Қытай Коммунистік партиясының өкілі Алматы мәслихатына ресми сапармен келді
15.04.2025 18:06:57 220Қытай Коммунистік партиясының өкілі Алматы қалалық мәслихатына ресми сапармен келді
Бүгін Алматы қалалық мәслихатына Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчао ресми сапармен келді.
Кездесу барысында мәслихат төрағасы Меиржан Отыншиев мырза қонаққа Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуы, оның Қазақстанның ең ірі қаржы, бизнес және мәдени орталығы ретіндегі рөлі туралы баяндады. Сондай-ақ, Алматы мәслихатының қызметі, оның қаланы дамытудағы өкілеттіктері мен рөлі таныстырылды.
Депутаттар мәслихаттың құрылымы мен жұмыс бағыттары туралы айтып, VIII шақырылымда 42 депутаттың қызмет атқаратынын, олардың қатарында түрлі саяси партия өкілдері мен тәуелсіз кандидаттар бар екенін атап өтті. Кездесу барысында қалалық басқару, тұрақты даму, цифрландыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Екі ел арасындағы серіктестікті дамыту аясында Алматы мен Қытайдың жетекші қалалары арасындағы іскерлік және гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда 2024 жылы Алматы қалалық мәслихаты делегациясының Сиань мен Бейжіңге сапары, сондай-ақ биыл ақпан айында Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Қытайға жасаған сапары айтылды. Бұл сапар барысында инвестициялық жобалар, цифрлық технологиялар және инфрақұрылымдық шешімдер саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланған болатын.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-almaty/press/news/details/965156?lang=kk