Қостанайда облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен қаланы абаттандыру және экология мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс өтті

Қостанайда облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен қаланы абаттандыру және экология мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс өтті

12.04.2025 05:43:12 253

Қостанай қаласында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың, қала басшылығы мен жауапты салалық мекемелердің қатысуымен қаланы абаттандыру және экологиялық жағдайды жақсарту мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Күн тәртібіндегі басты мәселе – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру. Бұл бастама елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастырудың жаңа стратегиялық бағытына айналды.

«Таза Қазақстан – бұл сән үшін жасалған шара емес, бұл – жаңа қоғамдық стандарт. Біз бәрін өз ауламызды тазалаудан, ағашқа күтім жасаудан, жасыл саябақтардан бастауымыз керек. Экологиялық мәдениет – бұл өмір сүру дағдысы болуы тиіс», – деді Құмар Ақсақалов отырысты ашқан сөзінде.

Ауқымды абаттандыру жұмыстары
Облыс әкімінің айтуынша, 2025 жылы өңірлік бюджеттің 37%-дан астамы облыс орталығын дамытуға бағытталады. Тек қана қалалық инфрақұрылымды жақсартуға 17,1 млрд теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 50%-ға көп.

Қоғамдық кеңістіктерді дамыту – басты назарда. Биыл Қостанайда жалпы аумағы 93,5 гектарды құрайтын 7 саябақ пен 3 сквер абаттандырылуда. Бұрынғы ауыл шаруашылығы институты маңында ауданы 4 гектар болатын отбасылық саябақтың құрылысы басталды. Жұмыстар мешіт аумағын да қамтиды. Сонымен қатар, Құнай шағын ауданында, Притобол паркінде, Орталық скверде және басқа да орындарда жаңа демалыс аймақтары пайда болады. Темірбаев пен Әл-Фараби көшелерінің қиылысында жаңа сквер салынады.

«Біз тек саябақ салмаймыз, біз жаңа тартылыс нүктелерін қалыптастырамыз. Ең бастысы – оларды сапалы күтіммен қамтамасыз ету. Бұл – тек коммуналдық қызметтердің емес, бизнестің де, әрбір тұрғынның да ортақ жауапкершілігі», – деді Құмар Ақсақалов.

Экология және көгалдандыру
Кеңесте көгалдандыру мәселесі де кеңінен талқыланды. 2025 жылы облыс бойынша 52,7 мың ағаш отырғызу жоспарланса, соның 3 168-і Қостанай қаласында отырғызылады. Қаладағы көгалдандыру жұмыстарына 970,1 млн теңге қарастырылған, оның бір бөлігі жасыл желектерге күтім жасауға бағытталады.

Облыс әкімі ағаштардың сауатты күтімсіз «кронировка» деген желеумен кесіліп жатқанын сынға алып, мұндай тәжірибені тоқтатуды тапсырды. Енді ағаштың тәжін қалыптастыру тек қажет болған жағдайда, мамандардың қадағалауымен ғана жүргізілетін болады. Сондай-ақ, қала шекарасындағы барлық ағаштарды түгендеп, олардың жағдайын бақылап, арнайы күтім жасау үшін жасыл желектерге күтім жасайтын жеке құрылым құру тапсырылды.

«Ағаш отырғызу – жақсы іс. Бірақ оны сақтау, күту – нағыз болашаққа қамқорлық. Бізге маусымдық гүлдер емес, көпжылдық, төзімді өсімдіктер қажет», – деді Құмар Ақсақалов.

Заманауи аулалар мен балалар инфрақұрылымы
Биыл Қостанай қаласының 39 ауласында балалар және спорт алаңдары орнатылады. Бұл мақсатқа 1,3 млрд теңге бөлінген. Барлық алаңдар қауіпсіздік талаптарына сай, сапалы материалдардан жасалады.

«Қазіргі заманғы аула – тек ойын алаңы емес. Бұл – көршілер араласатын, балалар ойнайтын өмір орталығы. Онда жайлылық пен қауіпсіздік басты орында болуы тиіс», – деді облыс әкімі.

Қалалық тәртіп – баршаға ортақ міндет
Кеңесте кәсіпорындар, мекемелер мен сауда нысандары маңындағы аумақтарды күтіп-ұстау мәселелері де көтерілді. Құмар Ақсақалов Костанай облысы елді мекендерінің абаттандыру ережелеріне өзгерістер енгізуді, бизнес субъектілерінің жауапкершілік аумағын тротуарлар мен жолдарға дейін кеңейтуді тапсырды.

Сонымен қатар, қалдықтарды, құрылыс және ірі габаритті қоқысты шығару мәселесі де қаралды. Аталған сала кәсіпкерлік үшін бос тұрған перспективалы бағыт ретінде қарастырылуда. Қазірдің өзінде қалада пластик, резеңке, қағаз өңдейтін 5 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. 2026 жылы 7 млрд теңгеге қағаз қалдықтарын терең өңдейтін инвестициялық жоба басталады.

Қаланың тазалығына бақылау күшейтіледі. Қала аумағы учаскелерге бөлініп, әр учаскеге нақты жауапты ұйымдар бекітіледі. Арнайы штаб тұрақты мониторинг жүргізеді. Контейнерлік алаңдарға бейнебақылау камераларын орнату арқылы бақылау жүйесі енгізіледі.

«Экологиялық мәдениет – бұл жылына бір рет сенбілікке шығу емес. Бұл – күнделікті таңдау, өмір салты. Тек қана тәртіпке деген нөлдік төзімділік бізді нағыз тәртіпке жеткізеді. «Таза Қазақстан» – бұл біздің ұрпағымызға қалдыратын мұрамыз. Біз олар өз қаласымен мақтанатындай етіп жұмыс істеуіміз керек», – деп түйіндеді Құмар Ақсақалов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/974855?lang=kk