Ауыл алыста емес!
14.04.2025 09:37:49 1581Ауыл алыста емес!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог мамандардың тапшылығы. Сондықтан, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет» дей келіп, игілігі мол бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұл жас мамандарды ауылды жерлерде қызмет істеуге көптеп тарту арқылы, шалғайдағы елді мекендердің экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуын ілгерілетуде, сонымен бірге, жұмыссыздық мәселесін шешу, жас мамандарды баспанамен қамту тұрғысынан да маңызды мәнге ие. Оған дәлел, Текелі қаласына қарасты Рудничный ауылындағы орта мектепке аталған бағдарлама аясында жыл басынан бері 3 жас маман қызметке орналасты. Солардың бірі – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айжан Барманбекова.
– Талдықорған қаласында туып-өсіпсің, мамандығың да сұранысқа ие екен.
Ауылда қызмет істеуге не түрткі болды?
– Иә, қалада өстім. Алматы-дағы шет тілдері және іскерлік карьера университетін бітірдім. Ағылшын тілін жақсы меңгердім. Қалада лайықты жұмыс табуға мүмкіндігім болды, әрине! Десе де, жаныма ауыл өмірі де өте жақын. Шешем Кербұлақ ауданына қарасты Беріктас ауылының қызы. Бала күнімде нағашыларыма, ауылға көп баратынмын. Ушусыз, қарбалас қала өмірінен өзгеше таза табиғаттың кең тынысты еркін құшағы мені өзіне тартып тұрады. Содан ба екен, ауылдың жігітіне тұрмысқа шықтым. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегендей, баспана мәселесін шешу, балаларымызды өсіру, олардың білім алуына, қарым-қабілетін дамытуына, ұлттық салт-дәстүрлерді бойына сіңіріп өсуіне мүмкіндіктер жасау үшін біз бір жерде табан тіреп, ірге бекітуді, балаларымызбен бірге болуды шештік. Осы мақсатымыздың іске асуына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы көмектесті.
– Сол жайында тарқатып айтсаңыз?
– Өз баспанамыз болса, мамандығымызға сай еңбек етіп, ұрпақ өсірсек деген арман мені «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасын жан-жақты оқып, түсінуге жетеледі. Бағдарламада ауыдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары нақты көрсетіліпті. Ойға алған мақсатымыздың орындалар жолы осы жерден табылғанына қатты қуандым. Жолдасым екеуіміз ақылдасып, Текелі қаласына қарасты Рудничный ауылына баруды шештік.
Сонымен, қажетті құжаттарды дайындап өткіздім. Комиссия қарап, өтінішімді мақұлдады. Бағдарламаға сай Рудничный ауылынан баспана алуға 0,01 пайыздық өсіммен 15 жылға 1500 еселік айлық есептік көрсеткіш көлемінде кредит және 70 айлық есептік көрсеткішке тең көтерме жәрдемақы алу мүмкіндігіне ие болдым. Мемлекеттің қаржылай қолдауымен ауылдан 2 бөлмелі пәтер сатып алдық. Жолдасым ауылдық әкімдікте жүргізуші болып істейді, мен ауылдағы №7 орта мектебіне ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызметке орналастым. Келісімшарт бойынша қолдауға ие болған жас мамандар ауылда кем дегенде 3 жыл еңбек етуі керек. Біздің бұл жөніндігі шешіміміз айқын – ауылға ірге теуіп, тамыр тарту.
– Қазіргі жағдайларың?
– Жасыратыны жоқ, бүгінде көптеген шалғай елді мекендердің жағдайын қаламен салыстыруға келмейді. Десе де, заманауи инфрақұрылымдар жеткізу, үйлерді салу, білікті мамандарды тарту арқылы шағын ауылдардан жақсы мекен жасауға болады. Себебі, егін, мал шаруашылығы, жеміс-жидек, тау-кен өндірісі секілді сан-салалы кәсіптің көзі де, өрісі де ауылды жерлерде. Әрине, оны бізге біреу жасап бермейді, өз байлығымызды өзіміз игеруіміз кәдеге жарата білуіміз керек-ақ! Бұл тұрғыда біз, жастар белсенді, еңбекқор болуымыз, алған білімімізбен ауылды гүлдендіруге атсалысуымыз керек.
Қаладан 60-70 шақырым іргеде жатса да Рудничный ауылының бір кездегі жағдайы мәз емес-тұғын, қазір мүлде басқаша. Ауылға дейінгі жол да, ауылдың көшелері де жөнделген. Халықтың тіршілігіне қажетті әлуеметтік нысандар, телефон, интернет жұмыс істеп тұр. Орта мектеп мектепке дейінгі тәрбие орталығымен қамтылған. Екі бүлдіршініміз сол орталықта. Биыл аталған бағдарлама арқылы тағы 2 жас маман мем-лекеттің қолдауымен ауылдан үй алып, мектепке жұмысқа орналасты. Қатарымыз көбейіп, сеніміміз еселене түсуде. Енді, тек еңбек етіп, ұстаздық борышымызды адал орындауға, ауылдағы балалардың білім сапасын жақсарта беруге күш саламыз. Кейде адамдар ауылды алыста деп ойлайды. Жоқ, ауыл бізбен бірге!
– Демек, «Дипломмен ауыл-ға» – он өлшеп, бір кесілген, халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайына, ұлттық мүддемізге негізделген кешенді бағдарлама. Кеше әке-шешелеріміз төрт түлік малды мыңғыртып, алтын дәннен өзен ағызған құтты ауылдарымыз бізді ешқашан жерге қаратпайды! Құнарлы топыраққа тамыр тартқан көшет секілді, ауылға ірге тепкен сендер секілді жас отбасыларының жемісті күндері алда. Беталыстарың баянды болсын!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-tekeli/press/news/details/35474?lang=kk