Омбудсмен Атбасар қаласындағы №1 түзету мекемесіне барды
15.04.2025 18:04:00 231
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Ақмола облысының Атбасар қаласындағы орташа қауіпсіздік деңгейіндегі №1 түзету мекемесіне жұмыс сапарымен барды. Қазіргі таңда бұл мекемеде 756 сотталған азамат жазасын өтеуде.
Сапар барысында Омбудсмен сотталғандарды ұстау жағдайымен, еңбекпен және біліммен қамтылуымен, сондай-ақ медициналық көмек көрсетілу деңгейімен танысты.
Мекеме базасында Агротехникалық индустриялық колледж бар. Онда 100-ге жуық сотталған азамат алты мамандық бойынша білім алуда. Атап айтқанда: автослесарь, токарь, тамақтандыруды ұйымдастыру, тігінші, электр жабдықтарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету электромонтері, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану мамандықтары оқытылады.
Сонымен қатар, 339 сотталған азамат ақы төленетін еңбекпен қамтылған. Олардың 252-сі «Еңбек» РМК филиалында, 62-сі мекеменің шаруашылық қызмет көрсету саласында еңбек етсе, қалғандары түрлі өндірістік учаскелерде жұмыс істеуде. Өндірістің негізгі бағыттары – металл конструкцияларын, тігін және аяқ киім өнімдерін, сондай-ақ өзге де тауарларды шығару.
Сапар аясында Артур Ластаев сотталғандарды жеке қабылдап, құқықтық сипаттағы сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, шартты түрде мерзімінен бұрын босату тәртібі, жазаны жеңіл түрге ауыстыру мәселелері және өзге де өтініштер бойынша нақты жауаптар ұсынылды.
Сапар қорытындысы бойынша Омбудсмен мекеме әкімшілігіне сотталғандардың құқықтарын халықаралық стандарттарға сай қамтамасыз ету және ұстау жағдайларын одан әрі жақсарту мақсатында бірқатар ұсынымдар берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-karaganda-oblysy/press/news/details/966184?lang=kk