Тұңғыш Президент күні – тұрақтылық мерекесі

Тұңғыш Президент күні – тұрақтылық мерекесі

14.04.2025 09:38:37 1585

Қаратөбе ауданында 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналған «Ел тірегім – қайратым» атты салтанатты шара өтті.

Аудандық мәдени-демалыс орталығында өткен мерекелік шарада алдымен еліміздің әнұраны орындалды.
Салтанатты шараға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтау үшін сахна төріне көтерілген аудан әкімі Жанат Асантаев:
– Әлемдік дәрежедегі дамыған елдермен жүргізілген келіссөздер арқасында Қазақстан Республикасы өзгелермен терезесі теңесіп, халықаралық қатынасты нығайта түсті. Елбасы әр сөзінде берекелі бірлігімізді, дархан достығымызды берік сақтауға үндеп келеді. Бүгінгі қол жеткізген әр жетістігімізде Елбасының айшықты қолтаңбасы бар екендігі айқын көрініп тұр. Қалың қазақтан Елбасы сайланып, Тәуелсіз Қазақ Елі қалыптасты, тамыры тереңде жатқан бай тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз бен діліміз қайта оралды.
Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар берген Тұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі зор.
Ызғарлы желтоқсанда ел тізгінін ұстаған Ұлт Көшбасшысы – халықтың қолдауы мен демеуі арқылы жаңа, тың бастамаларды жүзеге асырып, Елімізді бүкіләлемге танытып үлгерді. Бұл әрине, тұңғыш Елбасының еселі еңбегі мен көрегендігінің жемісі, - деп елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тіледі.
Мерекелік басқосуда марапаттау рәсімін жүргізген аудан басшысы ауданның түрлі саласының қарқынды дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қызметкерлерге сый-құрмет көрсетті.
Атаулы мерекеде аудан әкімінің алғыс хатына ие болғандар қатарында Қаратөбе ауылдық округі әкімі аппаратының хатшысы Райса Төлегенова, «Жусандыой» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі төрағасы Тұрхан Оспанов, «Қаратөбе» спорт клубының әдіскері Нұрдәулет Сәленов, «Жаспроджект» жобасының жеңімпазы Мұхит Өтемісов, «Жаспроджект» жобасының жеңімпазы Айгерім Андирова, «АА» тігін ательесінің негізін қалаушы Ақбөбек Ғатауовалар марапатталды.
Марапаттау салтанатынан соң аудандық мәдени-демалыс орталығы қызметкерлерінің мерекелік концертіне ұласты.
Сазды бағдарламада «Туған жерім», «Ауылым-әнім», «Астанам», «Туған ел» әндерін Мира Байтемірова, Рүстем Ақташев, Сәнжан Байтеміров, Нұрғиса Орынғалиевтер шырқап берсе, «Інжу» би тобы «Сақ тайпасы» биін ұсынды.
«Ауыл әуендері» фольклорлық ансамблі халық күйі «Жайма қоңыр» және Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйін орындады. Оркестрдың сүйемелдеуімен Нұршат Исламғалиев «Сәлем Қазақстан!» әнін орындаса, Аяжан Исмагулова «Қазақстаным» әнімен концертті қорытындылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/35731?lang=kk