Словакияның Сауда-өнеркәсіп палатасында экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды
28.04.2025 21:49:56 770
Братислава, 2025 жылғы 28 сәуір – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Словакияның Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Петер Михокпен кездесті.
Кездесу барысында Елші: «Біз Словакиямен қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймыз және сауда мен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін зор әлеует көріп отырмыз. Қазақстан словакиялық әріптестермен белсенді ынтымақтастыққа дайын, ал Словакияның Сауда-өнеркәсіп палатасы бұл байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарады. Біз екі жаққа да тиімді, сондай-ақ елдеріміз арасындағы достықты тереңдете түсетін нәтижелі ынтымақтастық болады деп үміттенеміз», - деді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттарын қарастырып, сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы, көлік және логистика, IT және туризм салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Словакияның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мәселесіне айрықша назар аударылды. Аталған құжат екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, экономиканың түрлі салаларында серіктестікті дамыту үшін берік негіз болмақ.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар іскерлік байланыстарды жалғастыруға және Қазақстан мен Словакия арасындағы әріптестікті дамытуға бағытталған іскерлік миссиялар мен форумдарды ұйымдастыруға ықпал етуге келісті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bratislava/press/news/details/985497?lang=kk