Ортақ естелік парызы: Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыста Нидерланд жерінде қаза тапқан жауынгерлерді еске алады

Ортақ естелік парызы: Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыста Нидерланд жерінде қаза тапқан жауынгерлерді еске алады

12.05.2025 10:50:48 33

Лёсден (Нидерланд), 2025 жылғы 9 мамыр – 9 мамыр – Жеңіс күні Лёсден қаласындағы «Кеңес Даңқ Аланы» зиратында Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 80 жыл толуына арналған салтанатты мемориалдық рәсім өтті. Бұл айтулы іс-шара туған жерінен жырақта қаза тапқан Қызыл Армия жауынгерлерінің тарихи жадысын сақтау мақсатындағы халықаралық гуманитарлық бастамалар тізбегіндегі басты оқиғаға айналды.

5 мамыр күні, яғни осы оқиғалардан бірнеше күн бұрын, Нидерланд аумағында 1945 жылы фашистік оккупацияның аяқталуын еске алатын Азаттық күні (Liberation Day) аталып өтті. Бұл күн елдің ұлттық күнтізбесінде маңызды дата болып саналады және ол еркіндік, бейбітшілік пен фашизмге қарсы күрескендерге алғыс білдіру құндылықтарын білдіреді. Аталған құндылықтар Нидерланд жерінде қаза тапқан кеңес жауынгерлеріне арналған еске алу шараларында да өз көрінісін табуда.

«Біз фашизмге қарсы жеңісті атап өтеміз және осы соғыстың сансыз құрбандарын еске аламыз. Сіздің еліңіз бұл жеңіске елеулі үлес қосып, соғыстан көп зардап шекті. Қазақстан үшін бұл еске алу рәсімінің маңыздылығын біз жақсы түсінеміз», – делінген Нидерландтағы Қазақстан дипломаттарына арналған шақыруда, оны Лёсден қаласының әкімі Геролф Бауместер мен «Кеңес Даңқ Аланы» қорының директоры Ремко Рейдинг жолдаған. ҚР-дың делегациясы Елші Қ.Абдрахмановтың басшылығымен қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің ескерткішіне гүл шоғын қойып, бостандық жолында ерлікпен қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің батырлығы мен жанқиярлығына құрмет көрсетті.

Лёсден қаласындағы Кеңес әскери зираты — Батыс Еуропадағы кеңес жауынгерлері жерленген ең ірі жерлердің бірі. Мұнда Қазақстаннан, Өзбекстаннан және бұрынғы КСРО-ның басқа республикаларынан шыққан 865 қызыләскер сарбазы мен офицері мәңгілік тыныш тапқан. Олардың есімдері ұзақ жылдар бойы беймәлім болып келді, тек нидерландтық зерттеушілердің, мұрағатшылар мен еріктілердің табанды еңбегінің арқасында тарихи әділдік орнап, қаза тапқандарға лайықты құрмет қайта оралды.

Биылғы рәсімге Лёсден мен Амерсфорт қалаларының мэрлері, дипломатиялық корпус өкілдері, қоғам қайраткерлері, студенттер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Қатысушылар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке өз елдері мен халықтарының атынан гүл дестелерін қойды. Рәсімнің маңызды сәттерінің бірі – нидерландтық жанашырлардың еңбегі арқасында алғаш рет жақындарының тағдырын білген қаза тапқан сарбаздардың ұрпақтарының естеліктерімен бөлісуі болды.

Аталған шара биыл Лёсден қаласында өткен бірқатар еске алу іс-шараларының кульминациялық сәті болды. Мәселен, 9 сәуір күні осы қалада 1942 жылы дәл сол күні нацистер атып өлтірген 77 кеңестік әскери тұтқынның құрметіне арналған жеке рәсім өткізілген болатын. Куәгерлердің мәліметі бойынша, олардың көпшілігі Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия республикаларынан шыққан.

2025 жылғы наурыз айында Лёсден қаласында Sovjet Ereveld Experience атты музей ашылды — бұл заманауи мультимедиялық құралдарды қолдана отырып, қаза тапқан кеңестік сарбаздардың тағдырын баяндайтын қайталанбас музейлік кеңістік. Экспозицияда соңғы жылдары өмірбаяны қалпына келтірілген қазақстандық жауынгерлердің тарихына ерекше назар аударылған. Музей Жеңістің бағасын және халықтар арасындағы гуманитарлық диалогтың маңыздылығын еске салып тұратын тарихи жадыны жаңғыртатын маңызды мәдени нысанға айналды.

Осы бастамаларды жүзеге асырып отырған «Кеңес Даңқ Аланы» қорының (Stichting Sovjet Ereveld) қызметі айрықша жоғары бағаға лайық. Мұндай жобалар тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп, елдер арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтады. Аты-жөні белгісіз сарбаздардың үнін жаңғыртып, оларға естелік, ризашылық пен бейбітшіліктің үнін қайтарады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hague/press/news/details/992746?lang=kk