Министрлік өкілдері Шымкент қаласындағы балаларын жалғыз асырап отырған көпбалалы анаға тез арада мүгедектік алуға көмектесті
10.04.2025 16:54:39 253ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті (әрі қарай – ЕӘҚКК) Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері Шымкент қаласындағы 6 баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Ділбар Құттыбайға жеделтілген тәртіпте мүгедектігін анықтауға көмектесті.
Бір жыл бұрын бұл әйелдің бойында қатерлі ісік бар екені анықталған. Ділбар Құттыбайға ота жасалғанымен, ауруы асқына түскен. Дегенмен жергілікті денсаулық сақтау органдары науқас жанды 088-у формасы арқылы мүгедектікті алу жөніндегі мәселені қарастыруға жіберуге асықпаған.
Қорғансыз әйелдің тағдыры жайлы БАҚ бетінен белгілі болғаннан кейін, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың тапсырмасымен, ОҚО бойынша ЕӘҚКМ департаментінің мамандары, облыстық онкология диспансерінің дәрігерлерін тарта отырып, медициналық-әлеуметтік сараптаманы бақылау және әдістеме бөлімінде Ділбар Құттыбайға кеңес беру мен тексеру шараларын (088-у формасынсыз) ұйымдастырды.
Тексеріс пен медициналық құжаттарды талдау нәтижесінде, емханалық қызмет дәрігерлеріне шұғыл түрде мұқтаж әйелге медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама беру ұсынылды.
Ағымдағы жылдың 12 сәуірінде, тиісті сараптамадағы куәландырудан соң, Ділбар Құттыбайға қатысты 1 жыл мерзімге мүгедектіктің екінші тобы бекітілді.
Сонымен қатар, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті тарапынан Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне, Ділбар Құттыбайға қосымша әлеуметтік қолдау көрсетуге жәрдемдесу өтініші айтылған хат жазылды.
Кәуландыру шаралары өткен күннен бастап, көпбалалы анаға, биылғы мамыр айынан төленетін мүгедектік бойынша жәрдемақы тағайындалды. Осылайша, асыраушысынан айырылуға байланысты бес балаға берілетін жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны қосқанда, төлемдердің жалпы сомасы 98 173 теңгені құрайтын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/14099?lang=kk