттің қазақстандық инвестицияларды тартуға мүдделі екенін білдіріп, жергілікті билік органдарының құзыреті шеңберінде әлеуетті инвесторларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Тараптар сондай-ақ Будва мен Алматы арасында тікелей әріптестік байланыстар орнату перспективасын талқылады. Мұндай өзара іс-қимыл туризм, инвестициялар және кәсіпкерлік салаларындағы нақты жобалармен, сондай-ақ бірлескен іскерлік іс-шаралармен толықтырылуы мүмкін екені атап өтілді.

Д.Батырашев Қазақстанның Будва қаласында Құрметті консулдық ашуға дайын екенін хабарлады. Құрметті консулдық Черногория жағалауындағы муниципалитеттермен, іскер топтармен және екі елдің азаматтарымен байланыстарды дамытуға ықпал ететін болады.

Өткен кездесулер 2026 жылғы маусымда Қазақстан мен Черногория мемлекеттері басшыларының келіссөздері қорытындысында қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық іске асырудың жалғасы болды және тараптардың қазақ-черногориялық сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, туристік және өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-zagreb/press/news/details/1290703?lang=ru