Артур Ластаев Қарағанды облысындағы түзеу мекемесінде сотталғандардың құқықтарының сақталуын тексерді
15.04.2025 18:40:21 253
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Қарағанды облысындағы ең жоғары қауіпсіздік режиміндегі №29 түзеу мекемесіне жұмыс сапарымен барды. Сапардың мақсаты – сотталғандардың құқықтарының сақталуын және ұстау жағдайларының халықаралық талаптарға сәйкестігін бағалау.
Мониторинг барысында Омбудсмен пенитенциарлық жүйенің негізгі бағыттарын қамтитын кешенді талдау жүргізіп, сотталғандардың еңбекке тартылуы, білім алу мүмкіндіктері және медициналық көмекпен қамтамасыз етілуі мәселелеріне баса назар аударды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемедегі отрядтардағы ұстау жағдайларымен, медициналық бөлімнің жұмысымен және шағым қабылдауға арналған терминалдардың қолжетімділігімен танысты. Сондай-ақ мекеме аумағында орналасқан өндірістік кәсіпорындардың қызметін қарап шықты. Аталған кәсіпорындар модульдік контейнерлер, металл конструкциялар, ағаш өңдеу және тігін өнімдерін шығару бағытында жұмыс істейді. Әкімшілік мәліметінше, сотталғандарды ақылы еңбекке тарту бағытында белсенді шаралар қолға алынған.
Мекемеде жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, онда қазіргі таңда 23 сотталған азамат білім алуда.
Медициналық бөлімді аралау барысында Артур Ластаев бостандығынан айырылған азаматтардың денсаулық сақтау құқығы – адам құқықтарының ажырамас және іргелі бөлігі екенін атап өтті.
Сапар аясында уәкіл сотталғандарды жеке қабылдап, шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жаза түрін жеңілдету, амнистия туралы заң жобасының әзірленуі, үкімдерді кассациялық тәртіппен қайта қарау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, сотталғандарды мазалаған өзге де құқықтық мәселелер бойынша кеңес берілді.
Сапар қорытындысы бойынша Артур Ластаев мекеме әкімшілігіне сотталғандарды ұстау жағдайларын халықаралық стандарттарға жақындатуға бағытталған бірқатар ұсыным берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-aktobe-oblysy/press/news/details/972287?lang=kk