ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ ШАРАЛАРЫН ҚАРАДЫ
15.04.2025 18:55:40 198ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек техникалық реттеу және стандарттау, метрология, аккредиттеу және сәйкестікті бағалау, сондай-ақ, мемлекеттік бақылау саласындағы бағыттардан тұратын қазіргі заманғы сапа инфрақұрылымы жүйесін таныстырды.
Техникалық реттеу жүйесін жетілдіру жұмысы 2 кезеңнен тұрады. 2018 жылы министрлік стандарттау, метрология, аккредиттеу жүйесін жетілдіруді жоспарлап отыр.
Екінші кезең ретінде 2018-2020 жылдары мемлекеттік бақылау және сәйкестікті бағалау саласын жетілдіру қарастырылады.
«Стандарттау жүйесін жетілдіру мақсатында «Стандарттау туралы» жаңа заң әзірленді. Аталмыш Заң аясында стандарттау жөніндегі ұлттық орган - автоматтандырылған жүйелер арқылы жұмыс істейтін стандарттау процестерінің бірыңғай операторы айқындалады. Жаңа тәсілдегі орталық рөл стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерге - «мемлекет-бизнес-тұтынушы» қағидаты бойынша ұлттық стандарттарды талқылау үшін диалогтық алаңдарға беріледі»,-деді Жеңіс Қасымбек.
Министр сондай-ақ, «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заңға түзетулер енгізу арқылы метрология саласында стандарттарды және өлшеу құралдарын калибрлеуді, мемлекеттік метрологиялық бақылауға жаңа тәсілдерді енгізуді тексеруден өткізу қарастырылатынын хабарлады.
2018 жылы бірыңғай нарықтық қадағалау жүйесін құру үшін «Техникалық реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы дайындалады.
Бұдан бөлек, Жеңіс Қасымбек Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі техникалық реттеудің өзара байланысты элементтерінің құрылымдық жүйесі туралы айтты. Онда барлық өнімнің 85% -ын реттейтін Одақтың 46 техникалық регламентінде бірыңғай міндетті талаптар белгіленген.
Еске сала кетейік, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті ЕАЭО сәйкестігін растау жөніндегі құжаттардың Бірыңғай тізілімін ұлттық шлюз арқылы қалыптастыру үшін ЕуразЭО-пен ақпараттық жүйелерді интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ министр техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды сақтау үшін өнімдерді мемлекеттік бақылау мәселесінің өзекті екенін атап өтті.
Фото мұрағаттан алынды
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/25861?lang=kk