АСТАНА – ПАВЛОДАР УЧАСКЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ 2018 ЖЫЛЫ АЯҚТАЛАДЫ
15.04.2025 18:55:54 275ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаевтың айтуынша, биыл Қарағадыны айналып өтетін жолды қосқанда Орталық-Оңтүстік жобасының Теміртау-Қарағанды учаскесінде құрылыс жалғасуда. Сондай-ақ, Орталық-Шығыс жобасы бойынша Астана-Павлодар-Семей-Қалбатау учаскелерінде және Бейнеу-Ақтау, Ақтөбе-Атырау, Қапшағай-Талдықорған, Астана-Петропавл, Орал-Қаменка учаскелеріндегі жалпы ұзақтығы 1,2 мың шақырым болатын автожолдарда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Өтпелі жобалармен қатар, бюджеттік қаражат есебінен ұзақтығы 511 шақырым болатын Бейнеу-Ақжігіт, Щучинск-Зеренді, Таскескен-Бақты, Үшарал-Достық, Осиновский асуы, Қостанай-Денисовка сияқты 6 жобаны іске асыру қолға алынды.
«2018-2019 жылдары республикалық маңызы бар 6,2 мың шақырым автожолға жөндей жұмыстары жүргізіледі. Соның ішінде орташа жөндеуден өткізу үшін 4,4 мың шақырым жолды реконструкциялау және 800 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр», - деді М.Пішембаев.
Келесі жылы Орталық-Шығыс дәлізінің Астана-Павлодар учаскесін, Теміртау-Қарағанды учаскесін, Саратовқа шығатын Орал-Қаменка автожолын және Таскескен-Бақты учаскелерін аяқтау жоспарланып отыр.
Биыл Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас учаскелерінде ақылы жол жүйесін құру жұмысы басталды. Оның жоспарланған жылдық жинағы 4 млрд. теңгені құрайтын болады.
2020 жылға қарай ақылы жолдан түсетін жыл сайынғы жиынтық қаржы 30 млрд. теңгеге жетеді, деген жоспар бар. Жалпы алғанда, жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 90% -ын жақсарту, І және ІІ-техникалық санаттағы автомобиль жолдарының үлесін 50% -ға дейін арттыру көзделген. Бұл жүк тасымалын 2 есеге арттыруға және жолға кететін уақытты 1,5 есеге азайтуға мүмкіндік береді.
ҚР ИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Потловтың айтуынша, 2017 жылғы қарашада Алматы-Шу учаскесінде жалпы ұзақтығы 112,37 км болатын екінші жолды салу жұмысы аяқталды. Жобаны жүзеге асыру учаскенің өткізу мүмкіндігін күніне 17-ден 68 жұп пойызға дейін арттырды және пойыздың жол жүру уақытын 1,5 есеге қысқартуға мүмкіндік берді.
2016 жылдың желтоқсан айында Құрық портында - жылына 4 млн. тонна жүк тасымалдайтын теміржол паром терминалы іске қосылды. Операциялар басталған кезден бері (ағымдағы жылдың наурызынан бастап) шамамен 1,3 миллион тонна жүк өңделді. Қазіргі уақытта жылына 2 млн. тонна жүкті өңдейтін жобаның екінші кезеңін іске асыру жалғасуда.
Биыл 6 желтоқсанда өткен индустрияландыру күні аясында Құрық портындағы автокөлік паром терминалын сынақтан өткізілді. 2018 жылы 2-ші кезең нысандарының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Жалпы алғанда, жобаны аяқтағаннан кейін Каспий теңізіндегі теңіз порттарының өткізу мүмкіндіктері жылына 26 млн. тоннаға дейін жеткізіледі.
2017 жылдың 30 мамырында жаңа «Нұрлы жол» вокзал кешені іске қосылды. Жаңа вокзал кешені 52 пойызға қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 16 жоғары жылдамдықты «Тұлпар-Тальго», 22 және 14 қала маңындағы электрлік пойыздар бар.
Орташа алғанда, тәулігіне 16 жұп, ал демалыс күндері 20 жұп пойыз өтеді. Жалпы, жаңа вокзалдың өткізу мүмкіндігі тәулігіне 35 мың жолаушыға дейін жетеді. Екі вокзал тәулігіне 47 мың жолаушыға қызмет көрсете алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/26070?lang=kk