Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы тапсырмаларын орындау мәселелері талқыланды
15.04.2025 17:55:11 253
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен министрліктің кеңейтілген аппараттық кеңесі өтті. Кеңеске министрлік өкілдері, өңірлік спорт басқармаларының басшылары, ведомстволық ұйымдардың басшылары және кейбір өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Кеңесте туризм мәселелері, оның ішінде шетелдік азаматтарға арналған ойын аймақтарын ашу жоспары қаралды. Тек шетелдік туристерге арналатын ойын аймақтарын ашу өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсартуға, жаңа туристер ағынын арттыруға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Кеңес барысында Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмаларының орындалу барысы пысықталды. Әсіресе, футбол стадиондарын жөндеу және аталған спорт түрін дамыту мәселесі көтерілді. Футбол – бұқаралық және әлеуметтік маңызы зор спорт түрі. Балалар мен жастарды футболға тарту арқылы құмар ойындар мен нашақорлыққа байланысты мәселелердің алдын алуға болады.
Сондай-ақ жастар арасында деструктивті діни ағымдардың ықпалының артып келе жатқаны айтылды. Бұл үрдіс спорт саласында да байқалуда. Сондықтан, теріс ағымдар мен идеологиялардың таралуына жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдау қажет. Әсіресе, спорт саласында тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қандай да бір радикалды идеялардың таралуына тосқауыл қою маңызды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/961382?lang=kk