Өмір сапасының стратегиясы

Өмір сапасының стратегиясы

10.04.2025 16:52:26 1580

Павлодар облысының әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде өңірдің 2030 жылға дейінгі Стратегиясында белгіленген негізгі даму бағыттарды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Облыс әкімі экономикалық саясат тиімді құрылса, кез келген өңірдің дамуы сәтті болатынын атап өтті. 

– Өткен жылдың желтоқсан айында мен Стратегияның негізінде алдағы үш жылға облыстың және әр ауданның кешенді даму жоспарын құрастыруды тапсырған болатынмын, – деді Болат Бақауов. – Қазір, біз бағытымызды айқындап, белгіленген басымдықтарға сәйкес келе жатырмыз ба, кешенді жоспардың шеңберінде қандай жұмыстар атқарылғанын және қай тұстарды жетілдіру керектігін түсінуіміз керек.

Жоспардың жүзеге асырылуы туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев баяндап берді.

 – Павлодар облысының 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясы 2015 жылдың наурыз айынан бастап жүзеге асырылып келеді, – деді ол. – Стратегияны жүзеге асыру шеңберінде облыста 8 институт пен ұйымдар құрылды. Олар: инвестицияларды тарту бойынша Агенттік, инвесторлар кеңесі («бизнес-періштелер» клубы), С. Торайғыров атындағы ПМУ жанындағы өңірлік StartUp Академия, ИнЕУ-дің жанындағы өңірлік ғылыми-технологиялық орталықтың базасындағы бизнес-акселератор және өңірлік технологияларды коммерциализациялау орталығы, экологиялық технологиялар бойынша құзыреттіліктер орталығы; медициналық кардиология орталығы. Сонымен қатар, Стратегия негізінде 5 концепция, 21 жоспар, «Ақылды аялдама» жобасының эскизі, «Ақылды үй» концепциясы шеңберінде «Достық» шағын ауданындағы жаңа үйлердің ЖСҚ-ын құрастыруға арналған техникалық сипаттамалардың жобасы, қалалар мен аудандардың туристік төлқұжаттары құрастырылды.

Облыс әкімі Экологиялық технологиялар бойынша құзыреттіліктер орталығын қаржыландыру мәселесі туралы сауал қойды. Жақында ғана Ақсу қаласының тұрғындары күлдің астында қалды. Алайда, Құзыреттіктер орталығы осы жағдайдағы күлдің шоғырлануының шектеулі шамасы сақталды деп сендірген еді. 

– Стратегия аймақ тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталуы керек, – деді аймақ басшысы. – Кеешнді жоспарға тұрғын үйлер мен экобекеттер, жылытылатын аялдамалар  салу,  аулаларды абаттандыру, интеллектуалды көлік жүйесі, бала бақшалармен қамту  мәселлері енуі керек. Облыс орталығына салынып жатқан инвестициялар 1,7 есеге артты. Тек қана жолдарды жөндеуге және абаттандыру жұмыстарына 3 миллиардқа жуық қаржы бөлінді. Біз барлық күшімізді тұрғындардың өмірін жайлы етуге жұмсап, халыққа қызмет етуіміз керек.

Сонымен бірге, Болат Бақауов туристік кластерді дамыту бойынша ескерту жасады. Жасыбай демалыс аймағы мен Маралды көлі қалпына келтірілгенімен, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Облыс әкімі аудандардың туристік карталары әлі күнге жоқ екендігін және облыс орталығындағы такси қызметінің сапасыздығын еске салды.  

Стратегияны жүзеге асыру жөніндегі Жоспарды өзектендіру мақсатында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы салалық басқармалармен бірлесіп, Павлодар облысы дамуының алдағы үш жылға арналған Кешенді жоспарын құрастырады. Аймақ басшысы 1-ші тамызға дейін кешенді жоспарды қайта қарап, толықтыруды және ұзақ мерзім ішінде қол жеткізуге болатын көрсеткіштерді анықтауды тапсырды.  

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/11877?lang=kk