Өскеменде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды
15.04.2025 17:51:22 1586Өскеменде егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, денсаулығын нығайту және олардың әлеуетін дамыту мақсатында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы өз жұмысын бастады. Ашылу күні қонақтарға орталыққа шолу экскурсиясы ұйымдастырылып, шеберлік сабақтары мен мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
Орталықта түрлі бағыттағы іс-шаралар қарастырылған: дене шынықтыру, зияткерлік жаттығулар, шығармашылық үйірмелер мен әлеуметтік жобалар. Мұнда қолөнер және қолданбалы өнер кабинеттері, арт-терапия, емдік дене шынықтыру, музыка сабақтары өтетін бөлімдер, сондай-ақ жайлы демалыс аймағы бар. Әрбір келуші өзіне ұнайтын іспен айналысып, жаңа достар тауып, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік алады.
Орталықта ұлттық дәстүрлерді сақтау мен дәріптеуге ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, қолөнер кабинетінде киіз басу өнеріне арналған сабақтар өтеді.
«Мен үшін киіз – тарихы терең, ата-бабамыздың жылуы мен жанын сақтаған ерекше материал. Махаббат пен ықыласпен жасалған әрбір бұйым біздің тамырымыздан сыр шертеді және өткен мен бүгінді байланыстырады», – дейді қолөнер шебері Янина Игнатьева.
Орталықтың зияткерлік бөлімінде шахмат сабақтары өткізіліп, қатысушылар стратегиялық ойлау дағдыларын дамытып, достық кездесулерде бақ сынай алады.
«Шахмат – ақыл мен тактиканың ойыны. Осындай мүмкіндікті ұсынып, қолдау білдірген ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», – деді шахматтан бірнеше рет чемпион атанған Анатолий Васильевич.
Орталықтың миссиясы – егде жастағы адамдарды мәдени, шығармашылық, спорттық және қоғамдық өмірге белсене тарту, олардың жаңа жетістіктерге жетуіне және жарқын сәттерді бастан кешуіне мүмкіндік жасау.
Іс-шараға ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов, ардагерлер, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері және басқа да қонақтар қатысты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-glubokoe-berezovka/press/news/details/960068?lang=kk