Қала әкімі бірқатар құрылыс нысандарын аралады

Қала әкімі бірқатар құрылыс нысандарын аралады

15.04.2025 18:40:29 187

Қадағалау күшеймей құрылыс сапалы болмайды

Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Ең алдымен шаһар басшысы Саңырақ батыр көшесі, №55 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйді көрді.
Аталған үй ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №376 Қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына» сәйкес кезекте тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамту мақсатында республикалық және облыстық бюджеттік өтінім арқылы екінші нарықтан сатып алынған. Бүгінде мұндағы пәтерлер тиісті келісім-шарт арқылы толығымен пайдалануға берілген.

– Осы үйлерге тұрғындар талай жыл кезегін күтіп қол жеткізді. Қазіргі таңда пәтердің барлығы дерлік тұруға дайын. Дегенмен, кей тұрғындар немқұрайлылық танытып, әлі де өз баспаналарына көшуге асығар емес. Бұл өз кезегінде тұрғын үйлерді жылумен және газбен өз деңгейінде қамтамасыз етуге кесірін тигізіп отыр. Себебі, осында тұруға тиіс халықтың 70 пайызы өз үйлеріне қоныстанбайынша көгілдір отын берілмейді. Бұл – тиісті заңда көзделген норма. Сондықтан пәтер иелері арасында түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізіп, заң аясында тиісті шешім қабылдау қажет. Ал жаңғырту жұмыстары барысында жіберілген кемшіліктерді мердігер компания өз мойнына алып, белгіленген мерзімде жөндейтін болады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын жеке өз бақылауына алатынын жеткізді.

Бұдан кейін қала әкімі «Ұлы дала» (15) шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен, инфрақұрылым жұмыстарымен танысты. Қазір «Ұлы далада» 22 көпқабатты тұрғын үй бойынша жұмыстар атқарылуда. Оның 4-еуі арендалық, 18-і кредиттік үйлер. Атап айтқанда, бүгінде көппәтерлі тұрғын үйлердің ішкі алаңдық инженерлік желілерінің құрылысын салу және абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылуда.

Келесі кезекте шаһар басшысы «Түйте» каналына аялдап, қайта жаңғырту жұмыстарының барысына ден қойды. Айталық, қазір «Сенім Құрылыс Сервис» ЖШС мердігерлігімен «Түйте» каналының, атап айтқанда, «Ұлы Дала» шағын ауданы мен «Бурыл» алқабы ортасындағы бір бөлігіне абаттандыру жұмыстары жүруде. Каналдың абаттандырылатын бөлігі 1738 метрді құрайды. Енді осы жұмыстар ойдағыдай аяқталса канал бойы тұрғындар сейілдейтін демалыс орнына айналады.

Сонымен қатар қала әкімі Асқаров көшесінің соңында орналасқан 16 шағын ауданға да ат басын бұрып, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы мен инфрақұрылым жұмыстарының сапасын тексерді. Қазіргі таңда аталмыш шағын ауданда 180 пәтерлі, 5 қабатты 4 тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мердігері – «Агроспецстрой» ЖШС.

Өз кезегінде шаһар басшысы қадағалау күшеймей құрылыс сапалы болмайтынын қадап айтты.

– Әрбір құрылыс тұрғындардың жайлы тұрмысы үшін жасалады. Сондықтан барлығы жоғары деңгейде жүзеге асырылып, халықтың көңілінен шығуы керек. Ол үшін құрылыстың межеленген мерзімде аяқталуы ғана емес, сапасын да естен шығармаған жөн. Мен осы туралы үнемі айтып келемін. Алайда, бұл тек менің ғана емес, құрылысқа жауапты әрбір тұлғаның ұстанымына айналуға тиіс. Қазір қала екі ауданға бөлініп, құрамына жаңа елді мекендер қосылды. Бұл тұрғын үйлерге қажеттілікті одан сайын арттыратыны белгілі. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстар сапалы әрі дер кезінде жүзеге асырылуы қажет, – деген қала әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-taraz/press/news/details/970874?lang=kk