ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАУІПСІЗДІГІН ТАЛҚЫЛАДЫ

ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАУІПСІЗДІГІН ТАЛҚЫЛАДЫ

14.04.2025 09:36:37 1489

13 ҚАРАША КҮНІ ҚАЛА ӘКІМДІГІНДЕ ШАҺАР БАСШЫСЫ ОРАЗ ТӘУІРБЕКОВТІҢ БАСШЫЛЫҒЫМЕН АППАРАТ ЖИНАЛЫСЫ ӨТТІ.

Күн тәртібінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия жұмысы туралы мәселе қаралды. Аталған мәселе бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Карамурзин баяндады.

Оның ақпаратына сүйенсек, 2019 жылы көлік апатын болдырмау, көлік құралдарының үздіксіз қозғалысын, жол қозғалысы жағдайының техникалық сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен 46 млн. 319 мың теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жеке кәсіпкер «А.Р.Кульчуковпен» келісімшарт жасалып, жұмыстар атқарылуда.

Яғни, 870 дана жол белгісіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп (сүрту, сырлау және тіреулерді тегістеу), жоспарға сәйкес 50 дана жол белгісінің 46 данасы орнатылып, жұмыстың 92 %-ы орындалған. Қала жолдарын бояумен белгілеу көлемі – 1320 шаршы метр, термопластикпен белгілеу көлемі – 4800 шаршы метрді құрады. 8 дана синхронды-дыбыстық құрылғы монтаждалды. Оның ішінде, Ленин көшесі және Қараменде би көшесінде автокөлік жолдарын қайта жаңарту аясында 12 бағдаршам заманауи бағдаршамға ауыстырылды. Қалған 7 бағдаршам жоспарлы түрде ауыстырылатын болады.  Сонымен қатар, Ағыбай көшесі мен Желтоқсан көшесінде 2 бағдаршам заманауи бағдаршамға ауыстырылып, жаңартылды.

Биылғы жылы автокөлік жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына жалпы 187 824 мың теңге бөлінген. Оның 70 035 мың теңгесі жергілікті бюджеттен болса, 117 789 мың теңгесі облыс бюджетінен бөлінді. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша конкурс жеңімпазы – «Тастемір» ЖШС. Бүгінгі таңда жоспарланған 6 көшенің (Уәлиханов, Байсейітова, Молдағұлова, Қоңырат ықшамауданындағы Алтынсарин, Балхашская, Зайцева көшелері) жұмыстары сметалық құжаттамаға сәйкес орындалған.

Бұдан өзге, баяндамашы қаланы жарықтандыру бойынша ақпарат берді. Биылғы жылы көшені жарықтандыру жұмыстарын қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен 28 204,1 мың  теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша «ЗАВОД ЭЛЕКТРОМОТОР» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Нәтижесінде, қаладағы Жұмысшылар кентіндегі бірқатар көшелер жарықтандырылды. Атап айтсақ, Школьная көшесі, Гоголь көшесі, Тоқтамысов көшесі және 64 орамдағы Сары-Арқа көшесіне жарықдиодты шамдар орнатылды.

Баяндаманы талқылау барысында Ораз Қайсаұлы тұрғындар тарапынан келіп түскен мәселелерді қозғады. Соның ішінде, Әлімжанов көшесінде жаяу жүргіншілер жолағы мен көзі нашар көретіндерге белгі орнату мәселесі, жол көлік оқиғасы жиі орын алатын Ағайынды Мусиндер көшесі мен Қараменде би көшесінің қиылысына жылдамдықты бәсеңдеткішті орнату мәселесін талқылады. Ағайынды Мусиндер көшесінің қиылысы тар болғандықтан бағдаршам орнату әзірге аса маңызды емес деп танылды. Дегенмен, бұл мәселені қала әкімі аталмыш көше бойынша жылдамдық режимін бұзғандар санын анықтап, оны бақылауға алып мониторинг жүргізуді тапсырды. Тапсырылған жұмыс қорытындысында бағдаршам орнатудың қажеттілігін анықтап, шешім қабылдауды жүктеді.

Сондай-ақ, жиын барысында Балқаш қаласының полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция подпоковнигі Қайырбек Рахимбеков статистика туралы хабардар етті. Оның айтуынша жол қозғалысының ережесін бұзғандар саны, жол-көлік оқиғасының нәтижесінде зардап шеккендердің саны азайған. Бұл бағытта жол полициялардың күшімен бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша қала басшысы бірқатар тапсырмалар беріп, олардың орындалу барысын өз бақылауына алды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-balkhash/press/news/details/34557?lang=kk