Қазақстан БҰҰ-ның Есірткі құралдары жөніндегі комиссиясының мүшесі болып сайланды
06.04.2025 00:38:03 1726Нью-Йорк, 2025 жылғы 4 сәуір – БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің отырысы барысында 2026-2029 жылдар кезеңіне арналған Есірткі құралдары жөніндегі комиссияның (ЕҚК) жаңа мүшелерін сайлау рәсімі өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша, Қазақстан ЭКОСОС мүшелерінің басым дауысын жинап, Азия-Тынық мұхиты өңірлік тобы атынан Комиссияның мүшесі болып сайланды.
Есірткі құралдары жөніндегі комиссия – халықаралық деңгейде есірткі айналымын бақылауға қатысты келісімдердің орындалуын қадағалайтын және жаһандық үрдістерді саралап, халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған ұсынымдар әзірлейтін БҰҰ-ның негізгі органы болып табылады.
Қазақстанның бұл комиссияға сайлануы – еліміздің есірткіге қарсы халықаралық күрестегі белсенді жұмысының нақты дәлелі. Қазақстан есірткі саудасының алдын алу үшін тұрақты шаралар қабылдап, көршілес елдермен тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Сонымен қатар, еліміз есірткінің алдын алуға, емдеу мен оңалтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының жұмысын нығайтуға айрықша көңіл бөлуде.
Сонымен қатар, еліміз Алматы қаласында орналасқан Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық-үйлестіру орталығы (ОАӨАҮО) сияқты өңірлік өзара іс-қимыл тетіктерін белсенді қолдап, есірткі бақылауына қатысты халықаралық келісімдер аясындағы міндеттемелерін толық орындап келеді.
Комиссия аясында Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, есірткіден азат әлем құру жолындағы жаһандық күш-жігерге өз үлесін қоса бермек.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/970379?lang=kk