Шахтинск тұрғыны 37 миллион теңге көлеміндегі алаяқтық үшін сот алдында жауап береді
15.04.2025 18:50:35 143Шахтинск тұрғыны 37 миллион теңге көлеміндегі алаяқтық үшін сот алдында жауап береді
Қарағанды облысында аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен 35 жастағы Шахтинск қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті қор нарығындағы ойындарға әуестеніп, тұрақты табыс көзі болмағандықтан, қылмыстық схема ойлап тапқан. Өзінің таныстарымен сенімді қарым-қатынасын пайдалана отырып, ол алдау жолымен 11 адамның қаржысын иемденген. Келтірілген жалпы залал сомасы 37 миллион теңгеден асты. Күдікті азамат салымшыларға өзінің "табысты" жобаларына инвестиция құю жоғары пайда әкелетінін уәде еткен. Кей жағдайларда ол алдау тәсілін түрлендіріп, баспана немесе дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат сұрау арқылы аяушылық сезімін тудырып, сенімге кірген. Алаяқтық құрбаны болған азаматтар уәде етілген дивидендтердің түспегенін байқап, полицияға жүгінген. Жүргізілген кешенді тергеу нәтижесінде тәртіп сақшылары 11 алаяқтық фактісі бойынша күдіктінің кінәсін дәлелдейтін материалдарды толық жинақтады. Қазіргі уақытта іс сот қарауына жолданды. Күдіктіге ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру, сондай-ақ алаяқтық жолмен алынған мүлкін тәркілеу түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/973876?lang=kk