Көлік вице-министрі Ұлытау облысындағы бірқатар көлік инфрақұрылымы нысанына барды

Көлік вице-министрі Ұлытау облысындағы бірқатар көлік инфрақұрылымы нысанына барды

15.04.2025 18:09:10 198

Әуежай инспекциясы барысында ұйым басшылығы вице-министр Талғат Ластаевқа Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде әуежайды жаңғырту және дамыту іс-шараларының іске асырылуы туралы баяндады.

Әуе айлағын пайдаланушы «Жезқазған-эйр» авиакомпаниясы» акционерлік қоғамы. 1973 жылы салынған әуежай 2005-2009 жылдары жөндеуден өткен. Бүгінгі таңда кәсіпорынның алдында өткізу қабілетін арттыру және әуежай инфрақұрылымын жаңғырту сынды жаңа стратегиялық міндеттер тұр.

Жоба аясында жолаушылар терминалын қайта жаңарту жоспарлануда, бұл оның өткізу қабілетін сағатына 120-дан 250 жолаушыға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұшу-қону жолағының (2600 × 45 м) әуеайлақ жабындарын, перронды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау биылғы жылдың қазан айына жоспарланған.

2024 жылдың қорытындысы бойынша әуежай 118 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетті. Қазіргі уақытта Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларына 16 тұрақты рейс орындалады. Мемлекет тарапынан субсиядияланатын Жезқазған – Қарағанды және Жезқазған – Шымкент бағыттары бойынша қатынайтын құны 10 мың және 18 мың теңгені құрайтын әуе билеттері қарастырылған.

Ел тұрғындарының шағымдары мен ұсыныстарын ескере отырып, Жезқазған – Қарағанды бағыты бойынша қатынайтын әуе кемесі АН-24-тен Bombardier Q-400-ге ауыстырылды. Бүгінгі күні субсидияланатын рейстерді «Qazaq Air» әуекомпаниясы орындайды.

Вице-министр инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру әуежайдың пайдалану мүмкіндіктерін жақсартады, ұшу географиясын кеңейтеді, ұшу қауіпсіздігі деңгейін және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырады деп атап өтті. Осыған байланысты ол жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Сондай-ақ, вице-министр Жезқазған қаласының теміржол вокзалының жұмысымен танысты.

1941 жылы салынған Жезқазған теміржол вокзалының ауданы 524 шаршы метрді құрайды және тәулігіне 1800 жолаушыға қызмет көрсетеді.  Қазіргі уақытта Ұлытау облысының аумағында Астана, Алматы, Павлодар, Қызылорда және Қарағандымен көлік қатынасын қамтамасыз ететін 7 жұп жолаушылар пойызы жүреді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/965816?lang=kk