Бакуде өткен кездесуде “жасыл энергетикалық дәліз” мәселелері талқыланды

Бакуде өткен кездесуде “жасыл энергетикалық дәліз” мәселелері талқыланды

15.04.2025 18:39:49 308

Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Әзірбайжан Республикасының Баку қаласында өткен «Жасыл энергетикалық дәліз – Оңтүстік газ дәлізі» министрлік кездесуіне қатысты.

С. Есімханов өз сөзінде Оңтүстік газ дәлізін энергетикалық ресурстарды жеткізудің тұрақты бағыты ретінде дамытудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Қазақстан табиғи газдың қомақты қорына ие бола отырып, жаңа экспорттық нарықтарға шығу үшін инфрақұрылым мен логистиканы белсенді дамытуда. 2024 жылы елімізде газ өндіру көлемі 59 млрд текше метрді құрады, ал 2030 жылға қарай жылына 68 млрд текше метрге дейін ұлғаю перспективасы бар. Бұл бағыттағы негізгі жобалар Қашаған және Қарашығанақ кен орындары болып қала береді.

Вице-министр экологиялық тұрақтылық мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақстан ілеспе газды кәдеге жарату технологияларын және «жасыл» сутекті өндіру жөніндегі перспективалы жобаларды қоса алғанда, төмен көміртекті шешімдерді дамытуды белсенді қолдайды. Жақында қол қойылған үшжақты келісім шеңберінде Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан арасында «жасыл энергетикалық дәліздің» бөлігі ретінде Каспий теңізі арқылы суасты жоғары вольтты кабелін салу бастамасы іске асырылуда.

Сондай-ақ, вице-министр еуропалық энергетика жөніндегі комиссары Дэн Йоргенсенмен және АҚШ Мемлекеттік департаментінің Энергетикалық ресурстар бюросының аға кеңесшісі Эрик Джейкобспен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, онда тараптар трансшекаралық инвестициялар мен тұрақты даму мәселелері бойынша пікір алмасты.

Соңында вице-министр Қазақстанның өңірлік және халықаралық энергетикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, «жасыл» энергетика компоненттерін қоса алғанда, энергия ресурстарын жеткізудің әртараптандырылған және экологиялық қауіпсіз бағыттарын дамытуға міндеттемесін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/970584?lang=kk