Егістік күні
10.04.2025 16:52:11 1557Ақтоғай ауданында дәстүрлі Егістік күнін атап өтті. Мереке шеңберінде «Ақтоғай-Агро» ЖШС-ің базасында облыстың ірі шаруа қожалықтары бас қосқан жиын өтіп, ауыл шаруашылық жәрмекесі ұйымдастырылды.
Көрмеде егіншілерге “Ростсельмаш”, “Кировец”, “John Deere” зауыттарының ауыл шаруашылық техникасы көрсетілді. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов қазіргі кезде шаура қожалықтары машина паркін жоспарлы түрде жаңартып жатқанын әрі мемлекет оларға қолдау көрсететінін айтты.

– Біздің фермерлердің алдында таңдау бар, – деді аймақ басшысы. – Көрмеде орналасқан техниканың кей түрін олар осы жерден сатып алатынына сенімдімін. Біз фермерлерге инженерлік коммуникациялар тартуға да жәрдемдесеміз. Мәселен, «Ақтоғай-Агро» ЖШС-нің суармалы алқаптарына қажетті инфрақұрылым тартылатын болады. Бұл өз кезегінде кәсіпорынның суармалы егістік көлемін 2,5 мың гектарға дейін ұлғайтып, 1200 бас малға арналған сүт фермасын ашуға мүмкіндік береді.

Көрмеде «Ақтоғай-Агро» ЖШС-ің басшылығы өздері өсіретін картоп пен жүгерінің жаңа сұрыптарын көрсетті. Қазіргі кезде кәсіпорында картоптың голландтық сұрыптарымен қатар қазақстандық түрі де өсіріледі. Сонымен бірге, аграрийлер жүгерінің гибридті сұрыптарын өсірумен де айналысады.

– Бұрын біз жүгерінің ұзақ уақыт пісіп-жетілуіне байланысты оны өсіре алмайтынбыз. Үйткені, ол қауыз жарып, дәні толысқанша ауа райы суытып кететін еді, – дейді ЖШС-ің басшысы Игорь Головашов. – Қазір жүгерінің түрлі сұрыптарын тәлімдеп, солтүстік өлкенің ауа райына төзімді әрі тез өсетін түрін шығардық. Былтыр түскен өніммен «Победа» ЖШС-ін қамтамасыз етсек, биыл өз қажеттілігімізді де өтей аламыз.

Сонымен бірге, көрмеде арамшөпке қарсы препараттар, биолгиялық тыңайтқыштар, ауыл шаруашылық техникасын басқаруға арналған құрылғылар таныстырылды. Анықталғандай, олардың біразы біздің облыста жасап шығарылады екен.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/11615?lang=kk