Қазақстан мен Оман инвестициялық ынтымақтастықты нығайтады
05.05.2025 04:03:16 110
Маскат қаласында (Оман Сұлтандығы) қазақстандық делегацияның сапары өтті. Сапар аясында Оманның негізгі министрліктерімен және инвестициялық қорларымен кездесулер ұйымдастырылды. Келіссөздерде қазақстандық тараптан ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айбол Арғынғазинов, сондай-ақ Маңғыстау және Жетісу облыстарының өкілдері қатысты.
Сапар аясында Қаржы министрлігімен, Көлік, коммуникациялар және ақпараттық технологиялар министрлігімен, Экономика министрлігімен, Oman Investment Authority Инвестициялық қорымен, Invest Oman агенттігімен, Сауда, өнеркәсіп және инвестициялар министрлігімен, Оман Сауда-өнеркәсіп палатасымен, сондай-ақ елдің бірқатар ірі компанияларымен келіссөздер өткізілді. Делегация сондай-ақ «Сохар» АЭА-ға барып, оның инфрақұрылымдық мүмкіндіктері мен логистикалық әлеуетімен танысты.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы Қазақстан мен Оман арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім жобасын дайындау мәселесі болды. Ғабидолла Оспанқұлов бұл келісім инвесторлар үшін құқықтық кепілдіктерді нығайтып, капитал салымдарын қорғауды күшейтетінін және екіжақты экономикалық байланыстарды жандандырудың негізі болатынын атап өтті. Қазіргі таңда құжат мәтінінің шамамен 70%-ы келісілген, тараптар қалған тармақтарды жедел келісу ниеттерін растады. Құқықтық база мәселелерінен бөлек, ынтымақтастықтың нақты бағыттары да талқыланды.
Кездесулердің қорытындысы бойынша Ғабидолла Оспанқұлов Қазақстан мен Оман арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтіп, бірлескен бастамаларды практикалық іске асыру кезеңіне көшу маңызды екенін жеткізді.
«Қазақстан Оманды өңірдегі перспективалы серіктестердің бірі ретінде қарастырады. Инвестицияларды қорғау туралы келісімге қол қою және бірлескен өнеркәсіптік жобаларды іске қосу екіжақты қатынастарға жаңа серпін береді. Біз омандық инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге және омандық капиталды Қазақстан экономикасының негізгі салаларына белсенді тартуға дайынбыз», — деді ол.
Қазақстан мен Оман арасындағы келіссөздер жақын арада профильді министрліктер деңгейінде қосымша консультациялар форматында жалғасатын болады.
Дереккөз: https://invest.gov.kz

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/invest/press/news/details/987840?lang=kk