«Соңғы хат» – жүрекке жеткен үн: Көкшетауда соғыс тақырыбындағы қойылымдар өтеді
09.05.2025 16:24:02 66
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Көкшетау қаласында бірқатар рухани-мәдени шаралар өткізіледі. Солардың ішінде ерекше назар аударарлық екі қойылым – «Соңғы хат» және «Сарбаздың әкесі». Бұл туындылар соғыс зардабын шынайы түрде бейнелеп, көрерменнің жүрегіне жол табатын қойылымдар болмақ.
7 мамыр күні сағат 17:00-де Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында «Соңғы хат» спектакль-концертінің премьерасы өтеді. Қойылымның инсценировкасын театрдың көркемдік жетекшісі Манарбек Қыдырбай жасап, режиссерлік тізгінді «Мәдениет саласының үздігі» Медет Хамзин ұстаған.
«Қойылымда сұрапыл соғыстың адамзат жүрегіне салған ауыр жарасы, майдан даласында қаза тапқан батырлар рухына тағзым, бейбіт өмірдің қадірі мен майданнан жеткен қаралы хаттар арқылы соғыс трагедиясы көркем бейнеленеді. Сонымен қатар, сол жылдардағы әндер шырқалып, көрерменге бейбіт күннің мәні мен құнын ұғындырады», дейді ұйымдастырушылар.
6, 8 және 10 мамыр күндері сағат 18:00-де Ақмола облыстық орыс драма театрында Сулико Жгентидің «Сарбаздың әкесі» атты пьесасының желісімен сахналанған қойылым өтеді. Бұл қойылымды театрдың бас режиссері, «Мәдениет саласының үздігі» Ольга Луцива сахналаған.
Қойылымда қарт грузин шаруасы Георгий Махарашвилидің соғысқа аттанған ұлын іздеп, майдан даласына өз еркімен аттанғаны баяндалады. Ол соғысқа жауынгер ретінде емес, әке ретінде барады. Жолында кездескен адамдардың тағдыры арқылы ол соғыстың ортақ қасірет екенін түсінеді. Қойылымда махаббат, үміт, адамгершілік, төзімділік пен әкелік мейірім секілді құндылықтар терең қозғалады.
Пьеса әйгілі режиссер Резо Чхеидзе түсірген 1964 жылғы «Сарбаздың әкесі» фильміне негізделген. Шығарма XX ғасырда көрерменнің жүрегін жаулап, бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған. Бұл – пафоссыз, шынайы әңгіме, соғыс кезіндегі адами сезімдер мен рухтың биіктігін паш ететін туынды.
Екі қойылым да Жеңістің 80 жылдығына арналған тарихи-мәдени еске алу шараларының ажырамас бөлігі. Ұйымдастырушылардың мақсаты – көрерменнің жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік, тарихи жад пен бейбіт өмірдің құндылығына деген құрметті ояту.
Іс-шараларға жастар, шығармашылық қауым өкілдері, ардагерлер ұйымдарының мүшелері мен театр өнерін сүйетін жұртшылық шақырылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-madeniet/press/news/details/991166?lang=kk